ҚР Премьер-министрі
О. Бектеновке
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында реттеу моделін өзгертуге бағытталған
экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықтың толық орындалмай отырғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша:
«Мемлекеттік... компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың
толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр. Елімізде мемлекеттің үлесі бар
ұйымдар саны 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын
көтермейді, қисынға да келмейді.
...Коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық әдіс-тәсілдер
кеңінен қолданылып жүр. Соның салдарынан түрлі шығындар артып, корпоративті
органдар көбейіп кетті» - цитата аяқталды.
Бір сөзбен айтқанда, экономиканы ырықтандыру бағыты тоқтап, бюрократиялық
машина зорайып, нарықтық процестерді шектеуде, ал, бұл синекур мен
корпорацияларды ұстап тұру экономиканың өзіндік құны арттырып, инфляциялық
процестерге әсер етеді.
Үкіметке мемлекеттің экономикаға қатысуының нақты шегін айқындау арқылы
мемлекеттік секторды реформалауды дайындау тапсырылды.
Алайда, Жарлықтың шыққаннан бері жарты жыл өтсе де, нақты нәтиже мен
деректер талдауы байқалмайды. Нақты сандар жоқ:
- осы уақыт аралығында қанша ұйым мемлекет қатысуынан шығарылды;
- қандай нарықтар мемлекеттік монополиядан босатылды, немесе керісінше, олар
басып алынды; қандай «мемлекеттік операторлар» жойылды немесе, керісінше, қайта
құрылды, қай секторларда;
- Бұл құрылымдарда қанша бизнес шенеуніктері (яғни, басқарушы кадрлар)
қысқартылды;
- Мемлекеттің бұл құрылымдарды ұстауға жұмсайтын шығындары қаншалықты
қысқарды, егер қысқарған болса;
– Олардың мемлекеттік бюджетке деген салымдары қаншалықты өсті немесе
қысқарды.
Бюджетті талқылау кезінде біздің шағымдарымызға жауап ретінде
«Самұрық-Қазына» қоры 2014 жылдан 2024 жылға дейін (яғни, 10 жылда) меншіктің 6
деңгейін (яғни, еншілес ұйымдардың еншілес ұйымдары, олардың еншілес ұйымдары,
солай 6 рет) сақтай отырып, субъектілердің санын 327-ге дейін, ал, 2021 жылы
басқарушылар санын 22%-ға қысқартты: Қордағы басқарушылардың жалпы саны 23 мың
адам болса, енді 18 мың басшы қалған.
Ырықтандыру туралы Жарлықтан кейін өзге қысқартулар жүргізілмеген.
Алайда, бұл 18 мың адам экономикамызға арзанға түспеуде, мәселен, белгілі
болғандай, «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы жуырда басшылықтағы қызметкерлеріне
50 миллион теңгеден сыйақы төлеген, ал бұл ақша монополистің қалтасына
тарифтерді көтергеннен түсіп отыр. Бұл да рекорд емес. Одан кейін ұлттық банк
экономикада қаржы айналымының жоғары екенін айтып, несиелер бойынша
мөлшерлемені арттырады.
Бірақ «Самұрық-Қазына» кем дегенде есеп беріп жатқанда, Президент атап
өткен 25 мың субъектінің қалған бөлігі азаматтар мен бизнестің мойнына мініп
алып, олардан миллиардтаған қаржыны үн-түнсіз жалмап, қоғамнан тасада отыр.
Осы орайда (Жоғарғы есеп палатасының мәліметі бойынша) триллиондаған
кіріске қарамастан, квазимемлекеттік сектор соңғы бес жылда бюджетке кірісінің
12 пайызын ғана аударған, ал 2026 жылға арналған жобада болжамды үлес шамамен 5
пайызды ғана құрайды. Қалған жүздеген миллиардтар туралы есепті сол
"Самұрықтың" өзі, мысалы, пост-фактум бере алады.
Президент Қ.Тоқаев даму институттарын да сынға алып, олардың жұмысын
жандандыру қажеттігін атап өтті. «Бұл құрылымдар нақты салалық мамандануы,
мандаты бар толыққанды даму институттары ретінде жұмыс істеуі керек», - деп атап
көрсетті Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сияқты құрылымдардың
түсініксіз құқықтық мәртебесіне назар аудару қажет деп санаймыз.
Олардың міндеттері мен мақсаттарын реттейтін бірыңғай заң әлі де жоқ. Әрбір
ӘКК өзінше жұмыс істейді, әдетте жасырын әрі тиімсіз. "Өз адамдарын"
қолдау үшін "өзге" жобалар мен инвестицияларға кедергі келтіреді,
тиісті қадағалаусыз және жергілікті қоғам алдында есеп берместен, лицензиясы
болмаса да несие беру арқылы банк қызметін атқарады.
Қазақстанның «Ақ жол» Демпартиясының фракциясы ӘКК жою немесе түбегейлі
реформалау, олардың қызметін мәслихаттардың бақылауына беруді ұсынып осы
мәселені әлденеше рет көтерген.
Алайда, Үкімет түрлі сылтаулармен бұл мәселеден жалтарып келді.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты келесіні талап етеміз:
1. Мемлекет пен шынайы бизнестің, олардың корпоративтік органдары
арасындағы ұлттық компаниялардың еншілес ұйымдарын, қорларды, операторларды
қысқарту шараларын қоса алғанда квазимемлекеттік секторды оңтайландыру
бөлігінде Президенттің экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлығын іске асыру
бойынша іс-шаралар жоспарын жолдау;
2.«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» олардың құқықтық мәртебесін
айқындайтын, нақты мақсаттары мен міндеттерін, оларды жүзеге асыру үшін
өкілеттіктері мен жауапкершілігін белгілейтін, бюджеттері мен есептері
жергілікті мәслихаттарда бекітілендей етіп бірыңғай заңды әзірлеп, Парламентке
енгізу.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
С.Ерубаев
О.Нұралдинов