25
Қараша

Әркім өзінің сауалымен /Перизат Әбілқасымқызы/ - Арка ажары (Кокшетау)

«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында филиал төрағасы, облыс әкімі Сергей Кулагин азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, мәселелерінің оң шешілуін қарастырды.
Қабылдауға «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалы қабылдау бөлімінің маманы Құмарғали Досов облыстағы ұлттық ат спортын дамыту қажеттігін айта келіпті. Ол нақты бес мәселені көтерді. Біріншіден, ипподромды қоршауға алған жөн. Екіншіден, ұлттық спорт түрлерін барынша дамыту қажет. Үшіншіден, тым болмаса, мереке күндері сол ипподром жаққа баратын қоғамдық көлік мәселесін оңтайлы шешу. Облыстық ат спорты федерациясының жұмысын да жандандырып, келген қонақтардың аттарын қоятын атқора салу керек деген уәж де айтылды. Өтінішті мұқият тыңдаған өңір басшысы кезінде атшабарды Аққайың, Дорофеевка және Зеленый бор маңына салу жағы қарастырылғанда, ең ұтымдысы ретінде облыс орталығының іргесі таңдалып алынғанын еске алды. Ал, атқора салуды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында шешу жолдарын қарастырған дұрыс. Ол бұл мәселелерді сол жерге барып, жан-жақты зерттегеннен кейін ғана нақты жауабын беретінін жеткізді.
Бірінші топтағы мүгедек Еркін Ғаббасовты мазалайтыны – баспана мәселесі. Үш баласы бар, арбаға таңылған мүгедек аядай ғана бір бөлмелі пәтерде уақытша тұрып жатыр. Кезекпен алайын десе, кезекте 2027-ші болып тұрған оған жақын арада пәтердің бұйыра қоюы екіталай. Облыс әкімі бұл жағдайдан шығу жолдарын тек заң аясында қарастырып көруге уәде етті. Щучинск қаласынан келген Бикамал Асқарованың да алқымынан алып тұрған осындай жағдай. Кезінде жекешелендіріп алған екі қабатты үйдің екінші қабатында тұратын оның жолдасы да мүмкіндігі шектеулі жан. Отын-көмір мен су тасу шаруасы жас ұлғайған сайын қиындап барады. Аймақ басшысы бұл тұрғыда түйткілді мәселелері көп қалаға жаңа жылу қазандығының қажет екендігін айта келе, осы өтінішті шешудің жолдарын қарастырып көруге тырысатынын айтты.
Ал, бір басында бірнеше
ауруы бар Меңдіғали Алшынбаев мүгедектігін рәсімдеуге барғанда тосқауылдардың көп болғанын тілге тиек етті. Ол өзінің мүгедектігін анықтай алмауын онда отырған арнайы мамандардың жауапсыздығынан деп санайды. Мәселенің мәнісін түсіндіру былай тұрсын, кемсітіп, төмендетіп, менсінбегендіктері үшін ақсақал оларға ашулы. Оның үстіне, мүгедектік зейнетақысының үстіне арнайы баспана жәрдемақысының төленгенін қалайды. Өңір басшысы аталған мәселені жан-жақты зерттеп, бейтарап шешім қабылдайтын жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Кездесуді қорытындылаған филиал төрағасы Сергей Кулагин халықтан түскен әрбір өтініштің орындалуының жіті назарда ұсталатындығын жеткізді.
 
Дерекнама - Арка ажары (Кокшетау), № 136 (17547), 20.11.2014