Қазақстан Ресупбликасының
Цифрлық даму, инновациялар және
Аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б.Мусинге
“Ақ жол” партиясына интернеттің жоқтығына,оның төмен жылдамдығына байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен арыз шағымдар келіп түсуде. Бүгінгі ақпарат, жұмыс, білім алу , жалпы өмір сүру үшін интернет желісінің маңыздылығын айтпасақ та түсінікті шығар.
Осыған байланысты “Ақ жол” фракциясы өткен жылдары екі рет депутаттық сауал жасаған болатын.
Сонымен өз сауалымызда біз:
- Сіздердің ресми есептеріңізге қарамастан мыңнан аса елді мекеннің интернетке қол жеткізе алмай отырғанын;
- Бұл елді мекендерге оптикалық байланыс желісінің салынуы мүлдем жоспарда жоқтығын;
- Starlink спутниктерінің Қазақстанда 2023 жылы толыққанды жұмыс істеуі мүмкін екенін, сол үшін бұл саланы либералды реттеуге көшіп, Starlink тің жұмыс істеуіне шектеу келтіретін барлық кедергілерді жойып, Қазақстандықтарды жоғары технологиялы спутниктік интернет жүйесімен қамтамасыз етуге дайын болуларыңызды сұраған едік;
Міне, бүгін біз ескерткендей SpaceX компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге дайындығын мәлімдеді.
Еліміздің шалғай ауылдарында отырған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары амалдың жоқтығынан өз қаражаттарына осы Starlink қондырғыларын орнатып қымбат болса да сапалы интернетке қол жеткізіп отыр. Сондай ақ, осы интернет желісі медицина қызметкерлеріне телемедицина мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашса, көлік логистика секторында төтенше жағдайларда жедел жәрдем және апаттық қызметтерді шақыруға мүмкүндік беруде.
Алайда өз қаражаттарына интернет проблемасын шешіп, қосымша шығынға ұшырап,жоқтан бар жасап отырған кәсіпкер азаматтарды қолдаудың орнына, өкілетті орган олардың іс әрекеттерінің заңсыздығын ескертіп, қоқан лохы көрсетіп, айыппұлдармен қорқытуды бастап кетті. Осыдан 10 күн бұрын МЦРИАП өкілі Starlink қызметін пайдалануы заңсыз екенін ескертті.
Ақ жол партиясы бұл мәселелер туралы 2 жыл бұрын ескертіп еді, сіздер заңнамалық реттеуге тағыда 1,5 жыл сұрап отырсыздар, екі жылда шешілмеген мәселе бір жарым жылда шешілетініне үлкен күмәніміз бар.
Сіздің нақты мәселені шешудегі позицияңыз шөп қорыған итке ұқсап отыр. Бұл жерде сіздің министрлігіңіз мемлекеттің мүддесін қорғап отыр ма немесе осы саладағы монополистердің сойылын соғып отыр ма деген заңды сұрақ туады. Әйтпесе әлем таныған және жер шары пайдаланып отырған, қазақша айтқанда дайындап, ауыздарыңызға салып берген жоғары технологиялы интернетті жылдам ел игілігіне жаратудың орнына өкілетті министрлік тағы да неге шектеу шараларына көшіп отыр? Сіздердің қолдарыңыздан шектеуден басқа не келеді?
“Ақ жол” партиясы екі жыл бұрынғы сауалын тағы да қайталайды және жоғарыда айтылғандарды ескере отырып:
1. Өз күштерімен,өз қаражаттарымен Starlink желісіне қосылып, сіздер шеше алмай отырған үлкен әлеуметтік мәселені шешіп отырған азаматтарымызды қудалалауды тоқтатып, оларға техникалық көмек көрстетіп, орнатылған Starlink қондырғыларын заңдастыруды
2. Starlink интернет желісіне біздің азаттарымыз бен мекемелеріміз заңды және қауыпсіз қосылу үшін қажетті техникалық шешімдермен қамтамасыз етуді жылдамдатуды талап етеміз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
А.Садықов
А.Перуашев
Д.Еспаева
Е.Барлыбаев
Қ.Иса
Е.Бейсенбаев