04
Қазан

04.10.2023

“Ақ жол” Демпартиясы банктер шығарған 6 триллионды қайтаруды талап етті

Премьер-министр Ә.А.Смайыловқа

 

 Ұлттық банк төрағасы

Т.М.Сүлейменовке

 

Қаржы нарығын реттеу және

дамыту агенттігінің төрағасы

М.Е.Әбілқасымоваға

Бұқаралық ақпарат құралдарында Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметі бойынша 2009-2020 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерді құтқаруға бөлінген жалпы 8,2 триллион теңгенің тек 1,9 триллион теңгесі ғана банктер тарапынан қайтарылғаны туралы ақпарат жарияланды. Яғни, еліміз мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін қаражатқа мұқтаж болып тұрса да, банктер әлі күнге дейін 6 триллион теңгеден астам қаржыны сол күйі қайтармаған

Одан бөлек, ұсынылған кестеге сәйкес Ұлттық қордан бөлінген қаржы  7 қазақстандық банкке аударылып, пайыздық үлесте келесідей көрініс табады: Halyк Bank-62%,  Jusan- 22%,  Forte -5%, қалған 11 % RBK, Eurasian, Centr credit, Nur bank өзара бөліскен. Осылайша, банктерге деген мемлекеттік көмектің негізгі бөлігі нақты таңдаулы банктерге бөлінген. Бұл фактілер үлкен сұрақтарды тудырады.

Дүниежүзілік банк сарапшылары атап көрсеткендей, мемлекеттік қаражатты міндеттемелерді белгілемей пайдалану әділетсіз тәжірибе екенін атап өткен жөн. Бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігі мен ашықтығына үлкен күмән туғызады. Бұл мемлекеттің банк секторына қатысты теңгерімсіз саясатты аңғартады.

Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы:

1) ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратты тексеріп, Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметтерін растауды немесе жоққа шығаруды сұрайды.

2) Егер ақпарат расталмаса:

- неге осы уақытқа дейін мұндай ақпаратты мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары жоққа шығармаған?

3) Егер бұл ақпарат рас болса:

1) Халықтың алты трлн. қыруар қаржысын желге шашқаны үшін нақты кім жеке басымен жауап береді?

2) Мемлекеттік органдар, ең алдымен Ұлттық банк бұл қаражатты қайтаруға қажетті шараларды атқарып жатыр ма?

3) Қаражатты жай қайтарып қана қоймай,  инфляцияны ескере отырып, оған Ұлттық банктің осы жылдарда жинақталған базалық мөлшерлемесін де қоса қайтару қажет деп санаймыз.

4) Бұл мәселені заңсыз шығарылған активтерді қайтару шеңберінде қарастыру қажет деп санаймыз.

5) Аталмыш ақпарат банк секторының мүдделерін қамтитындығын ескере отырып, банк қауымдастығынан да Қаржыгерлер қауымдастығы арқылы түсініктеме беруді сұраймыз.

Құрметпен,  

«Ақ жол» фракциясының депутаттары