2018 жылғы 20 маусымда жарияланды
ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары-
Ауыл шаруашылығы министрі
Ө. Е. Шөкеевке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Өмірзақ Естайұлы!
Бүгінде Қазақстанның орманының аумағы төрт бүтін оннан алты пайыз ғана құрайды. Сондықтан осындай аз орманды алқапты қорғау біз үшін аса маңызды болып табылады.
Елбасымыз осы мәселеге ерекше назар аударып, Астана қаласының айналасын жасыл желекке айналдыру туралы бастама қолға алынды. Бұл негізінен Ақмола облысында, оның ішінде Бурабай мен Зерендіні туристік кластерге айналдыру аясында жүзеге асырылады.
Осындай маңызды жобалар қолға алынып жатса да, Бурабай мен Зерендінің орманын заңсыз отау азаятын емес. Бір жас көшетті отырғызып, өсіру үшін ондаған жылдар қажет. Бірақ, орман жаулары мұны назарға да алмайды. Себебі, оларға ағаш кесу құқығын беріп отырған да өзіңізге қарасты мемлекеттік органдар. Бұл қаскүнемдікті дереу тоқтату керек. Абылай ханның ақ ордасы болған киелі Бурабайдың ағашын заңсыз кесіп, бір түп көшет отырғызбау - бұл ұлттық қасірет. Бурабайдың сұлу табиғаты біздің көз алдымызда жойылып барады.
Өткен жылдың өзінде Ақмола облысында 110 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркеліп, отыз мыңдай шаршы метрдің ағашы заңсыз оталған.
Жақында біздің партия фракциясына Зеренді ауданы, Қанай би ауылының 75 тұрғыны қол қойған хат келіп түсті. Онда «Кіші Түкті» орман шаруашылығының тоғыз мыңдай гектар орман қоры алқабы «Жасыл ағаш» серіктестігіне ағаш кесіп, дайындау үшін 49 жылға пайдалануға заңсыз берілгені анықталды. Жергілікті тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізілмеген.
Мұндай оқиға Бурабай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында да орын алып отыр. Кесілген ағаштың орнына жас көшеттер отырғызу бағытында да жұмыстар жоқ деуге болады. Бұлай ағашты отай берсек, осындай аз байлығымыздан айырылып каламыз. Елімізде туристік кластерді жүзеге асыру бастамасының тамырына да балта шабылуы мүмкін.
Осыған байланысты, Құрметті Өмірзақ Естайұлы, «Ақ жол» фракциясының депуттары:
1. Ақмола облысының орман саласындағы заң бұзушылықтарды жан-
жақты тексеруіңізді;
2. Министрлік және заң органдары тарапынан қатаң шара қолдануыңызды
сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары