13
Желтоқсан

13.12.2023

"Арселор Миттал Теміртаудың" жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы қарызын кім өтейді?

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Ә.А.Смайыловқа

Белгілі болғандай, «АрселорМиттал Теміртау» көмір кеніштерінде орын алған қайғылы оқиғалардың салдарынан Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен зауыттың иесі ауысты.

Бүгінгі күні Үкіметтің есеп беруінше өткізу процесі толығымен аяқталды.

Бұл ретте зауытты жаңа инвесторға берудің түпкілікті рәсімі аяқталмай жатып-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының кәсіпорынның қажеттіліктеріне жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін отандық кәсіпкерлер алдындағы 500 миллионнан астам  қарызы мәселесі БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

«АрселорМиттал» көптеген жылдар бойы қазақстандық мердігерлер алдындағы кредиторлық берешегін ұлғайтып, өзінің басым жағдайын пайдалана отырып, шын мәнінде олардың есебінен пайызсыз несиеге ие болатын.

Қазір көптеген мердігерлерді алаңдатып отырғаны – қазіргі жағдайда зауытқа жеткізілген материалдар мен құрал-жабдықтар үшін аталған қарыздардың қалай қайтарылатыны, оны бақылау үшін құжаттамаларға толық ревизия жасалуы керек.

Егер бұрын мердігерлер мен жеткізушілер бөліп-бөліп ақшасын қайтарып алуға сәл үміті болған болса, қазір олар банкрот боп, барлық қаражатынан айырылудан қауіптенуде.

Оның үстіне дәл осындай жағдай 1995 жылы да орын алған, зауытты сол кездегі Министрлер Кабинетінің тікелей араласуымен ГАО «Кармет» Митталға өткізген кезде ескі иесі барлық активтерді, соның ішінде кредиторлық қарызды да жаңа қожайынға тапсырғанына сілтеме жасап, ал жаңа иесі аталған қарызды мойындамай қойған.

Сәйкесінше, бүгінде 28 жыл бұрынғы жағдайдың қайталану қаупі бар.

Бірақ бұл қарыздардың артында кәсіпорындардың ғана емес, олардың контрагент серіктестерінің, сонымен қатар мердігерлердің мыңдаған отбасыларының тағдыры тұр.

Айта кету керек, «Ақ жол» демпартиясы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының отандық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мәселесін шешу үшін Бас прокуратура мен Үкіметке бірнеше рет ресми сауал жолдаған болатын (ДС №209, 27.12.2019ж. және №214, 31.05.2023ж.).

Мемлекеттік органдардың берген жауабына сәйкес, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде делінген және тиісті рұқсат беру комиссиялары құрылған. Дегенмен, бүгінде жағдайдың шешілмегенін, шын мәнінде тығырыққа тірелгенін көріп отырмыз.

Бұл ретте кәсіпкерлер қарыздан бөлек, кассалық алшақтықты жабу мен салық төлеу мәселесінде де қиындықтарға тап болды. Салық органдарының айтуынша, мұндай жағдайларда туындаған берешек есептен шығарылмайды немесе ол АМТ-ға аударылады.

Демек, АМТ мердігерлері зауыттың бұрынғы және қазіргі иесінен қарыздарын қайтара алмағаннан бөлек, фискалдық органдардың талаптары мен қосымша салықтарымен күресу мәселесіне тап болды.

Жоғарыда айтылғанға байланысты, құрметті Әлихан Асханұлы, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы қарыздарын өтеу бойынша Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын түсіндіруді сұрайды?

 Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Садыков

А.Перуашев

Д.Еспаева

К.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев