15
Тамыз

Шәмші Қалдаяқовты еске алу: Шымкентте аңыз композитордың 94 жылдығына арналған іс-шара өтті

15 тамыз 2024 жыл, Шымкент қалалық филиалы

Бүгін қазақ халқының сүйікті композиторы, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл толды. Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Өзінің шығармашылық жолында ол 300-ге жуық музыкалық туынды жазып, қазақ музыкасының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан.

Шәмшінің есімін мәңгілікке сақтау мақсатында Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы аллеясында арнайы еске алу шарасы өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Иса Қазыбек Жарылқасынұлы қатысып, композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шәмшінің шығармашылығына деген зор құрметін білдірген Қазыбек Иса тебірене өлең оқыды. Сондай ақ, ол ұлы композитордың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін ерекше бағалап, оның әндері әрқашан халық жадында қалатынын атап өтті.

Бұл шараға сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП сайлаған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ноян Төлегенов, «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Дәурен Босымбаев және басқа да қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар Шәмшінің мәңгілік мұралары туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, оның музыкасы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетінін атап өтті.