Зан газетi (Алматы), № 57 (2451), 22.04.2014
Жақында Ресейдің Федерация кеңесінде шетелдіктерді орыс тілін, тарихы мен Ресей заңнамаларының негізін білетінін нақтылауды міндеттейін заң жобасы мақұлданды. Кез келген шетелдікке өз тілін білуді міндеттейтін заң көптеген мемлекеттерде бар. Біздің мемлекетке сырттан уақытша жұмыс істеуге келгендерге немесе инвесторларға, болмаса ұзақ мерзімге тұруға ниеттенушілерге мемлекеттік тілді білулерін міндеттейтін заң жобасы керек пе?
Жомарт Айтқазы, Ұлт.kz порталының атқарушы директоры:
- Елімізге келмек ниеттегі ағайынға мемлекеттік тілді білуді міндеттеу, меніңше, қисынсыз. Айталық, әлемде қандастарын қабылдап отырған 4 ел болса, соның бірі - Германия.
Сол елдің азаматтығын алғың келсе, тілін білуің міндетті. Басқа елдегі немістерді білмеймін, бірақ біздің Жетісу өңірінен кеткен немістердің Қазақстанға қайта оралып жатқанын жарыса жаздық. «Қонақжай қазақ бауырларын сағынған екен, қимай қайта оралыпты» дестік. Шындығында, соның көбі еуропалық ертегі өмірді аңсап барып, туған тілін білмегендігінен қайта оралып жатты. Қартайғанда тіл үйрену оңай ма? Ал, алдағы аз жылда жиырма миллионға жету межесін қойған біздің жағдайға бұл талап тиімсіз дер едім. Елге оралғандардың арасында өз қандастарымыз көп. Олардың біразы Моңғолия, Қытай, Өзбекстан секілді көршілес елдерден. Олар қазақ тілін таза біледі. Тіпті, сол қандастарымызды орысы қалыңдау облыстарға орналастырып, ортаны қазақыландыру үрдісін жүргізуді де қолға алғалы отырмыз емес пе?! Елге келетіндерге емес, мемлекеттік тілді елдегі барша азаматтарға міндеттеп, қазақ тілін қазіргідей базар мен ошақ басының тілі ғана емес, биліктің, бизнестің, елдегі барша азаматтың тіліне айналдыруымыз керек. Туған жерімізде туған тіліміздің түтінін түзу ұшыра алмай жүріп, өзге елден келгендерге тіл білуді міндеттеу, бір жағынан күлкілі ғой. Тіл - ұлттың иммунитеті. Иммунитет әлсіресе ұлттың саулығы да сын көтермеуі мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік тілге мұқтаждық орнатуымыз тиіс. Сонда шеттен елге жұмыс іздеп болсын, нәпақа табу мақсатында болсын, қандай мүддемен келсе де ол азамат еріксіз қазақ тілін үйренеді. Еңбек мигранттарын, күнін көруге сырттан келетін шетел азаматтарын қазақ тіліне міндеттеу керек деген мәселе дәл қазіргі уақытта қанша қаласақ та, мүмкін емес нәрсе. Өйткені, біз ең бірінші кезекте ішкі жағдайды қалыпқа түсіруіміз керек. Өз елінде гейдің күнін кешіп отырған қазақ тілінің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік тілді міндеттеудің тетіктерін біз өз арамызда қалыптастырған жоқпыз. «Тіл туралы» заңның қабылданғанына биыл ширек ғасыр болса да оң шешімін таппай келеді. Қазақ тілі тек қазақтардың тілі ғана емес, мемлекеттік тіл, сондықтан, елімізде тұратын барлық Қазақстан азаматтары тілді білуі міндетті. Ол үшін өздігінен үйренгісі келмейтіндерге заңды қатайтып, талапты күшейту керек. Мысалы, мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білуді әлі де міндеттей алмай келеміз.
Мақсат Жақауов, «Ақ жол» ҚЦП төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы:
- Бүгіндері Кедендік одақтың келісім аясында бұл өз алдына өзекті мәселе болып тұр. Себебі, Ресей Үкіметінің басшысы Медведьевтің тұсында осы мәселе өз шешімін тапқан болатын.
Бірақ, солтүстік көршіміздің әтешінің шақыруына қарай оянатын біз үшін, неге екенін қайдам, дәл осы тәжірибенің қолға алынбай тұрғандығы таңғалдырады. Өйткені, кез келген еуропалық мемлекетте мейлі, Еуропалық Одақ аясында болсын, жергілікті елдің бүкіл құндылықтарымен таныс болуын, тілін білуін міндеттейді. Германияда жүрген Марокконың не Түркияның азаматы қызмет көрсету саласында еңбек өтіліміне барса, әлбетте, неміс тілін меңгеруі тиіс. Онсыз оған медициналық сақтандырумен қатар, еңбек ету құқықтарының мүмкіндіктері қамтылмай қалады, сотта құқықтары қаралмайтын жағдайға ұшырайды. Қанша еңбек ету еркіндігі ЕО келісімінде тайға таңба басқандай жазылса да, олар жергілікті елдің мүдделерін сыйлатуды ұмытпаған.
Жергілікті елдің барлық ақпаратын білу, тілін меңгеру, құндылықтарынан хабардар болу, ділі мен діни сеніміне мән беру табыс табамын деп келген шетелдікке міндетті болу өркениетті жолдардың бірі. Өйткені, бүл бір жағынан сыртқа оңай капиталдың да шықпауына тоқсауыл болатын жағдай. Арзан еңбек күштері мен қызмет көрсету саласына жауапкершілік арттырамыз, себебі, тек қана табыс көзінің елі болмауы тиіспіз. Сонымен қатар, біздің елдің тыныс-тіршілігімен санасуға, заңсыз жолмен пайда табуды шектейтін, көлеңкелі кәсіпкерлікті алдын алатын, іскерлік этиканың орнауын жүйелейтін кеңістік жасауымыз керек. Бизнесте нәтижелі әрекеттер өзара әріптестіктің құндылықтарымен саяси мәдениеттің негізінде құрылады. Сондықтан, капиталды табу, инвестиция құюды көздеген шетел азаматтары мен компанияларына, егер біздің елде қарқынды мерзімде жұмыс істеуге келетін болса, міндетті түрде біздің бар құндылықтарымыз бен болмысымызды құрметтеуден, ескеруден, білуден құр қалмайтын жағдайлар заңнамалық негізде жасауымыз керек. Кезінде, сырттан келетін әрбір тауардың сыртына мемлекеттік қазақ тілінде аудармасымен келуі туралы талаптарды орнаттық па, дәл сондай талапты еңбек етуші шетелдіктер мен компанияларға қоятын уақыты жетті деп ойлаймын.