26 қыркүйек 2020 жыл, "Ақ жол" партиясының Шымкент қалалық филиалы
Бүгін Шымкент қаласында «Ақ жол» партиясының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы филиалдарының бірлескен жиыны өтті. Жиынға Түркістан облысында іс сапармен жүрген «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев бастаған партия депутаттары, шағын және орта бизнес өкілдері, дәрігерлер, алдағы депутаттық сайлауға үміткер азаматтар қатысты.
Жиынды партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов ашып, Қазақстанның үшінші мегополисінде партия филиалының ашылғаны көп бола қоймаса да саяси белсенділіктері артып, партия қатарына өтуге ықылас танытып жатқан жергілікті тұрғындар көп екенін атап өтті. Әлімхан Досыбайұлының айтуынша, соңғы екі айда «Ақ жол» партиясының қатарына кіргендер саны 5 мыңнан 21 мың адамға дейін артқан. Олардың басым бөлігі жас кәсіпкерлер мен медицина қызметкерлері екен.
Жиын барысында партия жетекшісі Азат Тұрлыбекұлы «Ақ жол» партиясының алға қойған мақсаттарын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Сондай-ақ, коронавирус індетімен күресіп, адамдардың өмірін сақтап қалуға жан салып еңбек еткен дәрігерлерге алғысын білдіріп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау жасап, түрлі материалдық көмек берген кәсіпкерлерге ризашылығын жеткізді. COVID-19 індеті кезінде жанқиярлық ерлік жасап, қайырымдылық көрсеткен дәрігерлер мен кәсіпкерлердің еңбектерін елеусіз қалдырмау мақсатында Шымкент қаласындағы бірқатар ақ халатты абзал жандар мен бизнес өкілдеріне, атап өтер болсақ, «Медикер» клиникасының директоры Бақытжан Позиловқа, осы клиниканың медбикелері Рахила Қазақбаева мен Әсел Садуақасоваға, «Денсаулық» клиникасының реабилитологы Айна Бакееваға, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар емханасының эсперті Талғат Нұғмановқа, «Korporatsia Tekti» корпорациясының директоры Ноян Төлегеновке, «World Claass» фитнес клубының меңгерушісі Тұран Абжановқа, «Авто-Капитал-77» ЖШС директоры Жамалбек Жораевқа, жеке кәсіпкер Райхан Илесоваға Азат Тұрлыбекұлы «Ақжол» партиясының Президиумы атынан «Жанқиярлық күресі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Олардың ішінде «Денсаулық» клиникасының реабилитологы Айна Әлмұратқызы – індет кезінде күллі қазақстандықтарға үндеу жасап, Денсаулық сақтау министрлігінің еліміздегі коронавирус дертіне шалдыққан адамдарды медициналық емдеу хаттамасын өзгертуге бастама көтеріп, жаңа емдеу шараларын ұсынған белгілі дәрігер. Мұндай ерен еңбегі үшін «Ақ жол» партиясы Шымкент филиалының төрағасы дәрігерге өз атынан «World Claass» фитнес клубының «арнайы абономент» сертификатын тарту еткен болатын. Дәрігер бір жол бойы аталмыш фитнес клубта тегін қызмет алады.
Ал «Ақ жол» партиясының Шымкент қаласындағы жалғыз мәслихат депутаты Евгений Хван «Халыққа адал қызмет еткені үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге, Азат Тұрлыбекұлы 20-ға жуық кәсіпкерлер мен жастарға «Ақ жол» партиясының мүшелік билетін табыс етті.
Жиын соңында партия төрағасы кәсіпкерлер мен алдағы депутаттық сайлауға үміткер азаматтардың түрлі тақырыптағы сауалдарына жауап берді.