ҚР Премьер-министрі
О. Бектеновке
Облыстар,
республикалық маңызы бар қалалар
мен елорданың әкімдеріне
«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы
Қалдықтардың энергетикалық утилизациясы бойынша жобаны жүзеге асыру
айналасындағы қалыптасқан жағдай өткір алаңдаушылық тудыруда.
Мәселен, БАҚ-та тараған ақпарат бойынша, жекелеген жергілікті атқарушы
органдар заңда қарастырылған аукциондық рәсімдерді айналып өтіп инвесторлармен
тікелей келісімдер жасасуда.
Мәселе миллиардтаған тарифтер, мемлекеттік көмек пен азаматтардың
мемлекеттің "жасыл" саясатына деген сеніміне қатысты жобалар жөнінде.
"Жасыл экономика" деген жалынды ұрандардың астарында ескі, бірақ,
таныс "сұр" схемалардың пайда болып жатқанын көрудеміз, яғни,
таңдаулы компанияларға жер, тариф, қалдықтар көлемі, кепілдікті сатып алулар
түріндегі артықшылықтар беріледі.
Бұл саланы дамыту емес, реформаның мәнін өзгерту: ашық бәсекелестік пен тең
ойын ережелерінің орнына - таңдаулылық пен жасырын шешімдер қабылдау.
Бұл ретте, Экологиялық кодекстің 324-бабының 4-тармағында қалдықтарды
энергетикалық утилизацияу объектілерін салуға және пайдалануға жұмсалған
шығындарды өтеу Үкімет айқындаған индекстеуді ескере отырып, сауда нәтижелері
арқылы айқындалатын аукциондық бағалар бойынша өндірілген электр энергиясын
сатып алу арқылы жүзеге асырылатыны тікелей көрсетілген.
Басқаша айтқанда, кез келген инвестициялық келісімдер аукционнан кейін ғана
мүмкін болады.
Алайда, бұл нормаларға қайшы түрде ЖАО есеп-қисапсыз, қоғамдық талқылаусыз,
сараптамалық қорытындысыз, қалдықтардың тоннасына 7000 теңге болатын тарифті
белгілеп, тікелей келісімдерге қол қояды.
Оның үстіне бірқатар келісімдерде электр энергиясының бағасы 55
теңге/кВт/сағ деп бекітілген, бұл Кодекстің 324-бабының 5-тармағын өрескел бұзу
болып табылады.
«Жаңартылатын энергия көздері туралы» Заңның тек аукцион жеңімпазымен
электр энергиясын сатып алу шартын (РРА) жасауға мүмкіндік беретін 7-1 бабы да
бұзылған.
Осы орайда заңды сұрақтар туындайды: бұл компанияларға қандай негізде
басымдық беріліп отыр? Олар кемінде бес аяқталған жобаның және қалдықтарды утилизациялау
секторында сегіз жылдық жұмыс тәжірибесінің болуы нақты көрсетілген біліктілік
талаптарына сәйкес келе ме?
Мұндай тәжірибелер Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, атап
айтқанда, азаматтардың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуіне және шешім
қабылдауға қатысуына кепілдік беретін Орхус конвенциясына қайшы келетіні
сөзсіз.
«Ақ жол» фракциясы утилизация үшін төлемді қосымша тариф арқылы
қарастыратын тетік қате және өміршең емес деп санайды.
Энергетикалық утилизациялау бойынша зауыттар қалдықтарды нөлдік тариф
бойынша қабылдауы керек және олардың пайдасы тек өндірілген электр энергиясынан
алынуы керек. Әйтпесе, мемлекеттің өзі заңсыз полигондардың көбеюіне
ынталандыру жасайды, ал халық коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне тап болу
қаупі бар.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» демпартиясының фракциясы
жергілікті атқарушы органдар жекелеген шетелдік және ұлттық компаниялардың
мүдделерін ілгерілету тәжірибесін тоқтатып, заңнамаға сәйкес келмейтін келісімдерді
бұзуды талап етеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Е. Барлыбаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Қ. Иса
С. Ерубаев
О. Нұралдинов