17
Ақпан

17.02.2021

«Ақ жол» прокуратура органдарының белсенді құқық қорғау рөлін қалпына келтіру қажет деп санайды

ҚР Бас прокурорына

Кеше ғана Бас прокуратура басшылығымен кездесуде Мемлекет басшысы прокуратура органдарын халықтың мүддесі үшін реформалаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Президент Қ.Тоқаев кәсіпкерлердің тексерістерін бизнес айлап өз құқықтарын қорғауға қол жеткізе алмайтын нағыз қуғын-сүргін деп атады. Ол прокурорларға бизнестің тексеруші органдармен қарым-қатынасында заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Президенттің осындай бағалауымен толық келіседі. Мәжілістегі фракцияның ондаған депутаттық сауалдары мен өтініштері азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тақырыбына арналған.

Өкінішке орай, прокуратура органдары көбінесе ресми жазылымдармен шектеледі. тек Бас прокуратура деңгейінде ғана тиісті шара қолданылады, кейде ол да жоқ.

Барлық уақытта прокуратура органдарының беделі мызғымас болды, кез келген азамат білікті көмек ала алды, ал кәсіпкерлер арасында прокуратура тек қадағалау ретінде ғана емес, ең алдымен құқық қорғау органы ретінде де қабылданды.

Алайда, соңғы жылдары прокурорлар белсенді позициядан өзін-өзі алып тастады, өтініштерді қарау кезінде жиі бас тартып, қолданыстағы заңнамаға сілтеме жасаумен шектелуде.

Бір жағдайларда ҚР АІЖК 435-бабына сәйкес, «прокурор сот актілеріне мемлекеттің, қоғамның және өзін-өзі қорғай алмайтын азаматтардың мүдделерін қозғайтын істер бойынша ғана наразылық білдіре алады» деп жауап береді.

Барлық инстанциялар мен соттардан өткен және шындықты таппаған азамат немесе кәсіпкер мемлекеттік машина мен шенеуніктердің қысымынан қорғансыз қалмай ма?

Басқа жағдайларда прокурорлар «адамдардың шектелмеген тобының» мүдделерін қозғайтын не «адамдардың өмірі, денсаулығы және республиканың қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарлардың алдын алу үшін» жағдайлар ғана көрсетілген «Прокуратура туралы» Заңның 6-бабына сілтеме жасай отырып, нақты жекелеген фактілерге ден қоюдан бас тартады.

«Адамдардың шектелмеген тобы» дегеніміз не? Бұл жалпы фактілер.

Бірақ Конституцияда да, «Прокуратура туралы» Заңның 4-бабында да адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге кепілдік беріледі.

Яғни, Конституция мен заң жаппай бұзушылықтарды күтуді талап етпейді, керісінше әрбір жеке азаматты және әрбір кәсіпорынды қорғайды.

Бұл сауатсыз және кейде шенеуніктердің қасақана әрекеттері нәтижесінде бизнесті жоюдың «қайтымсыз салдары» емес пе? Өкінішке қарай, мұндай фактілер жеткілікті.

Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда кәсіпорынның күйреуі себебінен жұмысынан айрылу, әсіресе егер сіз 50 жастан асқан болсаңыз, бұл да қайтымсыз салдар болып табылады, өйткені зейнетке жақындаған жаста жаңа жұмыс табу мүмкін емес.

Иә, Бас прокуратураның «Ақ жол» фракциясының өтініштері бойынша кәсіпкерлерді қорғап, бақылау органдарының заңсыз қысымының жолын кескен мысалдары аз емес. Біз көрсетілген көмек үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Бірақ, өкінішке қарай, азаматтар мен кәсіпкерлердің жергілікті прокуратура органдарына жүгінулерінің басым бөлігі нәтиже бермей отыр. Прокурорлардың әрекетсіздігі кезінде әділеттілікке және мемлекетке деген сенімге нұқсан келтіретін шешімдер шығарылады.

Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!

«Ақ жол» фракциясы толыққанды қадағалау функцияларын және прокуратура органдарының құқық қорғаудағы белсенді рөлін қалпына келтіру аса қажет деп санайды.

Осыған дейін де біз бұл туралы көп талқыладық. Бірақ Президенттің осындай бағалауынан кейін біз жағдайды өзгерте аламыз деп үміттенеміз.

Бас прокуратурамен бірлесіп, әрбір жеке азаматтың және әрбір кәсіпорынның құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз етуге арналған заңнамадағы тиісті өзгерістерді әзірлеуге немесе дербес бастама жасауға дайын екенімізді жеткіземіз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары