Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А.Смайыловқа
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің төрағасы
А. Жұмағалиге
Биыл қыста орын алған белгілі оқиғалардан кейін Үкімет «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасының қайтарылатынын жариялап, оны энергетика саласындағы негізгі проблемалардың емі ретінде көрсетті.
Алайда, біз осы тектес бағдарламаны үкімет 2009-2015 жылдары да жүзеге асырғанын және сол кезде-ақ алға қойылған міндеттерді шеше алмай, энергетикалық кәсіпорындар мен желілердің жаңаруын қамтамасыз етпегенін, есесіне монополистер мен олигархтардың қыруар пайда тауып, жаңа миллиардтарды шетелге шығаруға мүмкіндік бергенін айтуымыз керек.
Ал сол тәжірибені ескермесе, жасалған қателікке қайта ұрынудың үлкен қаупі бар.
Мәселен, 2012 жылы «Ақ жол» фракциясының инвесттарифтік қаражатты пайдалану туралы сауалына Экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігі ірі компаниялар инвестициялық міндеттемелерін орындамағанын хабарлады.
Мәселен, «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ халық пен бизнестен инвестициялық мөлшерлеме бойынша ақша жинап алғанымен, 1,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық міндеттемелерін орындамаған. «AES Өскемен ГЭС» ЖШС инвестициялық тарифтен түскен 2,2 миллиард теңгені активтерді кеңейту мен қайта құруға пайдаланудың орнына құрылтайшыларына дивиденд ретінде төлеген.
«АЭС Шульбинская ГЭС» ЖШС құрал-жабдықтарға инвестиция салудың орнына, дәл солай акционерлерге 2,7 млрд теңге төлеумен шектелген.
Сонымен қатар, «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасын сылтау етіп, бірқатар монополистер ешқандай инвестициялық міндеттемелерсіз, біржақты тәртіпте тарифтерді өсіргені анықталды; ал монополияға қарсы органдар мұндай өсімдерді үнсіз мақұлдаған.
Аталмыш бағдарламаның нәтижесі белгілі – он жыл өтпей жатып энергетика саласына негізгі қорларды жаңарту үшін тағы да миллиардтаған доллар инвестиция қажет. Себебі, алдыңғы миллиардтар қажетті жеріне жетпей қалған.
Тарифтердің негізділігі өз алдына бөлек мәселе. Мәселен, БАҚ энергия өндіруші компаниялардан монополистік жолмен электр энергиясын 7-8 теңгеден сатып алып, оны халық пен кәсіпорындарға 4 еседен 20 есеге дейін қымбатқа сататын ондаған ірі делдалдық фирмалар туралы ақпарат таратуда. Оған қоса, бұл делдалдар ешқандай техникалық рөл атқармай, тек қаржылық ағындарды есепке алумен ғана айналысуда, яғни, шын мәнінде еліміздің энергетикалық жүйесіне кенедей жабысып, 6-10 миллион теңге көлемінде орташа жалақы алып отыр.
Бұл компаниялар ескі Қазақстанның олигархтарымен байланысы бар және әлі күнге дейін әрбір кәсіпкерден, әрбір қазақ отбасынан алым жинап келеді.
Үкімет сайтында хабарланғандай, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын енгізу салаға 400 миллиард теңге қосымша қаражат әкеледі екен.
Бірақ! Зерттеу ші-журналистердің есептеуі бойынша, біздің азаматтарымыз бен барлық түрдегі ұйымдарымыз бүгінде ешқандай бағдарламасыз олигополияларға жылына екі ТРИЛЛИОН теңгеге дейін электр энергиясы үшін артық төлейді.
Яғни, шын мәнінде, біздің қоғам мен мемлекет энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалған инвестиция үшін қазіргі тарифтердің өзінде үкімет іздегеннен 5 есе көп ақша төлеуде. Бірақ бұл ақша талан-таражға түсіп, энергетикалық кәсіпорындарға жетпеуде, біркүндік фирмалар құзырлы органдардың біртүрлі бей-жайлығымен қаржыны аударуда.
Мұндай олигополияларды жоймаса, тарифтердің кез-келген өсімі олигархтар үшін елге жаңа салық салуға себеп ғана болмақ.
Сондықтан тарифтерді көтерудің орнына, энергетика саласындағы миллиардтаған қаржы ағынындағы тәртіп пен ашықтықты қалпына келтіру қажет.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы талап етеді:
1) Энергетика саласындағы барлық делдал компанияларды жою. Бұл компаниялардың тізімін Ратель сайтының журналистері, Сыбайлас жемқорлықты тергеу қорының телеграм-каналы және т.б. атап көрсеткен, біздің алдыңғы сауалдарымызда да айтылған («АВ-Энерго» ЖШС, «КазЭнергоЦентр» ЖШС, «ЛогоТрансЭнерго» ЖШС, т.б.).
2) Инвестициялық тариф мөлшерiн белгiлеу кезiнде делдал кәсiпорындардың қалтасына түсетiн халықтың және кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң ағымдағы артық төлемдерiн есепке алып, бұл қаражаттың сала кәсiпорындарына қайта бағытталуына қол жеткiзу және тарифтiң жоспарланған өсім сомаларынан шегеру.
3) Монополистер мен үкімет арасындағы инвестициялық келісімдерде бекітілген нақты инвестициялық міндеттемелерсіз тарифтерді көтеруге тыйым салу
4) Саланың барлық кәсіпорындарының қызметінде инвестициялық тарифтік қорларды пайдалануда қоғамның қатысуын және толық ашықтығын қамтамасыз ету.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары