Қазақстан Республикасының
Премьер – Министрі
О.Бектеновке
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет» деп атап өткен болатын.
Бірақ, бүгінгі күнге дейін Президенттің тапсырмасы орындаусыз қалып отырғандай. Әкімнің рұқсатынсыз, мәслихаттар ешбір шешім қабылдай алмайтын бұрыннан қалыптасқан механизм өзгеретін емес.
«Ақ жол» фракциясы бұл мәселені осы жылы 3 сәуірдегі депутаттық сауалда көтерген болатын.
Елімізде қабылданған «Күшті Президент – ықпалды парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын (!) жергілікті деңгейде «ықпалды мәслихат – есеп беретін әкім» формуласына жалғастырып, мәслихатты әкімдікке тәуелсіз ету шараларын қарастыруды ұсынған болатынбыз.
Үкіметтің сол кездегі жауабында, тек қолданыстағы заңнама нормалары тізбектеп, мәслихаттардың штаты жөнінде статистика ғана көрсетті. Нақты біз көтерген мәселе бойынша ұсыныстарды байқамадық. Ал, мәслихат таратылған жағдайда, депутат өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш ай бойы (!) жәрдемақы төлеуді көздейтін норма ұсынылады деген жауап, бізді таң қалдырды.
Сондықтан, азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін, мәслихаттардың ролін арттыру мәселесін қайта көтеруге тура келіп отыр.
1) Халық сайлаған депутаттарға, тағайындалған әкімнің үстемдігі демократия принциптеріне сай келмейді деп есептейміз.
Сайлау кезінде мәслихат депутаттарының кандидатуралары тек әкімдіктің мақұлдауынан кейін ғана бекітіліп және оларды қолдауға барлық әкімшілік ресурстар салынатындығы да белгілі.
Бұған заң деңгейінде қатаң тосқауыл қоюымыз қажет.
2) Заңнамаға сәйкес, мәслихаттың кезектен тыс сессиясы, әкімнің ұсынысы бойынша шақырыла алады. Қалыптасқан тәжрибеге сай, егер әкім бастамашы болған жағдайда, ол күн тәртібін қалыптастырады, ал депутаттар оған өзгеріс жасай алмайды.
Соңғы отыз жылда, мәслихат депутатының ұсынысы бойынша кезектен тыс сессияның шақырылғаны кемде кем.
3) Шағын кәсіпкерлерді қолдайтын мықты тетіктің бірі – бөлшек салығын екі есе төмендету құқығы мәслихаттарға 2023 жылы берілген болатын. Алайда, осы норма енгізілген кезде, үш облыс қана осы құқықты пайдаланды. Өзге облыстарда әкімдік қарсы болғандықтан, мәслихаттар оны аттап өте алмады.
Тек, барлық деңгейдегі «Ақ жол» депутаттары бірнеше рет қайталап, облыс, қала, аудан әкімдеріне талап қойып, отыздан астам сауал жолдағаннан кейін ғана, Алматы қаласынан басқа аймақтардың барлығы, бөлшек салығын 4 пайыздан 2 пайызға азайту жөнінде шешімдер қабылдады.
4) Депутаттың өз өкілеттігін жүзеге асыратын құзіреттің бірі – депутаттық сауал. Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекске (заңнамаға) сай, қарапайым азаматтан түскен сауалға, мемлекеттік органдар 15 күннің ішінде жауап беруі тиіс.
Ал, депутаттардың сауалына жауап беруге 30 күн уақыт белгіленген.
Заманауи байланыс технологиялар дәуірінде, жауапты бір айға созуға қандай қажеттілік бар?
Біз, депутаттың құқығы кемінде азаматтармен тепе-тең болу керек деп санаймыз. Сондықтан, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап беру мерзімін 15 күнмен шектеуді ұсынамыз.
5) Әкімдер, халық өкілдерінен өздерін биік қоймай, мәслихат алдында есеп беретін атқарушы органның басшысы екенің ұмытпаған жөн. Бұл тұрғыда, мәслихат пен әкімдік арасындағы қатынастарды, Мәжіліс пен Үкімет қатынастарына сәйкестендіруді қажет деп санаймыз.
Президент ұсынған конституциялық реформадан кейін, премьердің, және барша министрлердің кандидатуралары алдымен Мәжілістің салалық комитеттерінде талқылаудан өтіп, мақұлдау алады.
Сол сияқты, жергілікті әкімдіктердің жанындағы басқарма басшыларының да кандидатураларын, мәслихаттың салалық комиссияларында қарап, мақұлдауды ұсынамыз.
Сонда ғана атқарушы орган, депутаттарға менсінбей қарамай, олар көтеретін мәселелерді бейтарап емес, мүдделі түрде ынтымақтастық қатынаста қарауға мәжбүр болады.
Бұндай тәсіл, мәслихаттардың беделін көтеретін тетіктерінің бірі бола алады деген ойдамыз.
Жоғарыда баяндалғанды түйіндей келе, «Ақ жол» фракциясы, 2022 жылғы Конституциялық реформаларда қарастырылған жергілікті өкілетті органның мәртебесін көтеру мақсатында, әкімдіктердің мәслихат алдында есептілігін шынайы қамтамасыз ететін және олардың өкілеттіктерінің ара-жігін айыру бойынша Үкіметтің ұсынысын беруді сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Ерубаев С. С.
Перуашев А. Т.
Еспаева Д. М.
Барлыбаев Е. Х.
Иса Қ. Ж.
Бейсенбаев Е. А.