30
Маусым

30.06.2021

«Ақ жол» ректор лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды

30 маусым 2021 жыл, Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі


«Ақ жол» ЖОО ректорлары лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарды қайта қарауды талап етеді. Фракция оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмысында тәжірибесі бар адам жоғары білімді басқаруы тиіс деп санайды. Бүгін «Ақ жол» фракциясының депутаттары Премьер-Министрдің атына осы тақырыпқа байланысты хатты жолдады.


ҚР Премьер-Министрі
А. Ұ. Маминге

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Үкіметтің 2020 жылғы 29 мамырдағы Қаулысымен бекітілген Ережелерде білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына кандидатураларды іріктеу кезінде мынадай негізгі талаптар айқындалды:

  • жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуы;
  • білім беру ұйымдарында, сондай-ақ тиісті салалардағы уәкілетті органдарда басшылық лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілінің болуы.
    Бұл талаптар ЖОО ректорларына да таратылады. Жоғарыда аталған талаптарға сәйкес мектепке дейінгі мекеменің кез-келген басшысы немесе тиісті тәжірибесі бар білім беру жүйесінің қызметкері ректор лауазымына үміткер бола алады.
    Әрине, олардың арасында лайықты басшылар да аз емес. Бірақ бұл жағдайда университеттің ерекшелігін есте сақтау қажет. Университет басшысы тек терең білімді болып қана қоймай, сонымен қатар оның негізгі білім беру және ғылыми процестер болып табылатын ұйым қызметінің мазмұнына жауап беруі керек. Оқытушылық тәжірибесі жоқ, ешқашан ғылыми-зерттеу жұмысымен айналыспаған адам жоғары білімді қалай басқара алады?
    Жоғары оқу орнының абыройы, білім беру процесінің сапасы көбінесе ректорға байланысты деп санаймыз. Белгілі мақалды өзімізше жеткізетін болсақ «Ректоры қандай болса - білім ордасы да сондай».
    Осыған байланысты жоғары оқу орындарының ректорлары лауазымына кандидатураларды іріктеу кезінде үміткерлердің ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағының, сондай-ақ ғылыми немесе ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілінің болуын ескере отырып, бұрын бізде болған және әлі күнге дейін көптеген елдерде қолданылатын негізгі талаптарды қайта қарауды сұраймыз.

Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары