17
Қыркүйек

17.09.2025

Цифрлық жобаларға тиімсіз шығындар туралы депутаттық сауал

ҚР Премьер-Министрі

О.Бектеновке

Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне

Президент Тоқаев халыққа жасаған өзінің соңғы Жолдауында цифрлық тәуелсіздікке қол жеткізу қажеттілігін, ашық әрі өз шешімдерімізге кезең-кезеңімен өтіп, негізгі салаларда ЖИ-ді ауқымды қолдану туралы айтты, сонымен қатар, Қазақстан үш жылдың ішінде цифрлық мемлекетке айналуы тиіс деп нақты мерзім қойды.

Осы орайда, "Ақ жол" фракциясы биылғы жылы мемлекеттік органдардағы цифрландыру, жүзеге асырылып жатқан ІТ-бағдарламаларды бірыңғай мемлекеттік платформа арқылы унификациялау қажеттілігі, сондай-ақ, мұндай жобалардың міндетті аудитін енгізу мәселесіне бойынша үш депутаттық сауал жасады (2025 жылдың 5 наурызы, 14 мамыры және 25 маусымында).

Өкінішке орай, бұл сауалдарға мардымды жауап берілмеді, кейбір мәселелер бойынша кереғар пікірлер мен толымсыз ақпараттарға тап болдық, істен шығарылған ақпараттық жүйелерге қатысты шығын сомасы мен жауапты тұлғалар аталмай (ал, бұл жерде әңгіме ондаған миллиардқа тең бюджет қаражаты жөнінде), жалпылама тізімдер ғана берілген.

Мәселен, Павлодар облысындағы "Қауіпсіз қала" ІТ-жобасы бойынша Министрлік «Info Data» ЖШС-ның жабдықтар мен бағалар тізімдемесі көрсетілген коммерциялық ұсынысы қоса жолданғанын атап өткен, абайда шын мәнінде бұл құжаттар бізге берілмеді. Ал, жобаның құны еш себебін түсіндірместен 8,3-тен 9,26 млрд теңгеге дейін ұлғайған, ол аздай, Цифрлық даму министрлігінің сараптамасы жоқ, тәуелсіз баға сараптамасы да жүргізілмеген.

Баспасөзде мәліметтеріне сүйенсек, мемлекет eGov-қа арналған шетелдік Oracle лицензияларына шамамен 9,8 миллиард теңге жұмсайды. Алайда, 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігі мерзімсіз лицензияларға қол жеткізіп, миллиардтаған қаржыны үнемдеп, шығындарды оңтайландырудың нақты мүмкіндігін көрсетті.

«Ақ жол» фракциясының әртүрлі өңірлер мен ведомстволар жүзеге асырып жатқан цифрлық жобалардың өзара интеграциясы мен бірыңғай цифрландыру саясатының жоқтығына, сондай-ақ тиімсіз бюджеттік шығындарға әкелетін аудитінің жоқтығы туралы сындарына жауап ретінде ЦДЖАӨМ ІТ-жүйелерге аудит жүргізу құзыретінің жоқтығы туралы хабарлады.

Түрлі мемлекеттік органдар жүзеге асыратын IT-бағдарламаларды үйлестіруге қатысты Министрлік QazTech-тен тыс жаңа жүйелерді әзірлеуге нормативтік тыйым салу жоспарлары туралы хабарлады, бірақ әлі күнге дейін бұл платформаны өндірістік іске қосудың күнтізбелік жоспары, қолданыстағы шешімдерді интеграциялаудың жол картасы және т.б. жоқ.

Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында Жасанды интеллект министрлігін құруды тапсырғаны белгілі.

«Ақ жол» фракциясы бұл шешімді қолдайды және ЦДжАӨМ-мен арадағы кейде позитивті, кейде кереғар пікір қайшылықтарымыздың тәжірибесін ескере отырып, осы органға цифрландыру мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды үйлестіру және бақылау үшін аса маңызды өкілеттіктерді беруді жақтайды.

Атап айтқанда, Министрлік мемлекеттік органдар жүзеге асыратын IT-бағдарламаларға салалық аудит жүргізу; киберқауіпсіздік талаптарын қоса алғанда, оларды қолданудың міндетті нормалары мен стандарттарын әзірлеу және бекіту құқығына ие болуы керек.

Цифрландыру – әлемдік лидерлер мен компаниялар бағытын белгілейтін жаһандық үдеріс екенін ескере отырып, бағдарламалардың аудиті мен құжаттарды әзірлеуге халықаралық мамандар мен сарапшылар тартылуы керек.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» фракциясы келесіні талап етеді:

QazTech өндірістік іске қосудың күнтізбелік жоспарын және мемлекеттік органдардың қолданыстағы IT-бағдарламаларын бірыңғай мемлекеттік цифрлық платформаға біріктірудің жол картасын ұсыну;

Павлодар облысында «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша — құжаттардың толық пакетін (смета, коммерциялық ұсыныстар, маркасы/үлгі/бағасы/кепілдігі көрсетілген жабдықтар тізбесі) ұсыну, құнының 8,3-тен 9,26 млрд.теңгеге дейін өсуі себептерін түсіндіру, ЦДЖАӨМ мамандарының қатысуымен жобаның тәуелсіз салалық және баға аудитін тағайындап, оның нәтижелерін жолдау;

Сол сияқты салалық және баға аудитін жүргізбестен мемлекет есебінен жүзеге асырылып жатқан басқа да қымбат IT-бағдарламалар (1 млрд. теңгеден астам) жөнінде хабарлау, ЦДЖАӨМ мамандарының қатысуымен тиісті іс-шараларды тағайындау және олардың нәтижелерін ұсыну.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

О.Нуралдинов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Е.Барлыбаев

Қ.Иса

С.Ерубаев