ҚР Премьер-Министрдің
бірінші орынбасары
Р. Склярға
Қазіргі уақытта «Оператор РОП» ЖШС түріндегі олигополия қатысушыларына қатысты резонансты сот процесі жүріп жатқаны баршаға аян.
«Ақ жол» фракциясы «Оператор РОП» қызметінің заңға қайшы екендігі туралы сол кездегі Үкіметке сонау 2017 жылы ресми сауал жолдағанымен, мемлекеттік органдар іс жүзінде бұл заңсыздыққа бірлесе көз жұма қарап, ЖШС-нің шетелдік басшылары Парламент басшыларына «Ақ жол» партиясы депутаттарының үстінен жалған арыз жазып еді.
Бүгінгі таңда РОП функциялары «Жасыл Даму» АҚ-на берілгенімен мәселе жойылған жоқ.
«Ақ жол» демпартиясына кәсіпкерлер хабарласып, Экология департаменттері 2019-2021 жылдарға арналған утилизация төлемдерін (утильалым) төлемегені үшін әкімшілік айыппұл салғанын айтуда.
Мұндай өндіріп алу заңсыз болып табылады, өйткені «Жасыл Даму» АҚ-ның реквизиттері оларға тек 2023 жылы ғана берілген, ал утилизация төлемдері талап арыздар қойылғанға дейін төленіп қойған.
Оған қоса, олар Президенттің тексерулер жүргізуге мораторий енгізу туралы Жарлығын бұзып отыр.
Бүгінгі күні осы негіз бойынша 690-нан астам кәсіпкерлік субъектілері жауапкершілікке тартылған деп хабарлануда.
Нақ осы кезеңде Оператор РОП-тың заңсыз әрекеттері әшкереленіп, оның функциялары аталған АҚ-на берілгенін ескерген жөн. Реквизиттердің кешіктіріліп берілуі де осы трансформацияға байланысты.
Бірақ, процесті ұйымдастырудың ішкі проблемалары үшін неге бөгде тұлғаларға айыппұл салынуда?
«Чапаев» фильміндегі «Қызылдар келді – тонады, ақтар келді – тонады» деген кедейдің сөзі ойға оралады.
Экология департаменттері тағылған заңбұзушылық жағдайларынан кейінгі (2019-2021), яғни, Үкіметтің 2021 жылдың соңында (25 қазан) бекітілген (№ 763 қаулысы) РОП-ты жүзеге асыру Қағидаларына сілтеме жасайды. Бұл заңсыз ғой.
Аталмыш әкімшілік хаттамаларды, тіпті ескерту түрінде де шығару кәсіпкерлерге тікелей зиян келтіреді, себебі, бұл бизнесті автоматты түрде салықтық тексерулер және мемлекеттік сатып алу мен ұлттық компаниялардың сатып алуларына қатысуға шектеу түріндегі тәуекелдің жоғары дәрежесіне (СУР) көшіреді.
Сонымен қатар, РОП аясындағы техниканы утилизациялауға арналған «RecyclingCompany» ЖШС зауыты екінші жыл жұмыс істемей тұр, себебі, «Оператор РОП» ЖШС қатысты қылмыстық іс аясында кәсіпорынға тыйым салынған.
Алайда, утилизация жүргізіліп жатпағанымен «Жасыл Даму» АҚ азаматтар мен бизнестен утильалым алуды жалғастыруда.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің мәліметінше, қазіргі оператор кәсіпорын жұмысының тоқтауы мен тергеудің жүріп жатқанын сылтау етіп, 4 ай бойы өндірушілерге түскен қаржыны үлестірмеген, алайда, бұл оның өзіне жоқ утильалымды жинауына еш кедергі келтірмеуде.
Сондықтан, атышулы утильалымнан түсіп жатқан миллиардтаған қаржы тағы қайда кетіп жатыр деген сауал туындайды?
Осы орайда Индустрия министрлігі жеңілдетілген автонесиелерді 4 пайызбен қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылдады. Утильалым жүйесі қазақстандық көліктердің өндірісі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілгені белгілі. Бірақ шенеуніктер мұны ұмытып кеткен сияқты.
Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы талап етеді:
1) Әкiмшiлiк құқық бұзушылық фактiсi анықталғанға дейiн утильалым төлемiн төлеген кәсiпкерлердi әкiмшiлiк қудалауды тоқтату, оларға қолданылған санкцияларды, оның iшiнде ескертулердi жою;
2) «RecyclingCompany» ЖШС қызметі тоқтатылған кезеңде автокөліктер мен техникаларды утилизациялау үшін жиналған қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялап, аталған зауыттың қызметін қалпына келтіру мерзімдері туралы ақпарат беру;
3) 4% мөлшерлемесімен автонесие беруді жалғастырып, осы мақсаттарға утильалымның пайдаланылмаған қаражаттарын қосымша бөлу;
4) Тіпті, болмаса, көліктерді утилизациялау зауытының тоқтап тұрған кезеңінде утильалым төлемін тоқтатуды қарастыру.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары