27
Ақпан

27.02.2024

«Ақ жол» демпартиясы экономиканы ырықтандыру бағдарламасына өз ұсыныстарын жариялады

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

О.А. Бектеновке

Биыл 7 ақпанда өткен Үкімет отырысында Президент Қ.Тоқаев экономиканы кешенді ырықтандыру бойынша жүйелі шара қабылдауды және нақты бағыт бойынша тиісті Жарлық дайындауды тапсырды.

«Ақ жол» фракциясы бұл бастаманы толық қолдап, президенттің экономиканы ырықтандыру қажеттігі туралы пікіріне келіседі. Осыған ұқсас ұсыныстарды фракциямыз былтырғы жылдары Үкіметке 2021 жылдың 26 мамырындағы (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/aq-zhol-partiyasy-saakashviliding-ekonomikalyq-erkindik-aktisining-uelgisi-bojynsha-ekonomikalyq-reformalardy-usyndy)  және 2023 жылдың 19 қаңтарындағы депутаттық сауалдарында (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-demokratiial-partiias-konomikan-rtandrud-keshend-badarlamasn-zrlep-r-bankterd-kshtep-blud-snd)  жолдаған.

Үкімет ендігіден бастап отын-энергетика саласы мен байланыс нарығындағы бәсекені дамытудың, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес квазимемлекеттік секторды реформалау мен жекешелендіру тәсілін қайта қараудың нақты шарасы бар егжей-тегжейлі құжат дайындайтынына күмәніміз жоқ.

Бүгінде бұл – экономиканың нарықтық негізін қайтарудың бірінші кезектегі мақсаты.

Сонымен бірге, 7 ақпанда Президент Қ.Тоқаев мемлекеттің қатысуын қысқарту және шектен тыс реттеуді жою туралы сөзінде «бұл экономиканың барлық саласына қатысты» екенін атап көрсетіп, «мәселелерді жылдам шешу мен экономиканың ұзақ мерзімді көрінісін біріктіруді» талап етті.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында «жан-жақты ырықтандыруға» қатысты жаңа экономикалық саясаттың магистралды бағыттары айқындалғанына назар аударды, ал онда салық, ақша-несие, инвестициялық саясат және т.б. да мақсат қамтылғаны белгілі.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы:

Салық саясатын ырықтандыру аясында сараланған салық мөлшерлемесін енгізіп, бөлшек сауда салығын төмендетуден бөлек, шағын және орта бизнес есебі мен тексерісіне байланысы жоқ патенттік режимді қолдануды кеңейтуді ұсынады. Мобильді төлемдерді толық бақылаудан бас тарту, микробизнес деңгейінде критерийлерді енгізу (айына 1 млн. теңгеден астам).

Ақша-несие саласында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін барынша төмендетіп, банк нарығын монополиясыздандыру орынды деп санаймыз.  Бүгінгі таңда алты ірі банк барлық екінші деңгейлі банктер активтерінің 67 пайызын (үштен екі бөлігін) бақылауда ұстайды. Бұл дұрыс емес. Бәсекені қамтамасыз ету және несиелеудің икемді шарттарын ынталандыру үшін ең ірі банктерді бөлшектеуді қарастыру керек.

Бизнеске қосымша қысым жасап қана қоймай, сонымен қатар инфляцияның көзі болған әкімшілік құрал ретінде қолданылатын утильалым әдістемесі, тауарларды таңбалау, БЖЗҚ төлемдері, медициналық сақтандыру қоры және т.с.с. тиімсіз пайдаланылып, қоғамнан жасырылған 90-ға жуық түрі бар міндетті төлемдерді қайта қарау – жеке мәселе. Олардың барлығы еркін экономикаға үлкен кедергі болып отыр.

Жекешелендіру әдістерін таңдауға (оны да президент сынға алды) келетін болсақ, тек белгілі бір топтың ғана мол қаржылық мүмкіндігі бар екенін ескеру қажет.  Оларда капиталдың пайда болуы кей арада сұрақ тудырады, ал тікелей сату әдісі бай мен кедей арасындағы  әлеуметтік алшақтықты одан сайын ұлғайтады. Бұрынғы жүйенің басты кемшілігі де осы еді.

Сонымен бірге, сол жиында президент үкіметке «азаматтардың нақты кірісінің жылдам өсуін қамтамасыз етуді» тапсырды.  Бұл өте маңызды, өйткені бізге қоғамның жіктелуі емес, орта таптың кеңеюі және оның ұлттық табысты қайта бөлу процестеріне қатысқаны қажет.

Осыған байланысты «Ақ жол» Демпартиясы мемлекеттік кәсіпорындардың құнында қоғам мен шағын және орта бизнес серіктестерінің еңбек үлесі ескерілетін Чили мен Ұлыбританиядағы сәтті жекешелендіру бағдарламаларының үлгісі бойынша «халық капитализмі» тұжырымдамасы туралы ұсыныстарды жылдар бойы алға тартып келеді. (https://akzhol.kz/ru/initiated-bills/narodnyj-kapitalizm-partija-ak-zhol).

Сондай-ақ, жекешелендіру аясында банктер іске аспай қалған бизнестен кепіл ретінде алған активтерді экономикалық айналымға қайтаруды қарастыру қажет.

Біздің ойымызша, бұл жерде гипотетикалық кірістен гөрі айналымға қайта оралу міндеті маңыздырақ, өйткені тартып алынған құрал-жабдықтардың не өндірістік, қызмет көрсету кешендерінің тоқтап қалуы өз алдына экономикаға жоғалған пайда түрінде зиян келтіреді.

«Ақ жол» фракциясы мұндай активтерді бизнеске беру механизмін әзірлеуді, яғни бағаны төмендетуге шектеу қоймастан, сенімгерлік басқару үлгісін қолдана отырып кейіннен сатып алуды ұсынады. 

Ырықтандыру сонымен қатар ресурстарға (жер, коммуникациялар, жеңілдіктер) қол жеткізудің ашықтығын, сыбайлас жемқорлықты және бизнесті қудалау себебін жоюды білдіреді.

Мемлекеттің де, жеке меншіктің де мүдделері бірдей қорғалмайынша, экономиканы ырықтандыру мүмкін еместігін ерекше атап өту қажет деп санаймыз.  Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Конституцияның сәйкес нормасы негізінен декларативті сипатқа ие, ал кәсіпкерлердің құқығы көбіне ведомстволық мүдде пайдасына еленбейді.

Шенеуніктердің бақылау және реттеу функцияларын қысқартпай, ырықтандыру толығымен жүзеге аспайды. Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы функцияларды ғана емес, бизнесті бақылайтын не жеңілдік бөлетін шенеуніктердің өздерін қысқарту керек деп есептейді, себебі, олар бұрынғыдан да сорақы жаңа өкілеттікті ойлап табады.

«Ақ жол» фракциясы экономиканы ырықтандыру бойынша осы және басқа да шараны Үкіметпен бірлесіп атқаруға дайын.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Перуашев

Д,Еспаева

Е.Барлыбаев

Қ.Иса

А.Садықов

Е.Бейсенбаев