Соңғы айда Қазақстан пандемиямен күресте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді, біз ауру деңгейінің жалпы төмендеуін байқап отырмыз, бұл мемлекетке карантинді әлсіретуге және кәсіпкерлер жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, әлемдегі жағдай босаңсауға әлі ерте екенін көрсетеді, ал шамадан тыс оптимизм мен ұқыпсыздық инфекцияның жаңа толқынының қайталануына қауіп төндіреді.
Ресейде күн сайын қырық мыңға жуық коронавирус жұқтыру жағдайы анықталып, мыңнан астам адам қайтыс болуда, бұл пандемия кезіндегі ең нашар көрсеткіш. Ал Қытайда аурудың жаңадан белең алғанын хабарлап, тағы бір мегаполисті толық оқшаулады.
Жағдайды бақылауда ұстау қажеттігіне кеше Премьер-министр Асқар Мамин назар аударды, атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігіне вакцинация қарқынын арттыруды және шекарада эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Осы шараларды қолдай отырып, «Ақ жол» ҚДП фракциясы кез-келген тапсырманы нақты адамдар орындайтынын еске салуға мәжбүр.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан вируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өтіп жатқан сынақтарды бағаламау байқалады.
Бұл өзінің және жақындарының денсаулықтарына қауіп төндіре қызмет еткен жүздеген дәрігерлердің өмірі қиылған соғыс десе болады. Өйткені ауруханалардың ковидтік аймақтарында жұмыс істей отырып, олар вирустың тасымалдаушысы болып табылады және қауіпті вирусты туыстарына жұқтыруы мүмкін.
Былтырғы жылдың 28 қазанында «Ақ жол» фракциясы COVID-19-бен ауырған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне төлемдердің күшін жоюға қарсы пікір айтып депутаттық сауал жолдаған болатын.
Біз дәрігерлерге мемлекет тарапынан қамқорлық жасап, қиын уақытта қолдау көрсету маңызды екенін атап өткен едік.
Соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі төлемдерден бас тартып, оларды медициналық мекемелердің ковидтік аймақтарында жұмыс істегені үшін үстемақылармен алмастырды.
Бірақ бір жыл өтпей-ақ, тамыз айында бұл төлемдер екі есеге азайды, ал 1 қазаннан бастап олар толығымен тоқтатылды.
Бұл ретте, министрліктің түсіндіруі бойынша үстемеақының орнына дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерге 7 (жеті) мамандық және үш тәуекел дәрежесі бойынша қосымша ақылар енгізілетін болады.
Алайда, «Ақ жол» партиясына медицина қызметкерлері өтнішпен келіп, оларға қандай қосымша ақылар берілетіні, олар әрбір нақты жағдайда күші жойылған үстемеақыларға барабар ма, жоқ па белгісіз екендігіне шағымдануда. Дәрігерлер тұрақты күйзелістер, эмоционалды тұрақсыздық және пропорционалды емес қауіптер салдары олардың көпшілігінің денсаулық сақтаудағы әрі қарайғы жұмыс істеуі туралы немесе мамандықтан кету туралы шешіміне тікелей байланысты екенін жасырмайды.
Ақ халатты абзал жандар Денсаулық сақтау министрлігі айтқан тәсілдерде бұл қосымша төлемдер ең лас және аз ақы алатын жұмысты орындайтын кіші медициналық қызметкерлерге қолданылмайтынына алаңдайды; коронавируспен ауыратын науқастарды алғашқы анықтау және олармен тікелей байланыс жиі болатын емханалардың қызметкерлеріне арналған төлемдер туралы ештеңе айтылмаған.
Жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, пандемияның жалғасуы қаупінің артуы аясында «Ақ жол» ҚДП фракциясы ковидтік қатер аймағында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне бұрынғы деңгейден төмен емес жалақының тиісті мөлшерін қамтамасыз етуді талап етеді.
Әйтпесе, министрлер мен кәсіпкерлерді «қорқытатын» бақылау топтары өздері бұл қауіппен күресулеріне тура келеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары