Премьер-министр
О.
А. Бектеновке
Осы сауалымызға
себеп болған – Алтайдан Атырауға дейін созылған еліміздің автокөлік жолдарының
инфрақұрылымының мүшкіл жағдайы. Алдымыздағы депутаттық каникул кезінде де
әріптестеріміз тұрғындармен кездесу барысында бұл проблема көтерілмей
қоймайтыны айдан анық.
2019 жылғы 31
желтоқсандағы Үкімет қаулысымен бекітілген «Нұрлы
жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы, 2020–2025 жылдарға арналған маңызды құжат
ретінде жарияланды.
Алайда, оның
автожол бойындағы сервиске қатысты бағыты, сөз жүзінде ғана қалып, іс жүзінде мардымсыз
нәтижелер беріп отыр.
Бағдарламада жол
бойындағы санитарлық тораптар, тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету
станциялары, жанармай құю бекеттері, электромобильдерге арналған қуаттау
станциялары мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту — басты міндеттердің бірі ретінде
көрсетілген еді. Алайда, осы күнге дейін бұл бағытта нақты оң нәтиже
байқалмайды.
Бастапқысында
бағдарламаға 6,6 трлн. теңге бөлінген болатын. Алайда бұл бағдарламаның мерзімі
аяқталмай, 2022 жылғы 31 желтоқсанда, яғни 2 жылда күші жойылып, орнына
Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға
дейінгі тұжырымдамасы бекітілген.
Бағдарламаның
орындалуы жөнінде ешқандай ресми ақпаратты таппадық.
Бүгінде
республикалық маңызы бар автожолдардың бойында жағдай сын көтермейді:
- дәретханалар
лас, немесе мүлде жоқ;
- тамақтану
орындары көбінесе бейберекет және санитарлық нормаларға сай емес;
-демалыс
орындарының дені қарапайым стандарттарға да сәйкес келмейді;
-ірі қалалардан
тыс аймақтарда электрозарядтау құрылымдары мүлдем жоқ;
- кейбір жол
учаскелерінде байланыс жүйесі де жоқ.
Көптеген сервистік
нысандар тиісті ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді.
Бұл мемлекеттік
органдар тарапынан бақылау мен қолдаудың жоқтығын, жауапкершіліктің төмендігін
және жоспарлау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді.
Сондай-ақ, орталық
және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы нашар. Кейбір жобалар,
жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен нақты қажеттіліктері ескерілмей,
бытыраңқы түрде жүзеге асырылуда. Нәтижесінде бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып
отыр.
«Ақ жол» фракциясы
2018 жылғы 18 қыркүйекте елді мекендерді айналып өтетін жаңа магистралдардың
құрылысы салдарынан, бұрынғы ескі жолдардың бойында орналасқан жеке
кәсіпкерлердің сервистік нысандарының жұмыссыз қалу мәселесін көтерген болатын.
Себебі жол құрылысын жүргізген ірі компаниялар магистраль бойында өздерінің
сервистік инфрақұрылымын орнатуға мүдделі болған. Сол кезде, біздің фракция жол
бойындағы сервисті дамыту кезінде жергілікті шағын және орта кәсіпкерлерге
артықшылық беру қажеттілігін ұсынған болатын.
Оған, мемлекеттік
органдар мәселені ескереміз, шешуге тырысамыз деп жауап берген. Бірақ, бүгінгі
күнде ол уәдеге күмәніміз бар және өңірлерге шыққанда өз көзімізбен көріп,
қаперімізге аламыз.
2024 жылғы ақпанда
өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев
инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдетудің маңыздылығын атап өтті. Дегенмен,
Президенттің бұл тапсырмалары да жауапты органдар тарапынан орындалмай жатыр
деуге толық негіз бар.
Сонымен қатар
Президент былтырғы жылғы 13 маусымда өткен туризмді дамыту мәселелері бойынша
үкімет отырысында автокөлік жолдарының сапасын сынға алып, маңызды туристік
бағыттардағы жолдардың жобаларын аяқтауды тапсырған болатын.
Осыған байланысты,
«Ақ жол» фракциясы төмендегі сұрақтар бойынша нақты жауап беруді сұрайды:
1. «Нұрлы жол»
бағдарламасының жол бойындағы инфрақұрылым бойынша іс-шаралардың жүзеге асырылу
нәтижесі қандай?
2. Қазіргі кезде
қолданыстағы көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі
тұжырымдамасы және оның орындалу барысы қандай?
3. Демалыс
аймақтарына, қоғамдық тамақтану орындарына, санитарлық тораптарға және
электрозарядтау станцияларына қатысты ұлттық стандарттарды жаңарту жоспарда бар
ма? Болса қай мерзімге жоспарланған?
4.Жол бойындағы
сервисті дамыту үшін жеке бизнесті тартуға қандай нақты тетіктер қарастырылған?
(атап айтқанда, ГЧП, субсидия, салықтық жеңілдіктер және т.б.).
5. Жаңа
магистралдар салынған кезде, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымдардың қаншасы
жергілікті шағын және орта кәсіпкерлерде қалды, ал қаншасы ірі компаниялардың
еншісіне өтті?
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
Е. Бейсенбаев