24
Қыркүйек

24.09.2025

«Ақ жол» демпартиясы бүкіл ел бойынша АСР-ды 2% дейін төмендетуді талап етті

ҚР Премьер-министрі

О. Бектеновке

Барлық облыстардың, сондай-ақ елорданың, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдері мен маслихат төрағаларына

2023 жылы Салық кодексіне бөлшек сауда салығы режимі енгізілді. Бұл құрал өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді — дағдарыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру кезінде жұмыс орындарын сақтап, салық жүктемесін азайтып, мыңдаған кәсіпкерлерді құтқарып қалды.

Жергілікті мәслихаттарға мөлшерлемені 50 пайызға төмендету құқығы берілді. Алайда, бастапқыда жергілікті атқарушы органдар бұл мүмкіндікті пайдалануға құлықсыз еді. Тек Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардағы «Ақ жол» демпартиясы депутаттарының табанды сауалдарынан кейін ғана Алматыдан басқа барлық облыстар бөлшек сауда салығын төмендету туралы шешім қабылдады.

Сонымен бірге, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бөлшек сауда салығын 4 пайыздық мөлшерлемені құрайтын оңайлатылған салық декларациясы негізіндегі арнаулы салық режиміне (АСР) ауыстыратын жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оған қоса, жергілікті өкілді органдарға енді тарифті 50 пайызға төмендетіп қана қоймай, оны арттыру құқығы да берілді.

«Ақ жол» фракциясы бұл фискалдық мәселеде ШОБ үшін елеулі қауіп бар деп санайды. Бюджет тапшылығы жағдайында, кейбір өңірлер АСР мөлшерлемесін төмендетудің орнына, керісінше арттыруы мүмкін. Нәтижесінде бұл салық кейбір аймақтарда 2 пайызға, ал, басқаларында 6 пайызға жетіп, үш есеге өспек.

Біздің пікірімізше, бұл мемлекеттің біртұтас экономикалық саясатының унитарлық сипатын тікелей бұзу болып табылады. Кәсіпкерлерге салық салудағы мұндай теңгерімсіздік бизнесті жүргізудің әділеттілік және теңдік қағидаттарына да қайшы келеді.

«Ақ жол» фракциясы Салық кодексінің жобасын талқылау барысында-ақ бүкіл ел бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді ұсынды. Өкінішке орай, Үкімет бұл ұсынысты қабылдамады.

Тағы бір күрделі мәселе бар. Салық кодексінің 726-бабында мәслихаттардың мөлшерлемені түзету туралы шешімі ол қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылының 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы тиіс деп белгіленген. Салық кодексінің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін ескерсек, онда 2026 жылға АСР өзгерту құқығы мүлдем қолданылмайды. Осылайша, шағын және орта бизнес жаңа кодекс қолданысқа енгізілген бірінші жылдың өзінде салықты төмендету мүмкіндігін пайдалана алмайды.

Жаңа Салық кодексі жалпы алғанда салық ауыртпалығын қатаңдататынын ескерсек, 2026 жылдың аталмыш норманың қызмет аясынан тыс қалуы шағын және орта бизнеске, соның салдарынан ел экономикасына үлкен зиян келтіруі мүмкін.

Кәсіпкерлердің екі жақты соққыға ұшырауына жол беруге болмайды: бір жағынан, салық жүктемесінің артуы, екінші жағынан, мәслихаттар құқығын қайта жаңғыртатын бюрократиялық коллизия.

Осыған байланысты Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы мыналарды ұсынады:

1. Жаңа Салық кодексіне мәслихаттарға оңайлатылған декларация негізінде салық мөлшерлемесін түзету туралы шешімді 2026 жылдан бастап, оның ішінде ретроспективті қолдану арқылы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу.

2. Еліміздің барлық қалалары мен облыстарының әкімдері мен жергілікті мәслихаттарына биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін аумақтарыңыздағы АСР көрсеткішін 2 пайызға дейін төмендету туралы шұғыл шешімдер қабылдау.

Бұл шараның шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан түсіністікпен, ризашылықпен қабылданып, кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің қатал шарттарына бейімделуіне үлкен септігін тигізетініне сенімдіміз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

С.Ерубаев

О.Нуралдинов