Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т.М. Сүлейменовке
11 сәуір 2018 жыл
Депутаттық сауал
Құрметті Тимур Мұратұлы!
«Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы 2016 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мұқтаждықтары үшін қажет заттай мүлікті жеткізу барысында орын алған бәсекелестікті заңсыз шектеу фактілері туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне (әрі қарай - Министрлік) арнайы депутаттық сауал жолдаған болатын.
Атап айтқанда, депутаттық сауалда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен еліміздің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін әскери-техникалық, соның ішінде заттай мүлікті жеткізу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жалғыз орындаушысы ретінде анықталған «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» Акционерлік Қоғамының заттай мүлікпен қамтамасыз ету бойынша ең ірі сатып алудағы барлық тапсырысты «Жасампаз» консорциумына бергені жөнінде мәселе көтерілді. Ал, консорциум болса оны тек өзінің мүшелеріне ғана таратып отырған. Сондай-ақ, өндіріс желісінде бір-бірімен өзара еш байланысы жоқ, бірлескен іс-шараларды тек келісілген іс-әрекеттерді жүргізу туралы уағдаластық аясында өткізіп отырған бірең-сараң тауар өндірушілер ғана «Жасампаз» консорциумының мүшелері қатарында болғаны да белгілі болды.
Осылайша, аталмыш консорциум тоқыма өнімдерін жеткізетін әлеуетті отандық тауар өндірушілердің құқығын шектеді. Бұл әділ әрі адал бәсекелестікті шектеуге және компаниялардың бір тобының нарықта жасанды үстемділік жағдайын қалыптастыруға алып келді. Нақтырақ айтсақ, еліміздегі ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының 80-нен астам мүшесі осы аталған мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуына қатыса алмады.
Біздің сұрау хатымызға берген ресми жауабында Министрлік Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің іс-әрекеттерінде бәсекелестікті шектеуге бағытталған мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл белгілері болуы мүмкін екендігін, сондай-ақ егер Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен (бұдан әрі - Комитет) белгіленген жағдайда аталған мемлекеттік органға қатысты тергеу ісі жүргізілетінін атап көрсеткен.
Бұдан басқа, Министрлік берген жауапта «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының іс-әрекеттерінде осы нарықта бәсекелестікті шектеуге қатысты үстемдік немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері болуы ықтимал екендігі де көрсетілген. Осыған байланысты, Комитет тауар нарығына талдау жүргізу мәселесін қарастырып, егер заңға қайшы қандай да бір бұзушылық анықталған жағдайда, аталмыш компанияның қызметі Қазақстан Республикасының Іскерлік кодексінің 174-бабында көзделген белгілердің болуы немесе болмауын анықтау үшін тексерілуі тиіс.
Сонымен қатар, айта өткен жөн, Министрлік барлық тексеру жұмыстарының аяқталуы туралы қосымша ақпарат береміз деп тиісті уәдесін берген еді.
Алайда, дәл бүгінгі күнге дейін ешқандай ақпарат келіп түскен жоқ. Бұл мәселе төңірегінде тіл қатпады.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес депутаттық сауалға жауап қайтару мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына ресми түрде қойылған талап болып саналады, яғни Парламент сессиясында тиісті органның немесе лауазымды тұлғаның өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нақты түсініктеме беруге немесе ұстанымын мәлімдеуге тиіс екенін ескерткіміз келеді. Сондықтан да, сауал жолданған әрбір лауазымды тұлға қойылған сұраққа Парламент сессиясында ауызша немесе жазбаша түрде жауап беруге міндетті.
Сонымен бірге, депутат өтінішке берілген жауапқа қатысты өзінің көзқарасын білдіруге құқылы екені де белгілі.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы бұл депутаттық сауалды екінші мәрте, қайта жолдайды және анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мен жауапқа тартылған кінәлі тұлғаларды нақты көрсете отырып, Министрліктің толыққанды, егжей-тегжейлі жауап беруін талап етеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
ҚР Ұлттық экономика министрінің ресми жауабы