Қазақстан Республикасының Бас прокуроры
Ғ. Д. Нұрдәулетовке
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы
Ж. Қ. Элимановқа
Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!
Құрметті Жанат Қалдыбекұлы!
Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясы мен кәсіпкерлік қоғамдастық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қаржы мониторингі агенттігінің құрылуын оңды деп есептейді.
Жаңа күш құрылымы емес, азаматтық бөлімнің құрылуы оның кәсіпкерлік қызметті қылмыссыздандыруға бағытталғандығын көрсетеді.
Бұл Президент Қ.К. Тоқаев елдегі деофшоризация мен бизнестің қолайлы климатына көңіл бөліп отырған мемлекеттік маңыздылықтың көрсеткіші екені сөзсіз.
Кәсіпкерлерге қатысты соңғы жылдардағы талабы жоғарылаған үрдістерді ескеретін болсақ, бұл қадам дер кезінде жасалғанын атап өтуге мәжбүрміз.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми деректеріне сәйкес, 2020 жылдың өзінде экономикалық қылмыстар, яғни олар бойынша қылмыстық істер саны 23%-ға өсті. Олардың басым көпшілігі - шот-фактураларды заңсыз шығару, бухгалтерлік есепті бұзу, несиені заңсыз алу және басқалар.
Аталған баптардың әрқайсысы бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді.
Сонымен бірге, қылмыстық жауапкершіліктің болуы кәсіпкерді бірнеше ай бойы қамауда ұстауға, бопсалауға және бизнесті басып алуға мүмкіндік береді. Мұндай істердің едәуір бөлігі сотқа дейін тоқтатылатыны кездейсоқ емес.
Ең өрескелі, кәсіпкер түрмеге жабылған кезде кәсіпорын жойылады, жабдықтар ескіреді, жүздеген адамдар жұмысынан айрылады, ал мемлекет салықтан айырылады. Түрме ешкімді жақсы жаққа өзгерткен емес. Ал қоғам оны қамтамасыз етіп отыр. Іс жүзінде бәрі жеңіліс табуда.
«Ақ жол» демократиялық партиясы кінәлі бизнесмендерді түрмемен емес, қайта ақша өндірумен жазалау керек деп санайды. Ол ұрлады, салық төлемеді, олай болса екі-үш есе көп етіп қайтарсын. Осылайша ол экономика субъектісі ретінде сақталады, мемлекетке пайда табуды жалғастырады, жұмыс орындарын сақтайды.
Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қаржы мониторингі агенттігінің құрылуымен экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар түпкілікті бөлінеді деп үміттенеміз.
Экономикалық бұзушылықтарды кәсіпкерлер, ал сыбайлас жемқорлықты мемлекеттік қызметкерлер немесе мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуымен жасайды.
Олар бойынша жауапкершілік деңгейі ерекшеленуі тиіс деп есептейміз және кәсіпкерлерге түрме мерзімдері қолданылмауы тиіс экономикалық бұзушылықтарды толық декриминализациялауды қолдаймыз.
Сондықтан жазаның балама шараларын қарастыру қажеттілігі бар.
Атап айтқанда, заманауи технологиялардың дамуымен жер аудару сияқты әдістерге оралуға болады. Бұл шаралар талап етілмегендіктен 1998 жылы Қылмыстық кодекстен алынып тасталған еді.
Алайда, бүгінде олар қарапайым кәсіпкерлерден қылмыскерлерді жасамауға мүмкіндік берер еді. Мұндай құқық бұзушылар, әдетте, іскерлік қабілетке ие, көбінесе қаражаты және кәсіпорындары бар. Олардың түрменің орнына шағын қалалар мен аудан орталықтарына қоныс аударуы жергілікті экономиканы дамыта алады. Өйткені, мұндай сотталғандар бос отырғысы келмейді, отбасылар мен бизнесті көшіріп, өздері мен өз мамандары үшін үйлер салып, балалары оқитын мектептерді жөндеп, демалыс орындарын аша алады. Осылайша, мемлекет қылмыскерлердің орнына жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді сақтап, депрессияға ұшыраған аудан орталықтары мен шағын қалаларды, мысалы, Солтүстік Қазақстан немесе Қызылорда облыстарын, Арқалық немесе республиканың сыртқы шекараларын мақсатты түрде жандандыра алады.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы экономикалық қылмыстар үшін жазаларды ізгілендірудің мынадай шараларын қарауды ұсынады:
1) экономикалық қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру сияқты шараны толығымен қаржылық санкциялармен алмастыру;
2) толық күшін жою мүмкін болмаған жағдайда, бизнеспен айналысу құқығын сақтай отырып, республиканың шалғай аудандарына көшіру және ірі қалалар мен облыс орталықтарында тұруға тыйым салу ретінде кәсіпкерлер үшін жазаның балама түрлерін енгізу;
3) аудан орталықтары мен шағын қалалар арасынан экономикалық бұзушы болып есептелетін кәсіпкерлер мен олардың инвестицияларының ағынын қажет ететін ықтимал орындарды анықтау.
Құрметпен,«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары