14
Қараша

14.11.2019

Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бизнесті несиелендіруге қанша ақша жұмсалды?

14 қараша 2019 жыл «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» партиясының депутаттары ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Е.А.Досаевтың Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бизнесті несиелендіруге қанша ақша жұмсалып, ал қаншасы Ұлттық Банктің ноталарына салынғаны жөнінде айтуын сұрады. Аталмыш депуттатық сауалды Мәжілістің пленарлық отырысында фракция депутаты Ерлан Барлыбаев жолдады.

ҚР Ұлттық банкінің Төрағасы

Е.А.Досаевқа

Құрметті Ерболат Асқарбекұлы!

            Өндіріс және сауда салаларымен қатар экономиканың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі банк жүйесі болып табылады. Әлемдік дағдарыс жағдайында банк жүйесі ерекше тәуекелге ұшырайды, өйткені экономиканың әртүрлі секторларының өзара әрекеттесуі жүреді және бір салада басталған дағдарыстық құбылыстар басқа салаларға таралады. Бұл мемлекеттің банк жүйесіне ерекше назар аударуын және жаһандық тұрақсыздық кезеңінде оны қолдауға қомақты қаражат бөлуді талап етті.

2008 жылғы 13 қазанда, 2007-2010 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстың қызған шағында үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қордан 10 миллиард доллар бөлінетіні айтылды. Оның ішінде шамамен 4 миллиард доллар (476 миллиард теңге 119 теңге / доллар) төрт ірі банкті (Халық, Казкоммерц, Альянс Банк және БТА) қаржыландыруға бағытталды.

Болашақта бұл қолдау шаралары соңғы уақытқа дейін бірнеше рет қайталанды. Мысалы, 2017 жылы бес ірі банк - Еуразиялық, АТФ, Цеснабанк, ЦентрКредит Банк, Bank RBK - 650 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алды.

Бұдан бөлек, салықтық жеңілдіктер, кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемелер бойынша субсидиялар сынды қолдаудың басқа да түрлері көрсетіліп келеді.

Сонымен бірге, қоғам мемлекеттік қаражат коммерциялық банктерді байытуға емес, олардың экономиканы қаржыландыру және несиелеу функцияларын қайта жүктеуге бөлінді деп сенді.Мұндағы ең қолайлы индикатор заңды тұлғаларға несие беру болып табылады, өйткені нақты экономика өндірістік қуаттылық пен жұмысшылар санының белгілі бір параметрлері бар кәсіпорындарға тәуелді.

Тұтынушылық несиелендірудің жалпыға ортақ өсуі салаларды несиелеудің төмендеуімен қатар, шетелдік өндірушілерді қолдауды, нарықтың импортқа тәуелділігін арттыруды және ұлттық валютаның әлсіреуін білдіреді.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың барлық түрлеріне және банктердің жан-жақты қолдауына қарамастан, соңғы 10-12 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаларға несие беруі жалпы ішкі өнімнің 22%  дейін төмендеді.

Салыстыру үшін айтар болсақ, экономикасы тұрақты елдерде бұл көрсеткіш кем дегенде 60% құрайды, ал Германия, Канада, Сингапур сияқты дамыған елдерде ол 200% дейін жетеді.

Сонымен бірге, кейбір мәліметтерге сәйкес, Ұлттық Банктің екінші деңгейлі ноталарын банктердің сатып алу көлемі үнемі өсіп отырады. Бұл қол жетімді қаражаттың болуын және екінші деңгейлі банктердің және Ұлттық банктің экономиканы несиелеуге қызығушылықтарының жоқтығын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл несиелерді Ұлттық Банк инфляциялық тәуекелдерді азайту үшін екінші деңгейдегі банктерден қолда бар қаражатты мақсатты түрде алу үшін жасайды.

Бірақ отандық өндірісті несиелеудің жетіспеушілігі импортталатын тауарлардың қымбаттауына әсер етіп, инфляцияға қысым көрсетеді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы келесі сұрақтарға жауап сұрайды:

1) 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін банк секторын қолдауға түрлі көздерден, оның ішінде Ұлттық қордан және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қанша қаражат бөлінді?

2) Сол кездегі екінші деңгейлі банктерге пайыздар, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемегенде, заңды тұлғалар мен шағын және орта бизнеске берілген несиенің таза мөлшері қанша?

3) Сол жылдары екінші деңгейдегі банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ноталарын қандай көлемде сатып алды?

4) Сол кездегі екінші деңгелі банктер осы шараларға (бизнесті несиелендіру мен Ұлттық Банктің ноталарын алу) мемлекеттен бөлінген қаржының қанша пайызын жұмсады?

5) Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің жыл сайынғы өсуіне екінші деңгейдегі банктерге мемлекеттік көмектің әсері қалай бағаланады және банк секторының бюджет кірістерін қалыптастыруға қосқан үлесі қандай?

Құрметпен,

  • «Ақ жол» фракциясының депутаттары