10 наурыз 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Е.Л. Тоғжановқа
Біз Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №337 бұйрығынан кейін қалыптасқан, ағымдағы жылғы 21 қаңтарда күшіне енген шекті бағаларды реттеу жөніндегі дәрілік препараттар нарығындағы жағдай туралы сауалды ағымдағы жылдың 27 қаңтарында жарияладық.
Сол кезде біз Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір дәрі-дәрмектерді сатып алу бағасынан төмен сатуға мәжбүрлейтін, ал кейбір дәрі-дәрмектер бойынша шекті көтерме және бөлшек құнын теңестіретін ойластырылмаған іс-әрекеттер салдарынан 130-дан астам препарат нарықтан жоғалып кетуі қаупі бар екенін жеткізген болатынбыз. Айта кетейік, Конституция бойынша әркімнің өз еңбегі үшін сыйақы алуға құқығы бар, ал Кәсіпкерлік кодекске сәйкес - бұл пайда табуға бағытталған қызмет. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің әрекетін кәсіпкерлік қызметті шектеу деп санауға болады.
Денсаулық сақтау министрлігі осындай бұйрықтарды беру арқылы дәрі-дәрмектің шекті бағалары мен үстеме бағасын қалыптастыру ережелерін бұзды (2020 жылғы 11 желтоқсандағы), онда бөлшек үстеме баға дәрі-дәрмектерді бөлшек саудада сатумен байланысты кірістер мен шығыстарды қоса алғанда, шекті бағаға үстеме болып табылады. Сонымен қатар, Ережелер нарық қатысушыларына сәйкес келетін үстеме пайыздарды қарастырады.
Президенттің дәрі-дәрмек бағасын төмендету жөніндегі тапсырмасының мақсаты - олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, өндіруші бағасын қалыптастырудан бастап дәріхана деңгейінде үстеме бағаға дейін баға белгілеудің ашық жүйесін белгілеу.
Бірақ оны Денсаулық сақтау министрлігі орындай отырып, бірқатар дәрі-дәрмектердің тапшылығына ғана емес, сонымен қатар шағын дәріхана бизнесінің жойылуына, дәрі-дәрмектер нарығын монополиялауға әкелді.
Кеше Денсаулық сақтау министрінің м.а. біздің сауалымызға ресми жауап берді, онда а.ж. 10 және 23 ақпанда кеңестер өткізіліп, жаңа бұйрықтың жобасы әзірленгенін хабарлаған.
Біз ескерткеніміздей, ақпан айында кардиомагнил, аспирин, ибуфен, эреспал, гепарин, сумамед және т.б. сатылымнан жоғалып кетті. Бұл туралы бизнес-қауымдастықтар ғана емес, азаматтардың шағымдары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары да хабарлап жатыр. Жаңа бұйрық жобасының тізімінің тек 2/3 бөлігін алдын-ала талдау көтерме қоймаларда бағасы айтарлықтай төмендеген 70 түрлі дәрі-дәрмектің жоқ екенін көрсетті. Ксарелто, жүкті әйелдерге аса қажет инъекцияға арналған клексан тапшы болып барады, оған тиісінше 11 603 және 13 мың теңге көтерме және бөлшек сауда бағасы белгіленген. Дәріханалар оны 17-19 мың теңгеден сатып алды, енді олар осы препаратты өздері үшін шығындармен сатуға мәжбүр. Осы және басқа да көптеген маңызды препараттар үшін жаңа бұйрық жобасындағы шекті құн өзгеріссіз қалды.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары халықты қажетті препараттардың барлық кешенімен қамтамасыз ету үшін ықтимал салдарларды ескере отырып, шекті бағаларды тағы бір рет қайта қарауды, сондай-ақ 2020 жылғы 31 желтоқсандағы бұйрық қолданысқа енгізілгенге дейін дәріханалар сатып алған препараттарды өткізу үшін өтпелі кезең белгілеуді талап етіп қайта жүгінеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары