ҚР Премьер-Министрі
А.У. Маминге
ҚР Бас прокуроры
Ғ.Д. Нұрдаулетовке
«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде 2012 жылдан бастап өзінің депутаттық фракциясын құрады.
Жұмыс жасаған жылдар ішінде біз бірқатар заң жобаларын әзірлеп, әртүрлі заң жобаларына жеті мыңға жуық түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең өзекті мәселелері бойынша 420 депутаттық сауал жолдадық.
Осылайша «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы қоғам және өзінің сайлаушылары алдындағы борышын орындауға ұмтылады.
Әрине, біз жүргізіліп жатқан жұмыс пен фракциямыздың уәкілетті органдар алдында көтеріп отырған мәселелері туралы қоғамның дәйекті ақпарат алуына мүдделіміз.
Сонымен қатар, соңғы уақытта мемлекеттік органдар тарапынан біздің депутаттық сауалдарымызға жауаптарда олардың бастамашысы – «Ақ жол» фракциясының атауы көрсетілмей қалған жағдайлар байқалуда. БАҚ-да жариялау кезінде мұндай жауаптар сауалдар мәтіндерінің өзінде болса да, атауы жоқ «депутаттар тобына» жауап ретінде беріледі де, қол қойған депутаттар тізімінде біздің фракциямыздың атауы әрдайым көрсетіледі.
Мәселен, ағымдағы жылдың қараша айында мен «Ақ жол» ҚДП фракциясы атынан кәсіпкерлерді заңсыз қылмыстық қудалауға жол бермеу туралы депутаттық сауал жолдадым.
Алынған жауапта Бас прокуратура өтініш авторларын «Ақ жол» депутаттық фракциясы» деп атаудан бас тартып, оларды «депутаттар тобы» деп атаған. Сонымен қатар, біз жолдаған сауалдар нәтижесінде Бас прокуратура кәсіпкерлердің заңды құқықтарының көптеген бұзушылықтарын анықтап, бірқатар қылмыстық істер қысқартылды және Қаржы министрінің атына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.
Біз Бас прокурорға жедел әрекет еткені және қажетті шараларды жүзеге асырғаны үшін алғыс білдіреміз. Алайда жасалған жұмыстағы фракциямыздың рөлін төмендетуге назар аударуға мәжбүрміз.
Өкінішке орай, мемлекеттік органдардың жауаптарында «Ақ жол» фракциясы тіпті аталмаған және сол арқылы оның қандай да бір өзекті проблемаларды қоюдағы рөлі еленбейтін жағдайлар да болды. Оны соңғы уақытта Үкімет пен кейбір жекелеген министрліктердің жауаптарында да байқауға болады. Мәселен, үкімет «Ақ жол» фракциясының ШОБ мөлшерлемелерін субсидиялау туралы сауалына; Өзбекстанмен тең емес сауда туралы сауалына; энергетика министрлігі – Түркістан облысындағы бірқатар ауылдарды газдандыру проблемалары туралы сауалымызға; және т. б. жауаптарды «депутаттар тобына» жауап ретінде жіберді.
Айта кетейік, «Ақ жол» депутаттық фракциясы Мәжіліс Бюросының шешімімен ресми түрде тіркелген, бұл ретте парламенттік процестің және барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен қарым-қатынастың толыққанды қатысушысы болып табылады. Фракцияның функциялары мен өкілеттіктері Палата Регламентімен бекітілген.
Депутаттар өз сауалдарында нақты лауазымды адамға оның тегін, атын, әкесінің атын және лауазымын көрсете отырып жүгінетінін атап өту қажет. Сондықтан, біздің ойымызша, оларға жауаптар да осы үндеу жасалған адамға жіберілуі керек. Біздің жағдайда - бұл «Ақ жол» Демократиялық партиясының фракциясы.
Біздің фракцияның атауын сауалдарға жауап беру кезінде ескерусіз қалдыру жағдайлары байқаусызда болды деп үміттенеміз. Соған қарамастан, олар қоғамды парламенттік қызмет барысында депутаттық фракцияның бастамалары мен ұстанымдары туралы толық ақпаратты алудан шектейді.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы, құрметті Асқар Ұзақбайұлы және Ғизат Дәуренбекұлы, сіздерден жауап дайындау кезінде тиісті депутаттық сауал жолданған адресатты (депутаттық фракцияны) көрсетуді жауапты тұлғаларға тапсыруларыңызды сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары