31
Наурыз

31.03.2021

Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектерді мемлекеттік әлеуметтік қорғау кепілдіктерінен толық айырды - «Ақ жол» Портал жұмысындағы кемшіліктер мен бұзушылықтарды жоюды талап етеді

ҚР Еңбек және халықты

әлеуметтік қорғау министріне

«Ақ жолға» Есту қабілеті бұзылған балаларды қолдау қоғамы және мүгедек балалардың ата-аналары Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы бойынша өтініш білдірді.

Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап мүгедектер қажетті техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін (ОТҚ) тікелей Еңбек министрлігі әкімшісі болып табылатын аталмыш Портал арқылы жеткізушілерден сатып алады. Білімі, физикалық және ақыл-ой мүмкіндіктеріне қарамастан, мүмкіндігі шектеулі азаматтар ОТҚ-ды өз бетінше таңдауға, жеткізушілермен шарттық қатынастарға түсуге, тәуекелдер үшін жауап беруге, өз мүдделерін қорғауға тиіс.

Бұрын ОТҚ-ны сатып алу жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар ұйымдарының бақылауымен ерекшеліктер мен қажетті талаптарды көрсете отырып, мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылған болатын. Портал жұмысқа қосылғаннан бастап мүгедектер өздері ОТҚ сапасын анықтауға, тәуекелдер үшін жауап беруге және ақаулар анықталған жағдайда өз есебінен қайтару проблемаларын шешуге тиіс. Портал ОТҚ сапасына кепілдік беру шарттарын мүлдем көздемейді, осылайша мүгедек жан кепілді сервистік қызмет көрсету және жеткізушінің кепілдік міндеттемелерін орындау талабы құқықтарынан айырылған.

Өтініш берушілердің айтуынша, әлі күнге дейін портал жұмысын реттейтін бірде-бір тиісті нормативті заң жүйесі, ОТҚ-ға бірыңғай талаптар (стандарттар, регламенттер) жоқ. Мүгедектерді сапалы оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік ақшаның мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізу бөлігінде оларды әлеуметтік оңалту мәселелерін шешу жауапкершілігінен Министрлік өз-өзін шеттеткен.

Бұл мүгедектерге сапасыз және контрафактілік ОТҚ-ны жазасыз өткізудің басталуына әкелді. Мысалы, көзі көрмейтін мүгедектерге пайдалануда болған немесе өндірістен әлдеқашан шығарылған арнайы плеерлер мен ноутбуктер сатылады. Осылайша, Портал арқылы жеткізілетін «оқу машинасы» (бағасы 1 млн. теңгеден астам) атты құрылғылар өз функционалына сәйкес келмейді және 3 жыл бұрын өндірістен алынып тасталған. Ал жеткізушілер болса мерзімі өткен немесе жалған сертификаттармен сүйемелденіп, 2020 жылы шығарылған деп көрсетеді. Осындай фактілерді растау үшін өтініште пайдаланылған немесе функционалдық емес құралдарды Портал арқылы іске асырудың басқа да мысалдары келтіріледі.

Портал тіпті көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмейтін ОТҚ ұсынатын жосықсыз жеткізушілерге толық еркіндік береді.

Портал «Электрондық бүрге нарығына» айналып, мүгедектерді мемлекеттік әлеуметтік қорғауға арналған кепілдіктерден толық айырды. Сонымен қатар, Порталда жеткізушілермен жалған шарттар бойынша кейбір тұтынушылардың алаяқтық сөз байласуы үшін барлық жағдай жасалған.

Портал жұмысы барлық санаттағы мүгедектердің наразылығын тудырғандықтан, фракция депутаттары келесіні сұрайды:

  1. барлық кемшіліктер мен бұзушылықтар жойылғанға дейін Портал жұмысын тоқтата тұру;
  2. ОТҚ мен оңалту қызметтеріне бірыңғай талаптарды белгілейтін, Портал жұмысын реттейтін тиісті нормативті заң жүйесін жедел түрде әзірлеу;
  3. бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды, жеткізілетін ОТҚ-ны тексеруді ұйымдастыру.

Сонымен қатар, шалғай ауылдардың тұрғындарының барлығында бірдей ғаламторға қолжетімділік жоқ. Тиісінше, Әлеуметтік қызметтер порталына қолжетімділік те жоқ. Осыған байланысты, мүгедектерді оңалту жөніндегі ОТҚ-мен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары