Вице-премьер,
Экономика министрі
С.Жұманғаринге
Жаңа жылдан бастап күшіне енген мобильді
аударымдарды бақылау қоғамда қызу талқылануда, бұл кәсіпкерлер мен азаматтар
тарапынан наразылық тудырып отыр.
«Ақ жол» фракциясы 2023-2024 жылдары осы
жаңашылдықты қарастырудың бүкіл кезеңінде салық органдарының ұстанымдарын талай
рет сынады, басқа елдердегі төлемдер мониторингінің мысалдарын келтіріп,
азаматтар мен шағын бизнеске жаппай қысым жасамайтын бақылаудың неғұрлым
либералды түрін ұсынды.
2024 жылғы 7 ақпандағы жаңа үкіметтің
кеңейтілген отырысына кейін вице-премьер Н.Байбазаров мобильді аударымдарды
бақылау тәсілдері қайта қаралатынын хабарлады.
(https://t.me/gosarchivekz/2378) «Маған
бұл мәселені қайта қарау тапсырылды. Механизмдер мен критерийлерді тағы да
егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз».
Алайда, уәдеге қарамастан, тәсілдер
өзгермей, бизнес пен халық үшін өте ыңғайсыз түрде күшіне енді.
2024 жылдың бірінші тоқсанында осы
жаңашылдықты талқылау сатысында Ұлттық банк мобильді аударымдардың 30%-ға
төмендегенін хабарлады. Бүгінде шағын бизнес жиірек қолма-қол төлемдерге
көшуде.
Олжас Байдельдинов сынды сарапшылардың
пікірінше, төлемдерді жаппай бақылау ұлттық валютаның қос бағамының
қалыптасуына әкеп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларға қарағанда қолма-қол
төлемдер 10%-ға қымбаттаған түрік моделін қайталайды. Бұл елдегі инфляцияның
күрт көтерілуінің бір көзі осы болып табылады
(https://t.me/baidildinovoil/1913).
Мұндай қысым бизнес үшін айтарлықтай
экономикалық және әлеуметтік шығындарға әкеп соғып, азаматтарымыздың қаржылық
жағдайына қауіп төндіреді.
Осыған орай, «Ақ жол» демпартиясы үздік
шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, мобильді аударымдарды бақылау форматын қайта
қарауды тағы да ұсынады.
Атап айтқанда, көршілес Ресейде 2020
жылдан бастап күніне 30-дан астам аударым алатын тұлғалар ғана мониторингке
жатады, олардың әрбір төлемі 1 мың рубльден, ал мұндай төлемдердің жалпы сомасы
айына 1 миллион рубльден жоғары болуы керек, бұл 5,5 млн теңгеге пара-пар.
Ал, бізде барлық төлемдер бақылауға
жатады, соның ішінде, жалпы сомасы 255 мың теңгелік ең төменгі төлемдер де бар,
яғни, Ресейдегіден 20 есе аз. Қажетсіз ақпараттың мұндай ауқымынан кімге және
қандай пайда?
Сондықтан, бизнестің салық төлеу
жауапкершілігін түсіне отырып, «Ақ жол» фракциясы сонымен бірге мониторингке
жататын төлемнің төменгі шегін – 3-5 мың теңгеден және одан да көп мөлшерде
белгілеу қажет деп санайды.
Ай сайынғы төлемдердің жалпы сомасын
анықтауға келетін болсақ, біз көрсетілген 255 мың тг. құрайтын шекті біздің
шынайы жағдайға сәйкес емес деп санаймыз. Төлемдер сомасын кәсіпкердің таза
пайдасы ретінде қарастыруға болмайды. Тәжірибеде шағын бизнестің табыстылығы
15-20 пайызды құрайды, яғни, 255 мың теңге (3 ТЖМ) айналымнан оның табысы 50-60
мың теңгені құрайды, демек, төменгі жалақыдан да аз.
Таза пайда жоғарыда аталған 255 мың
теңгені құрауы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1 миллион теңгеден көп болуы
керек.
Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы
айына 1 миллион теңге сомасынан бастап мобильді төлемдерге мониторинг жүргізуді
ұсынып отыр.
Бұрынғы Экономика министрінің Мемлекет
басшысының тапсырмасына қарамастан, аударымдарға бақылау жүргізудің тиімді
форматын әзірлемегенін ескере отырып, біз бұл мәселеге қайта оралуды ұсынамыз.
Шағын және микробизнес - бұл кішігірім дүкендерде, кафелерде не аз-кем қызмет көрсету саласында еңбек ететін қарапайым адамдар екенін ерекше атап өткіміз келеді. Бюджеттен ұрлап жатқандар да, оффшорлық есепшоттарға миллиардтарды аударатындар да олар емес. Егер мұндай кәсіпкер артық 10-20 мың теңге тапса, ол бұл ақшаны елде қалдырады - мысалы, баласына киім-кешек сатып алады немесе шағын кәсібін сәл кеңейтеді. Олигархтарды дұрыс емес жерден іздеп жүрсіздер, шенеунік мырзалар. Миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Перуашев А.
Еспаева Д.
Иса Қ.
Барлыбаев Е.
Ерубаев С.
Бейсенбаев Е.