29
Қазан

29.10.2025

"Ақ жол" жеке меншік мектептер мен балабақшалар шығынын қаржыландыруды қалпына келтіруді талап етті

                                              ҚР Қаржы Министрі

Такиевке М.

Оқу –ағарту Министрі

 Сулейменоваға Ж.

«Ақ жол» демпартиясына жекеменшік мектептердің өкілдері жүгінуде. Олардың айтуынша, соңғы айларда бұл салада мемлекеттік органдар тарапынан жедел шешімді қажет ететін күрделі және қарама-қайшы жағдай қалыптасты.

Республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге нысаналы трансферттер түрінде қаржыландыру функциясы берілгеннен кейін, өңірлерде бюрократиялық кідірістер, кассалық алшақтықтар және төлемдердің біркелкі еместігі байқалуда.

Бүгінде елде 800-ден астам жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 250 мыңнан астам бала білім алуда. Жекеменшік мектептер мемлекеттік сектордағы орын тапшылығын азайтып, елдің білім инфрақұрылымын толықтыруда маңызды рөл атқаруда.

Бұған дейін мемлекет, жекеменшік инвесторларға мектеп құрылысына жұмсалған шығынды сегіз жыл ішінде өтеуге міндеттенген еді.

Алайда жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобасында бұл механизм алынып тасталды, бұл инвесторлар мен кәсіпкерлер арасында орынды алаңдаушылық туғызуда.Көптеген кәсіпкерлер осы уәделерге сеніп мектептер салған және нысандардың мақсатты пайдалану түрін 25 жыл бойы өзгерпеугекелісімшарт жасаған, ал қазір инвестицияның қайтарылмау және банктер алдындағы қарыздардың өсу қаупі туындап отыр.

2025 жылғы 3 қазандағы «Қаржы орталығы» АҚ хаттамалық шешімі қосымша қиындықтар туғызып отыр. Аталған шешімге сәйкес, жекеменшік мектептерді қаржыландыру жобалық қуат шегінде ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Бұл шешім оқу жылы басталып кеткеннен кейін қабылданды, барлық келісімшарттар жасалып, балалар Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) енгізіліп қойған болатын.

Нәтижесінде жекеменшік мектептердің балаларды шығарып тастауға заңды негізі жоқ, ал мемлекеттік мектептерде оларды қабылдауға орын жетпейді.

Бұл жағдай оқу процесінің үздіксіздігіне және балалардың білім алу құқығына нақты қауіп төндіруде.

Сонымен қатар, қараша және желтоқсан айларындағы төлемдер қазан айындағы көлем бойынша есептелуде, яғни нақтыоқушылар саны ескерілмейді.

Мұндай тәсіл «ақша – оқушының артынан жүреді» қағидатына қайшы келеді.

2025 жылы ата-аналар төлемінің шекті мөлшері 250 айлық есеп көрсеткіші болып белгіленді.

Бұған дейін бұл көрсеткіш 1000–1200 айлық аралығында болған, жалпы бұл көрсеткіш төрт есеге қысқарды, сондықтан кәсіпкерлер тарапынан орынды алаңдаушылық туындауда.

Сонымен бірге осындай қиындықтар жекеменшік балабақшаларда да байқалуда. Олардың айтуы бойынша, 2022–2025 жылдары коммуналдық қызметтердің құны екі еседен астам өсті, салық жүктемесі артты, ал еңбекақы мен ағымдағы шығындар айтарлықтай көбейді.

Бұл жекеменшік балабақшалардың қаржылық тұрақтылығына және балаларға сапалы жағдай жасау мүмкіндігіне қауіп төндіріп отыр.

Осыған байланысты, «Ақ жол» демпартиясы келесілерді қарастыруыңызды сұрайды:

1. 2025 жылғы 3 қазандағы «Қаржы орталығы» АҚ хаттамалық шешімінің жобалық қуат бойынша шектеуін ағымдағы оқу жылының соңына дейін тоқтата тұру;

2. Жекеменшік мектептердегі оқушылардың нақты контингенті негізінде (ҰБДБ деректерімен) бірыңғай стандарт арқылы толық әрі уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету;

3. Бұрынғы ережелермен салынған мектептер үшін амортизациялық шығындарды өтеу механизмін қалпына келтіру және тиісті нормативтік актілер мен әдістемелердің толық тізбесін ұсыну;

4. «Білім туралы» заңда қаржыландырудағы өзгерістер тек жаңа оқу жылынан бастап күшіне енетіні туралы норманы бекіту;

5. Жекеменшік балабақшалар үшін жанбасылық қаржыландыру көлемін көбейтуді қарастыруыңызды сұраймыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары

О.Нуралдинов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Е.Барлыбаев

Қ.Иса

С.Ерубаев