Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
Р. В. Склярға
Қазақ халқы ежелден малдың амандығын бірінші сұраған. Ауылдағы ағайынның бірден-бір күн көріс көзіне айналған төрт түлік малдың саны жылдан жылға артып келеді. Мал басы көбейген сайын оның ауруларының түрлері де сан алуан көрініс беріп отыр.
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз өз мағынасын әлі жоғалтқан жоқ. Ветеринария қызметі – халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау жөніндегі қалқан болып табылады. Олар адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу жөніндегі функцияларды орындап, тамақ өнімдерінің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Өткен жылы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес аудандардың ветеринария саласындағы мекемелері таратылып, оның барлық міндеттері облыстық деңгейге өтті. Сөйтіп, облыс әкімдігінің ветеринария басқармалары - аудандардағы ветеринариялық станциялардың қызметін үйлестіруді, ішкі бақылауды, бағдарламаларды жоспарлау мен қаржыландыруды, материалдық-техникалық жабдықтауды жүзеге асырып келеді, ал оларға жүктелген функциялар тізбесі бұрынғыдан да кеңейтілді.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне сәйкес облыстық ветеринария басқармасының құзыретіне:
Тәжірибе көрсеткендей, өткен жылы жоғары патогенді құс тұмауының өршуі кезінде құстардың жаппай қырылуының салдарын жою, оқшаулау және одан әрі таралуын болдырмау бойынша ветеринария қызметінің рөлі өте маңызды болды. Бұған қоса, қазіргі уақытта күйдіргі, оба, құтыру және сол сияқты қауіпті аурулардың өршуі жоқ, бұл да осы қызметтің еңбегінің арқасы. Ауылдағы ағайынның да қолындағы азын-аулақ малы ауырса, барар жері – мал дәрігерлік мекемелер.
Осы саланы көтеру мақсатында, ағымдағы жылдың 9 сәуірінде Қазақстан Республикасы Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелерінің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен өткен кездесуде, ветеринария саласының проблемаларын талқыланды.
Онда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері 2020 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен коронавирустың екінші толқынына дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте ветеринариялық қызметті нығайту және дамыту жөніндегі тапсырманы орындау мақсатында 2021–2023 жылдарға ветеринариялық қызметті дамыту және нығайту бойынша кешенді шаралар әзірленгенін ортаға салды. Оның қорытындылары бойынша Сенат депутаттары да Президенттің тапсырмасын қолдады.
Алайда, Үкімет пен Парламент ветеринариялық қызметті нығайтуға ат салысып жатқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі А. А. Шайымова ханымның мемлекеттік органдарды оңтайландыру бойынша кеңесінде бірқатар мекемелерді, оның ішінде, облыстардың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларын біріктіруді ұсынғанына жол болсын.
Ал бұны:
- Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 7 қазандағы Үкіметтің кезекті отырысында берген ветеринариялық қызметті нығайту жөніндегі тапсырмасына;
- Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің ветеринарлық қызметті нығайтуға бағытталған ұстанымдарына;
- елдің мал шаруашылығын және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатына қарсы болғанмен тең деуге болады.
Ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіптік кешеннің қызметін көп дәрежеде реттейтін мемлекеттік орган болып табылады, ал ветеринария басқармасы, ветеринариялық және тамақ қауіпсіздігі, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулардан (сібір жарасы, шошқаның африкалық обасы, бруцеллез, құс тұмауы, эмкар, құтыру және т.б.) қорғау мәселелерін реттейді.
Ветеринария басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы қосылған жағдайда, соңғысында 4-5 маманнан тұратын ветеринария бөлімі құрылатын болады. Ол заңнамада жүктелген функцияларды іске асыруды толық көлемде қамтамасыз етпейді. Ведомстволық бағынысты ұйымдармен ветеринариялық іс-шараларды орындау жөніндегі жұмысты тиісті деңгейде жүргізуге шамасы жетпейді.
Құрметті Роман Васильевич, ветеринариялық қызмет оқшауланған және тәуелсіз болуы тиіс. Ал ветеринария басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы қосылған жағдайда, заңнамада жүктелген функцияларды іске асыруды толық көлемде қамтамасыз етуді, індеттердің алдын алудағы жедел іс-қимылдар жасауды баяулатады. Бұл өз кезегінде жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша өңірдегі эпизоотиялық жағдайға теріс әсерін тигізеді.
Сондықтан да, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысындағы ветеринария саласының жоғары әлеуметтік маңыздылығын және ғылыми тұрғыда негізделгенін ескере отырып, қолданыстағы заңнамаларға сай облыстық деңгейдегі ветеринариялық мекемелердің дербес болып қалуын қолдауыңызды сұраймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
Жауап: