04
Мамыр

04.05.2022

«Ақ жол»: Мұнай өнімдері нарығындағы делдалдарды жойып, көтерме бағаның өсуіне жол бермеу керек

4 мамыр 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

Р. В. Склярға

«Ақ жол» партиясына мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу саласының кәсіпкерлері өтінішпен жүгінуде.

Мәселен, Үкімет Мемлекет басшысының б.ж. 11 қаңтардағы тапсырмасын орындау үшін мұнай өнімдеріне акциздердің мөлшерін белгілейтін қаулы қабылдады (2022 жылдың 24 наурызындағы №155).

Қаулы жобасын талқылау кезінде Қазақстандық отын қауымдастығы бұрын мұнай өнімдеріне акциздердің ұлғаюы кезінде олардың көтерме бағасы автоматты түрде өскеніне алаңдаушылық білдірді және акцизді арттыру кезінде көтерме бағалардың көтерілуіне жол бермеу бойынша қатаң бақылау орнатуды ұсынды.

Қауымдастықтың бұл ұсынысы назардан тыс қалды. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі бәсекелес ортада акциздердің мөлшері акцизделетін мұнай өнімдерінің нарықтық бағасына әсер етпейді, ал түпкілікті баға делдалдардың саны мен үстемеақының мөлшеріне, ішкі бағалардың әлемдік бағалармен арақатынасына байланысты болады деп есептейді. Бұдан басқа, Министрлік ЖЖМ-ді бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды 180 күнтізбелік күнге белгілеуді, ЖЖМ өндіру мен бөлуді реформалау жөніндегі шаралар кешенін ескере отырып, акциздердің өсуі бағаның өсуіне алып келмейді деп бекітеді.

Алайда, қауымдастықтың қауіптері расталды - мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілер ресурс ұстаушылардан дизель отынының жүктелмеген төленген көлемін жеткізу акциздердің жаңа мөлшерлемелерін ескере отырып болатындығы туралы хабарлама ала бастады.

Бұл хабарламалар Мемлекет басшысының «бензин өндірушілерден және әртүрлі делдалдардан акциздер түріндегі маржаны бағаның өсуіне жол бермей, бюджеттің пайдасына алу» тапсырмасын тікелей орындамауға тырысу болып табылады.

Қазір Қазақстанда дизель отынына қатысты жағдай былтырғы сценарий бойынша дамуда: 2021 жылдың басында тапшылық қалыптаса бастады, бағаның күрт өсуі литріне 190 теңгеден 260 теңгеге дейін болды, ал тамыз-қыркүйек айларында жағдай өте күрделі болды.

Бүгінгі таңда дизель отынының тапшылығы және көтерме бағаның өсуі байқалады, ресурстарды ұстаушылар шығарылымды минимумға дейін шектеді, ал кейбіреулері бағаның одан әрі көтерілуін күтіп, көтерме сауданы мүлдем тоқтатты.

Кейбір жеткізуші-делдалдар, көлік шығындарын, мұнай базасының шығындарын және ЖҚС операциялық шығындарын есептемегенде, дизель отынын зауыттан тоннасына 280 000 теңгеге дейін көтеріңкі көтерме бағамен ұсынады.

Бұл ретте, дизель отынына мемлекет белгілеген бөлшек сауда бағасы литріне 230-дан 260 теңгеге дейін өзгеріп отырады.

Бөлшек сатушылар тек шығынға ұшырайды немесе өз қызметін тоқтатады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ жол» фракциясы Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындау мақсатында мұнай өнімдеріне көтерме бағаның көтерілуіне жол бермеу және көтерме жеткізушілер мен делдалдардың тәбетін тежеу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды талап етеді.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары