29 наурыз 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы ұсынатынын айтты.
«Мен Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді.
«Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ, өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» демпартиясы Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керектігінін бірнеше рет ұсынған.
- Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз Үкіметінің жетістіктері мен кемшіліктеріне де жауапты болады, - деген еді биылғы жылдың 9-наурызында Азат Перуашевтың Алматыда өткен «Ақ жол» демпартиясы жақтастарының митингіде сөйлеген сөзінде.
Дәл осындай талап «Ақ жол» демократиялық партиясының Саяси бағдарламасында да бар.