29
Тамыз

Қызылорда облыстық филиалы Алаш қайраткерлеріне арналған «ЖАС АЛАШ. ШЫНДЫҚ ШЫРАҒЫ» атты қойылымға демеушілік жасады

29 тамыз 2025 жыл Қызылорда облыстық филиалы

29 тамызы күні Сыр сахнасында Қызылорда қалалық жастар театрының Алаш қайраткерлеріне, олардың өмір жолына арналған, Алаш арыстарының,  жұрты үшін жан берген Ахметтің арманы, Міржақыптың мұраты мен асқақ армандары баяндалған «ЖАС АЛАШ. ШЫНДЫҚ ШЫРАҒЫ» атты тарихи драмасының алғашқы премьерасы өтті.

Қойылымның көрермен алдына шығуына «Ақ жол» партиясының Қызылорда облыстық филиалы өз үлесін қосып, демеушілік жасады және партия өкілдері премьераны тамашалауға қатысты.

Тарихи драманың қойылымына Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Дулатқызының қызы - медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Әбенқызы Сатыбалдиева арнайы келді.

Аталған қойылым Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы құрметіне арналды. Тағылымы мол қойылымда Алаш арыстарының, оның ішінде Міржақып Дулатұлының отбасылық өмірдегі құндылықтары мен білім жолындағы ізденістері, ұлтқа қызмет жолындағы ұлы мұраты мен асқақ армандары баяндалды. Сондай-ақ, елдік пен теңдік жолындағы Алаш арыстарының арман туын көтеріп, күллі қазақ халқының қалауы болған «Қазақ» атын қайтарған – Қызылорда қаласы мен сол жылдары Қызылордада өмір сүрген Алаш арыстарының өмір жолы мен олардың отан үшін көрген соқпағы мен тоқпағы, достың сатқындығы суреттелді.

Театр директоры Нұрмат Мансұр қойылым алдындағы өткен баспасөз конференциясында қойылымға «Ақ жол» партиясының демеушілік жасағандығын атап айтты және қойылым соңында да тарихи драманың көрермендерге жол таруына демеушілік жасаған меценаттар қатарында «Ақ жол» партиясының да аты аталды.

Қойылым соңында Міржақып Дулатұлының немересі Жанат Әбенқызымен тілдесіп, Алаш арысының ұрпағының қолынан ұстап ерекше әсерге бөлендік және Міржақып пен Ахмет рөлін сомдаған әртістермен естелік суреттерге түстік.