17
Желтоқсан

17.12.2025

Отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О. А. Бектеновке

Дамыған ұлттық автомобиль өнеркәсібі, индустриялық тұрғыдан өркендеген және технологиялық жағынан бәсекеге қабілетті мемлекеттің айқын маркері болып саналады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз автомобиль өндірісін қалыптастыруға бірнеше рет талпыныс жасады. Алайда, бұл бағыттағы нәтижелер соңғы жылдарға дейін, көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлеміне сай келмей отыр.

Оның ең көрнекті мысалдардың бірі – Өскемендегі «Азия Авто» жобасы мен индустриялық алаңға қатысты қалыптасқан жағдай. Көп жылдар бойы аталған кәсіпорын салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар және индустриялық субсидиялар сияқты елеулі мемлекеттік қолдау алып келді.

Ашық дереккөздерге сәйкес, мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі жүздеген миллиард теңгеге бағаланған. Дегенмен, компания нақты өнеркәсіптік локализацияға көшпеді, толыққанды терең қайта өңдеу зауытын салу бойынша міндеттемелерін орындамады және іс жүзінде ұзақ уақыт бойы тек «отверткалық» құрастырумен шектелді.

«Азия Авто» компаниясына компоненттерді импорттау кезінде 75 млрд. теңге, дайын өнімді өткізу кезінде 122 млрд. теңге қосымша құн салығынан, 99 млрд. теңге кеден төлемдерінен босатылды. Сонымен қатар, кәдеге жаратудан (утильсбор) 65 млрд. теңге иемденді.

Осылайша, барлық жеңілдіктер мен преференциялардың жалпы көлемі 361 млрд. теңгені құрады. https://informburo.kz/stati/bankrotstvo-ili-nacionalizaciya-chem-zakonchitsya-konflikt-aziya-avto-s-minindustrii.html?utm_source=chatgpt.com

Алайда, мемлекет не жоспарланған өндірістік қуаттарды, не күтілген технологиялық әсер, не жергілікті жеткізушілердің толыққанды экожүйесін жасай алмады.

«Азия Автоның» жағдайы жаңа индустриалды жобаларды жүзеге асыру кезінде осындай қателіктердің қайталануын болдырмайтын маңызды және өте қымбат сабақ ретінде қарастырылуы тиіс.

Бір кездері «Азия Авто» жобасы ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік делегациялардың қатысуымен зор салтанатпен ашылған болатын. Қажетті инфрақұрылым да толықтай жасалды. Ал, қазіргі уақытта осы пайдаланылмай тұрған қуаттардың, уақыт өте келе тозығы шығатыны анық. Мұндайға жол бермей, оларды тиімді пайдалану қажет деп санаймыз.

Бүгінде Қазақстанда бірнеше автомобиль өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Мысалға, Қостанайдағы көпбрендтік «AllurAuto» кластері мен Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» айтуға болады. Олар тек автокомплекттерді жинаумен шектелмей, қосалқы бөлшектер өндірісін де жүзеге асыруда.

Осыған байланысты, «Азия Авто» компаниясының әлі де өндірістік қуаттарын аталған жобаларды дамыту үшін пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу, не оларды ауыл шаруашылығы немесе өзге де техниканы шығаруға бағыттау қажет екенің атап өтеміз.

Мәселе тек өндірістік базада ғана емес. «Азия Авто» зауытында бір кездері мыңдаған жергілікті қызметкерлер мен еуропаның атақты автоөндірістерінде білім алып, тәжрибеден өткен білікті кадрлар еңбек етті. Олардың дағдыларын алдағы уақытта жоғары технологиялық өндірісте пайдалану әлдеқайда тиімді болар еді.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, автомобиль саласын дамыту, қарапайым құрастырудан толыққанды өндіріске кезең-кезеңімен өту арқылы ғана мүмкін.

Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайда автомобиль өнеркәсібі, басында қарапайым жинақтау және келесі кезеңде шетелдік моделдердің көшірмесін жасау арқылы бастаған. Қазіргі кезде бұл елдер автомобиль державаларына айналып, бүкіл әлем солардың машиналарын өз игілігіне пайдалануда.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы Өскемендегі «Азия Авто» компаниясының өндірістік базалары мен инфрақұрылымын әрі қарай дамытуға арналған бағдарламалық құжаттарға енгізу мәселесін пысықтау қажет деп санайды. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – аталған өндірістік активтерді сақтап қалу және оларды автомобильдер, ауыл шаруашылығы техникалары, өзге де машина жасау өнімдері мен қосалқы бөлшектер өндірісінде одан әрі пайдалану болуы тиіс.

Мұндай бастама, Өскемен қаласының тек шикізат немесе металл өндіретін өңір емес, дайын өнім шығаратын тағы да бір жаңа индустриялық орталыққа айналуына айтарлықтай ықпал етер еді.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП

фракциясының депутаттары

С. Ерубаев

А. Перуашев

Д. Еспаева

Қ. Иса

Е. Барлыбаев

О. Нұралдинов