Қазақстан Республикасының
Премьер – Министрі
А.Ұ. Маминге
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Біздің, «Nur Otan» партиясы фракциясының және «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясының бір топ депутаттарының депутаттық сауалына себеп болған Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қызыл су салдарынан орын алған техногенді төтенше жағдай.
Баршаңызға белгілі болғандай Өзбекстан Республикасының аумағында орналасқан «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданының бір қатар елді мекендері су астында қалды.
Бүгінгі таңда ресми деректер бойынша ауданның 10 елді мекені, 800-ден аса тұрғын үйлері, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық нысандары су астында қалып, 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Қазірдің өзінде, көктем кезінде еңбегі жанатын диқан-фермерлердің 7600 гектарға жуық аумақтағы дақылды егін алқабын су басты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету туралы Үкіметке тапсырма беріп, Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын айтты.
Президент тапсырмасын орындауда Үкімет жедел шаралар қабылдады. Апаттың алғашқы күнінен бастап өңірде жедел штаб құрылды. Үкімет жанында елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі құрылған Үкіметтік комиссия залалдың салдарын жедел бағалап, инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысына кіріседі. Су тасқынынан жапа шеккен халыққа барлық қажетті көмек көрсететініне сенеміз. Және өз тарапымыздан қабылданып отырған шараларға ұсыныс айтуды жөн санадық.
Осы орайда, Үкіметтік комиссия су алған тұрғын үйлерге келген залалды бағалауда тек үйдің салынған материалына ғана емес үйдің текше метрлік көлемі мен тұрғындар санын негізге алуын сұраймыз. Кейбір тұрғындардың өз мүліктерін рәсімдеп үлгермегендері де болады. Осы жағдайды ескеру қажет.
Жер асты суларының жақын орналасқанын ескере отырып, су басқан жерлерді бабына келтіру мақсатында дренаж жүйелерін қолдануды және қашыртқыларды іске қосу қажет деп санаймыз.
Диқандарға егінді қайта егуге қолдау жолдарын қарастыра отырып, оның ішінде ауыл шаруашылық техника, жанар-жағармаймен жедел қамтамасыз ететін және оларға егістік алқаптарда уақытша паналайтын мүмкіншілік жасау керек. Сонымен бірге, диқандармен ақылдаса отырып, қысқа мерзімде өнім беретін дақылдарды егуді және оған керекті тұқымдарды жеткізіп беруді және кейін алынған өнімнің сатылуына байланысты шараларды іске асыру керек деп санаймыз.
Қазіргі карантин жағдайын ескере келе, тұрғындарға медициналық көмек беру мәселесіне аса жоғары мән беруді жөн деп есептейміз.
Біздің, «Nur Otan» фракциясынан ертеректе жолданған бірқатар депутаттық сауалдарымызда суармалы сумен қамтамасыз ету және су реттегіштердің сын көтермейтін жағдайы туралы айтылған болатын. Бүгінгі орын алған апаттық жағдайда олардың су өткізу қабілеттілігі төмен болғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, сол алқаптағы қашыртқылардың уақытылы тазаланбағаны салдарынан қоқысқа толып, жарамсыз болғаны тасыған судың өтуіне кедергі жасауы, жағдайдың өршуіне әкеліп соғып отыр. Осы ретте, су құрылымдарының жұмыс қабілеттілігін қамтасыз ету керек.
Жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес беруді сұраймыз.
Құрметпен,
«Nur Otan» партиясы фракциясының
мүшелері Қ.Ержан
Е.Бектұрғанов
М.Ерман
Д.Мыңбай
Ф.Қаратаев
З.Аманжолова
«Ақ жол» партиясы фракциясының
мүшелері А.Перуашев
Е.Никитинская
Е.Барлыбаев
К.Абсатиров
Б.Дүйсенбинов
Д.Еспаева
М.Казбекова