Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
ҚР Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа
Бұл күндері 30 градустық аязда жылусыз қалған Екібастұз тұрғындарына бүкіл
Қазақстан алаңдаулы. Бұл нағыз апат. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Ішінара
эвакуациялау жүргізілді. Жылу желілеріндегі апатты жою жұмыстары жасалуда, жылу
беру ішінара қалпына келтірілді. Бірақ енді әлеуметтік желілерде құбырларды
жібіту нәтижесінде үй ішіндегі жылу жүйесіндегі ақаулар туралы хабарлануда.
Құбырлар мен батареялар жарылып, ыстық су көрші пәтерлерді басып қалып жатыр.
Жағдай барған сайын қиындауда. Әрине, бүгінгі таңда ең бастысы – қаланы
және тұрғындарды құтқару, онымен қазір уәкілетті тұлғалар мен органдар
айналысуда.
Бұл келеңсіз жағдайдың ең таңғаларлығы – қала тұрғындары, сарапшылар,
депутаттар, қоғамдық кеңестер апат болатыны туралы бірнеше рет және бір жылдан
астам уақыт бойы дабыл қағып келгені. Ал бұған әкімдік жылумен қамтамасыз ету
мекемесінің жекенің қолында, оны бюджеттен қаржыландыру мүмкін емес екенін
айтып жауап беріп келді.
Мемлекеттік органдар жергілікті қоғамдық кеңестердің дабылын естімесе, олар
не үшін құрылды, бұл арада қандай «еститін мемлекет» туралы айтуға болады?
Атқарушы билік депутаттардың талабын назарға алмағанына қарағанда, парламент
пен мәслихаттардың рөлін күшейту туралы айтылған Конституциялық реформа
Павлодар облысын айналып өткен секілді?
«Ақ жол» фракциясы Мәжілісте сонау 2012 жылы Екібастұз бен басқа да
қалалардағы желілерді ұстауды жеткіліксіз қаржыландыру мәселесін көтеріп, сол
кезде де монополистер қорларды жаңартуға инвестиция салудан жалтарып,
инвестициялық тарифтен түскен қаражатты акционерлерге берілетін дивидендтер
арқылы шығарып алған.
Үш ай бұрын, осы жылдың 7 қыркүйегінде, Павлодар облыстық мәслихатының
сессиясында «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Павел Ярошенко облыс әкіміне
«Екібастұзда алдағы жылу беру маусымына дайындық қандай және Екібастұз жылу
электр орталығын шұғыл жөндеу жұмыстары қашан басталады?» деп нақты сұрақ
қойған болатын.
Бұған облыс әкімі: «Биылғы жылыту маусымына дайындық әдеттегідей жүріп
жатыр. ЖЭО компаниясының барлық акционерлері мен басшыларының кепілдіктері бар»
деп жауап берген еді. Бірақ мемлекеттік органдар акционерлердің кепілдіктерін
бақылауы керек шығар? Ал бұл бақылау қайда?
Қазір осы және республика бойынша басқа да ондаған компания иелерінің
объектілер мен желілерді жаңарту мен жаңғыртуға ешқандай инвестициясыз ондаған
жылдар бойы пайдалану жауапкершілігі туралы сұрақ туындайды. Тұтынушылар
өздерінің ағымдағы шығындарын ғана емес, сонымен қатар «инвестициялық тариф»
деп аталатын төлемдерді де тұрақты түрде төлеп отырған.
Сонымен қатар, жылу беру маусымына дайындық кезінде желілерді гидравликалық
сынақтан өткізуге кепілдік берілгеніне қарамастан, бұл сынақтардың нәтижелері
қоғамға да, депутаттарға да ұсынылмады.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары келесі мәселелер
бойынша жауап беруді сұрайды:
1. Облыс басшылығы сендіргендей, жылыту маусымы қарсаңында қаланың жылу
жүйелерін дайындау және сынақтан өткізу (қысым сынау) жүргізілді ме? Ол қандай
нәтиже көрсетті?
2. Екібастұз жылу желілерінің жылыту маусымына дайындығы туралы мемлекеттік
органдардың ресми қорытындылары бар ма?
3. Екібастұз қаласы бойынша жылыту маусымына дайындық барысында тиісті
деңгейде бақылау жүргізілмегені үшін нақты кім жауапты?
4. Зардап шеккен азаматтарға өтемақы мен тұрғындардың үйлеріндегі жылу
жүйелері кімнің есебінен төленіп, қалпына келтіріледі?
Сонымен қатар, мына мәселелерді де қарастыру қажет деп санаймыз:
5) Олигархтардың ондаған жылдар бойы «инвестициялық мөлшерлеме» бойынша
алған миллиардтаған ақшаны қайтаруы туралы, белгілі болғандай, бұл қаржы
ешқайда инвестицияланбай, қалтаға салынып отырған.
6) Қалаларымыздың өмір сүруін қамтамасыз ету жүйесін олигархтардың қолында
одан әрі сақтаудың орынсыздығы туралы, бұл жүйелер халық пен кәсіпорындардан
тиісті инвестициясыз ақша бопсалау үшін әбден тозығы жеткенше пайдаланып
келгені анықталды.
7) Өздерінің әрекетсіздігі арқылы жүздеген мың азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жеке компаниялардың да, мемлекеттік органдардың да лауазымды тұлғаларына қылмыстық іс қозғап, жауапкершілікке тарту туралы.
Екібастұздағы ірі апаттың себептеріне депутаттық тергеу жүргізуді ұсынамыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» партиясының депутаттары