Ана тілім туралы біраз айтып келемін, кейде көбірек көбіктендіріп жібергендей көрінемін, бірақ, бәрібір, аяулы тіліміз өгізаяңынан арыла алмай жүргенде, тағы бір жат жабағыны тіркеп, аяғына тұсау салғанымыз арқама аяздай батты... Шындап келгенде, ұлтымыз бен тіліміздің жаулары алыста емес, өз арамызда екен. Бұрын да мұны іштей сезетінбіз, түсінетінбіз, ұғатынбыз. Десе де, баяғы қазақи кешірімпаздығымызға салып, «түбі бір оңалар» деп қоя салатынбыз. «Шыдамның да – шегі бар», дәп бұл жолғы арамзалыққа шыдап тұра алмадық.
Мәжілісші Азат Перуашев ауылдан қалаға күнкөріске келген қазақ жастарына шағын тұрғынүйлер салу мәселесін көтеріп еді, әлгі орыстар мен орыстілді қазақтар және басқалар бөрінің артындай шулап шыға келді. Сонда іштерін тесіп бара жатқан қызғаныш-қорқыныш – қалаларда қазақтар көбейіп кетеді деген үрей.
Қаламының уыты бар журналист ағам Шархан Қазығұлдың уәжіне айызым қанып, біраз байыз таптым: «Халықты шөлді жердің масасы сияқты шуылдата беру көбейіп барады. Бұл жақсы үрдіс емес. Тіл төңірегіндегі тақырып та «тілін тартатын» түрі жоқ. Білім және ғылым министрлігінің позициясын құптай алмаймын. Әлі социалистік «подходтан» әрі аса алмай отырғанымыз жанға батпай қоймайды. Министрліктің қазіргі позициясы Сталиннің «коллективтендіру» саясатымен пара-пар саясат. Барлық қазақты ағылшынша өлсең де – сайрата алмайсың. Бұл – прожекторизмнің классикалық үлгісі. ...Қай қазаққа ағылшын тілі ауадай қажет – олар биліксіз де меңгеріп жатыр. Қазақ халқының ұл-қыздары соншалықты ақымақ емес. Өмір мен заманға бейімделудің шартты рефлексі баяғыда-ақ қалыптасқан. Индивидуальды түрде. Мәселеге осы тұрғыдан қарауды мақұлдау керек. Керек десеңіз, билік осыған ықпал жасауы қажет. Орта мектепте ағылшын тілін жаппай оқыту – абсурд. Біз өзінің территориясы бар, бекітілген шекарасы бар, тілі бар, ділі бар, салт-дәстүрі мен бір басынан асып жатқан байлығы бар – Қазақ деген елміз. Елді көркейту үшін жаппай «инглиштендірудің» қажеті жоқ. Өйткені, алдымен қазақ жерін ұлы мемлекетке айналдыратын адамдарды дайындауымыз керек. Ол – қазақ тілі арқылы жүзеге асырылады. Жаппай «инглиштендіру» саясаты – барлық қазақты АҚШ пен Батысқа гастербайтерлікке жіберу мақсатын қойып отыр. «Елде еңбек ету үшін ағылшын тілін білмесек, арам қатамыз» деген кім? Маразмның нақ өзі! Ел болатын ел – елдігіне қам жейді, «елдің ішін қалай ретке келтіремін» деп қайғы жейді. Қазақ тілін бейшара қылып көрсеткенді толық және түпкілікті қою керек. Тақылдап тұрған тілді «жұтаң» деп жүргендердің өздері бейшара! Қазақ тілінің құдіретін білу үшін әріпті емес, дыбысты оқыту керек. Дыбысты дұрыстамай, сауатты қазақ болу мүмкін емес. Бірінші сыныпқа барған балаға «Әліппені» оқытқанда, ең алдымен, дауысты дыбыстағы әріптерден бастап оқыту керек. Туын сүйгенде ғана еңкейетін қазақты жаппай «инглиштендіру» – тізерлете алмайды. ЕЛ БОЛАМ ДЕГЕН ЕЛ «инглиштан» бұрын,«ӘЛІППЕНІ» ОҚЫТАДЫ». Осылайша осыпты Шархан ағам! Еститін құлақ, түйсінетін сана болса, аз сөз емес, кем запыран емес. Ішіңді алай-дүлей қылатын қара боран іспетті... Демек, қалаларда қазақтар көбейсе, Қазақ Елінің барлық ірілі-ұсақты қалалары жаппай қазақ тілінде сөйлейтін болады, жат елдің тілінде сөйлейтіндердің тыныстары тарыла түседі, мемлекеттің тілін менсінбейтіндер мүмкіндіктері мұқалып, қазақ тілін білмейтіндердің тамақ табу дәрежесі мен деңгейі азая береді. Бұл байғұстардың бар уайымы – осы – құлқынның қамы! Алдымен, Елбасы мемлекеттік іс қағаздарын латын әліпбиіне ауыстыру туралы айтып еді, қазақ жеріндегі орыстілділер мен мыңсан мәңгүрттер, тіпті, Кремльдің асыранды иттерінен бастап, орыс деревнясындағы 24 сағат ес жимайтын маскүнемдерге дейін өре түрегеліп, өрт тигендей өлермендікпен қарсы шықты... Артынша мәжілісші Азат Перуашев ауылдың қазақ жастарына шағын тұрғынүйлер салу қажеттігін тілге тиек етіп еді, әлгі басқыншының тілінде былшылдайтын боркеміктер тағы да тері тартқылаған қаңғыбас қандектердің кейпіне түсті... Бірақ, меніңше, біз өз ішіміздегі жауларымызды (иісі «қазақ» дегенге қарсы шығатын шерменделерді) жоймасақ, тілдегі тұсауды шеше алмаймыз. Неге десеңіз, жаудан ар мен ұят іздеудің өзі – артық!
Қажымұқан Ғабдолла
Деректеме - Qamshy.kz