22
Маусым

22.06.2022

«Ақ жол» отандық тауар өндірушілер үшін салықтық преференциялар белгілеуді талап етеді

ҚР сауда және интеграция министріне            

«Ақ жол» партиясына саладағы қиын жағдайға байланысты полипропилен өнімдерін өндірушілер жүгінді. Бірнеше жыл бойы олардың ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі жалғасуда, жұмыс орындарының қысқаруына әкелетін өндірістік қуаттар құлдырауда. Бұл Түркмениядан, Өзбекстаннан және Қытайдан арзан дайын полипропилен өнімдері импортының ұлғаюына байланысты болып отыр.

Полипропилен өнімдері - астық, ұн, металдар, минералдар және т.б. тауарларына арналған қаптама, онсыз біздің экономикамыздың көптеген салаларын елестету мүмкін емес. Меншікті орау өндірісінің болуы экономика үшін маңызды.

Бірнеше жылдан бері буып-түю өндірушілері өз проблемаларын Үкіметке жеткізуге тырысуда. Уәкілетті министрліктерге саланы сақтау үшін шаралар қабылдау туралы бірнеше рет хаттар жіберілді, бірақ, өкінішке орай, әлі күнге дейін нәтижесіз болып отыр. Біз Үкіметтен қолдау күтіп, алайда тиісті шара қолданылмаған ең азы 5 зауыт туралы білеміз.

Осы орайда, басқа елдердің үкіметтері өз өндірушілерін қорғау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынын атап өту маңызды. Осылайша, Түркияда тоқыма тауарларын әкелу мөлшерлемесі 20%-ға дейін көтерілді, соның арқасында тоқыма импортын азайтуға, отандық өндірісті және тұрақты жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік туды. Осындай мысал Тәжікстанда да бар, ол Түркмениядан, Өзбекстаннан және Қытайдан полипропилен қаптамасының импортына баж салығын ұлғайтты. Енді осы елден экспортталатын тауардың 80%-ы отандық қаптамамен жіберіледі, ал Тәжікстанда тек екі қаптама өндіруші бар.

Қазақстанда мұндай кәсіпорындардың саны 20-ға жуық - бұл дегеніміз 5 мың қызметкер. Үкімет жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды үнемі қабылдап отырады, ал қазірдің өзінде құрылған жұмыс орындары назардан тыс қалып отыр.

Біздің буып-түю өндірушілеріміз шикізатты көрші елдер дайын өнімді сататын бағамен сатып алады. Егер барлығын сол қалпында қалдырсақ, мыңдаған жұмыс орындарынан айырылып, миллиардтаған теңге салық алмау қаупі бар.


Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Ақ жол» фракциясы келесіні талап етеді:


1. Түркіменстаннан, Өзбекстаннан және Қытайдан дайын полипропилен өнімдерін әкелу шектеу не көрсетілген елдерден импортқа қатысты өзге де шектеу шаралары енгізу.

2. Полипропилен өнімдерін өндірушілер үшін салықтық преференциялар белгілеу, атап айтқанда, отандық өндірушілер шикізат (полипропилен) импорты кезінде әкелу бажын және ҚҚС төлеуді алып тастау. Полипропиленді ел ішінде сатып алған кезде орауыш өндірушілер үшін ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін енгізу.

3. Отандық өндірістерді жер қойнауын пайдаланушылармен кемінде 10 жылға тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ету. 

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары