Елімізде ірі мұнай келісімшарттары бойынша ұлттық мүдделерді қорғау үшін жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкіміне сілтеме жасай отырып. Құжатта көрсетілгендей, жұмыс тобына мұнай өндіруші компаниялармен өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) бойынша болашақ соттарда Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. (https://inbusiness.kz/ru/news/pravitelstvo-kazahstana-gotovit-komandu-dlya-sudebnyh-tyazhb-po-srp-kontraktam)
Еске сала кетейін, Конституцияға «Жер жəне оның қойнауы Қазақстан халқына тиесілі» деген норма енгізілгеннен кейін 2022 жылдың 15 маусымында «Ақ жол» демпартиясы қара және түсті металл рудаларын, мұнай және газ кен орындарын өндіруді қоса алғанда, ірі шетелдік инвесторлармен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын жұртшылық үшін ашық етуді және шикізат гиганттарымен жұмыс аясында, импортты алмастыру және жер қойнауын пайдаланушылар қолданатын техника мен жабдықтарды өндіруге технологиялар мен лицензияларды беру сияқты офсеттік саясат шаралары, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету арқылы отандық өндірісшілердің мүддесін қорғау жөнінде Үкіметке сауал жолдаған болатын. (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-dempartiias-kmetten-r-sheteldk-investorlarmen-mnaj-gaz-zhne-metall-resurstarn-ndru-tural-kelsmn-sharttarn-hal-aldnda-ashud-talap-ett)
Ал, биылғы жылдың 12 сәуірінде Премьер-Министр Ә.Смайыловқа жолданған депутаттық сауалында «Ақ жол» демпартиясы осы мәселелер бойынша инвесторлармен Үкіметтің келіссөздер тобына, өз депутаттарымызды қосуға дайын екенімізді айтқан едік. (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-ban-dejng-mnaj-gaz-salasnda-sheteldk-investorlarmen-zhasrn-zhasalan-kelsmsharttard-hala-zhariia-etud-talap-ett)
2023 жылғы 17 мамырда келген жауапта Ә.Смайылов ӨБК енгізудің барлық мәселелерін жан-жақты зерделеу және тиісті ұсыныстарды әзірлеу үшін Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың және Парламент депутаттарының өкілдерін қоса отырып, Жұмыс тобы құрылатынын хабарлады. (https://t.me/peruash/9007).
Әзірше ақпаратта жұмыс тобының құрамына Премьер-Министр, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі, Энергетика министрі, Әділет министрі, «PSA» ЖШС бас директоры (келісім бойынша) кірді деп жарияланған, ал Парламент депутаттары туралы бір сөз жоқ. Сондықтан біз өз өкілдерімізді осы жұмыс тобына қосуды талап етеміз.