07
Желтоқсан

07.12.2022

«Ақ жол»: Жер мәселесінде кәсіпкерлерді жерге қарататын мәселе көп

ҚР Премьер-Министрі

Ә.Смаиловқа

Қазақстанда  жаңадан бизнес бастаймын деген  кәсіпкерлерге  ең бірінші кедергі - ол жер сатып алып немесе өздеріне тиесілі жер телімдерінің  нысаналы  мақсатын өзгерту.  Әлі бизнесін бастамаған кәсіпкер,  жұмысын табыстан емес шығыннан  бастауға мәжбүр. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі мемлекеттік қызмет ретінде  тегін жасалғанымен, Жер кодексінің 9-бабының 5-тармағына сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде жер учаскесінің меншік иесі өзгертілген нысаналы мақсатта Заңнамада көзделген жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджет кірісіне төлеуге міндетті.

Бұл, әрине, елді мекендердің бас жоспарында көзделген объектілерді салу мақсаттары үшін бөлінген учаскелерге қатысты емес. Мысалы, Шымкент  қаласында жер телімдерінің құны 5 миллион теңгеден болса, жер иелері нысаналы  мақсатын  өзгерту үшін  жергілікті бюджетке  шамамен  3-4 миллион теңге  төлеуі   қажет. Мұндай соммаға кәсіпкерлер өз меншігіндегі болған жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерткенше, дайын коммерциялық мақсаты бар жер телімін сатып алған оңайырақ сияқты.

Бұдан басқа заң шеңберінде жер телімнің нысаналы  мақсатын өзгерту бірнеше айға  созылады. Жер комитеті, архитектура, жер комиссиясынан өту бүгінде үлкен бюрократияға айналған, көп кәсіпкерлер рұқсат ала алмайды және оларға себебін де ешкім түсіндірмейді. Бұл мәселе кәсібін жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін өте маңызды және өзекті. Сондықтан аталған процедураны барынша қысқарту  қажет.

Мысалы, көрші Өзбекстан мемлекетін алатын болсақ, әр жекеменшік үйдің ауласында кішігірім дүкендері бар. Ал Қазақстанда жекеменшік үйлердің  иелері өз үйлерін коммерциялық мақсатта пайдалана алмайды, өйткені оған арнайы рұқсат алу процедурасы өте қиын әрі қаржылай шығындары бар, ал рұқсатсыз пайдаланған үшін айыппұл төленеді. Жалпы өзбек елінде бизнеспен айналысам деген азаматтарға көп мүмкіншіліктер берілген, оларға мемлекет тарапынан 0-пайызбен несиелер  беріледі, халқының өз күнін  өздері көруіне барлық жағдайлар жасалған.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Ақ жол депутаттық фракциясы келесіні ұсынады:

1. Қазақстанда  жаңадан  бизнес бастаймын деп,  өз тұрғын үй  құрылысын жүргізу үшін  берілген жер телімдерінің нысаналы  мақсатын коммерциялық мақсатқа өзгерту тегін  болуы  қажет.  Меншік иелерін жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын төлеуден  босату  қажет.

2. Жер телімдерінің  нысаналы мақсатын өзгерту процедурасы бірнеше айларға созылуына байланысты, барлық цифровизация мүмкіндіктерін пайдаланып, 7-10 жұмыс күні аралағына дейін қысқарту қажет. 

Құрметпен,
«Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары