Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
Р. В. Склярға
Тұрақты нарық кез келген мемлекеттік қолдау шараларына қарағанда бизнестің дамуын үдетеді. Өндіруші үшін тұрақты әрі тиімді өткізу нарығының болуы маңызды.
Осыған орай, бүгінгі депутаттық сауалымда отандық бизнестің проблемалы мәселесінің біріне тоқталып кеткім келеді. Ол – салқындатылған сиыр еті мен қосалқы ет өнімдері бойынша сату нарықтарын ашу қажеттілігі.
Отандық етті өткізу үшін бірден-бір нарық – Қытай Халық Республикасы (бұдан әрі – ҚХА). Ол географиялық жақындығы жағынан да, жергілікті нарық үшін өнімді қолайлы бағамен жеткізуге де тиімді. Ал 2021 жылғы көрсеткішке сүйенсек, Қазақстанда 186 млн. га жайылым мен 28 мың фермерлік шаруашылық бар. Бұл экспорт көлемін жылдам ұлғайтуға және өсіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде отандық кәсіпорындардың ҚХР-ға салқындатылған сиыр етін жеткізуге рұқсат алу мүмкіндігі бар. ҚХА-ға өнімді экспорттауға ет өңдейтін 4 кәсіпорынның аккредиттеуден өтуі – бұл өткен жылдары нарықтарды ашу бойынша жүргізілген жұмыстың жемісі. Алайда, бүгінде мұздатылған сиыр етін жеткізу, басқа да тиімді экспорттық позицияларды айтпағанда, ҚХР-мен құрлық шекаралары арқылы өтудің қиындығына байланысты іс жүзінде тоқтап тұр.
Етті мал шаруашылығының дамуын ілгерілету үшін тауардың Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өткізу мәселесін шешіп қана қоймай, салқындатылған сиыр еті мен ет өнімдері үшін ҚХА нарығын ашуымыз қажет.
Бұның маңыздылығы мынадай болмақ.Салқындатылған сиыр еті мұздатылған етке қарағанда 90%-ға қымбат. Мұздатылған еттің тартымды бағасы – килограмына 6 АҚШ долларын құраса, салқындатылған еттің 1 килограмы 11 АҚШ доллары тұрады. Ал жалпы тұтыну көлемі жылына 8 млн. тонна сиыр етін құрайды. Бұған қоса, ауқымды нарық Қазақстанның етті мал шаруашылығының қарқынды дамуына серпін береді.
Бұдан бөлек, ірі қара малды сою кезінде етпен бірге түрлі бағалық санаттағы өнімдер қатар өндіріледі. Демек, ет өңдеу кешендері етпен қоса субөнімдерді – ішек-қарынды, қанды, теріні және басқа да өнімдерді алады. Осы өнімдерді Қазақстанның ішкі нарығында тұтыну шектеулі, оларға тиісті сұраныс жоқ. Нәтижесінде, ет өңдеу тиімсіз салаға айналады. Ал бұл саланың игермеген қаражатының жылдық жиынтық көлемі шамамен 600 млрд. теңгені құрайды. Сонымен бірге, ҚХА-да субөнімдер сұранысқа ие, кәдеге асады және жалпы түсімі ет сатудан түсетін түсіммен тең түспесе, кем түспейді.
Сараптамалық бағалауға сүйенсек, экспорттық баға 500 мыңға жуық қазақстандықты бизнеске тартумен қатар, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл салаға 700 млрд. теңгеден астам қосымша табыс түссе, инвестициялар көлемінде 1,3 трлн. теңге әкеледі. Бұл ет өңдеу кәсіпорындары, бордақылау алаңдары және фермерлік шаруашылықтарды салуды және олардың қуатын арттырар еді.
Халықтың 40%-дан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерек, ел үшін бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әлеуметтік шиеленісті болдырмау және қалалардың инфрақұрылымына қысымды төмендету мүмкіндігі болып табылады.
ҚХА – күрделі әрі бәсекелі нарық. Аталған мәселелер Үкімет деңгейінде шешіледі. Мысалы, ресейлік шенеуніктердің осы елдің нарығын ашудағы табанды еңбегінің нәтижесінде, сиыр етінің экспортын алғашқы алты айда 3 есе өсірген. Олар 2020 жылғы қаңтарда мұздатылған сиыр етіне нарықты ашса, жарты жылдан кейін 2020 жылғы маусымда салқындатылған ет нарығын ашып отыр. Ал қазіргі уақытта ресейліктер субөнімдер нарығын ашу мәселесін келісіп жатыр.
Бұл ретте Қазақстанда жауапты мемлекеттік органдар осы бағытта ешқандай жұмыс жүргізбейді. Дегенмен, келіссөз процестерін тездетіп, салқындатылған сиыр еті және қосалқы өнімдер бойынша ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісіп, кейін кәсіпорындарды ҚХР-ға экспорттау үшін аккредиттеуден өткізу керек.
Бұл мәселе бүкіл ел бойынша ондаған мың кәсіпкер үшін маңызды мәселе болуына қарамастан, жұмыс баяу қарқынмен жүріп жатыр. Осыған байланысты Үкіметке келесі сұрақтарды қойғым келеді:
- ресейлік шенеуніктер салқындатылған сиыр еті бойынша нарықты ашқан соң жарты жыл ішінде қосалқы ет өнімдері бойынша ҚХА нарығына шыға алды. Ал бізде экспортқа жол ашуға неге тиісті көңіл бөлінбейді?
- реформалардың жүріп жатқан он жылы ішінде әлемдік стандарттар бойынша өндірістік тізбек құрылғанына қарамастан, мал басын көбейту мен оның сапасын жақсартуға, жабдықтар сатып алуға, салаға қатысушыларды оқытуға, мыңдаған гектар жайылымдарды айналымға енгізуге миллиардтаған қаншама жеке және мемлекеттік қаражат жұмсалды. Үкімет деңгейінде Қазақстанның ет саласы үшін өткізу нарықтарын ашу бойынша неге кешенді міндеттер қойылмайды?
Бұған қоса, салқындатылған сиыр еті мен қосалқы өнімдер нарығын ашу мәселесі бойынша жауапты құрылымның барлық іс-қимыл алгоритмін әзірлеу және бекіту үшін депутаттарды, құзырлы министрлік, мүдделі ұлттық компаниялар, салалық қауымдастықтар өкілдерін тарта отырып, дөңгелек үстел өткізуді сұраймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары