ҚР
Премьер-министрі
О. Бектеновке
Қазақстан
Республикасының
Бас прокуроры
Б.Н. Асыловқа
«Ақ жол»
демпартиясына шұғыл көмек көрсету туралы өтінішпен Қазақстанның астық одағы
(елдің 168 жетекші астық кәсіпорнын біріктіреді), Қазақстан тасымалдаушылар
және вагон операторлары қауымдастығы, сондай-ақ осы салалардың жекелеген
кәсіпорындары жүгінді.
2024 жылдың
қорытындысы бойынша теміржол арқылы 10,6 миллион тонна астық тасымалданса, оның
8,1 миллион тоннасы экспортқа жіберілді, осылайша Қазақстан әлемдегі ең ірі
экспорттаушының біріне айналды.
Дегенмен, кәсіпкерлерді
«Қазақстан темір жолы» АҚ (бұдан әрі – ҚТЖ) 2025 жылдың 15 қаңтарынан бастап
теміржол вагондарының доңғалағы қалыңдығына қатысты енгізген жаңа талабы
алаңдатты.
Осы талапқа сәйкес
халықаралық тасымалдауға арналған жүк вагондары доңғалағының рұқсат етілген ең
төменгі қалыңдығы 26 мм болып белгіленген.
Бұл шектеу олардың
заңдылығына, техникалық негіздемесіне және қолданыстағы нормативтік құжаттарға
сәйкестігіне қатысты күрделі мәселені тудырады.
Біріншіден,
қабылданған шара ұлттық заңнаманы бұзады.
«Темір жол көлігі
туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жылжымалы құрамға қойылатын
техникалық талаптардың кез келген өзгерісі жаңа талаптарды енгізу үшін өтпелі
кезеңді қамтамасыз ете отырып, тиісті нормативтік құқықтық актілермен, ықтимал
салдарын талдаумен, нарық субъектілерін хабардар етумен қоса жүргізілуі тиіс.
Шын мәнінде,
жоғарыда аталғандардың ешқайсысы орындалмады, сәйкесінше жаңа стандарттар
нормативтік акт мәртебесіне ие емес, яғни, заңды күші жоқ.
Қазақстан
Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы #544 бұйрығымен
бекітілген Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидаларында белгіленген
доңғалақ жұптарының рұқсат етілген ең төменгі қалыңдығы 25 мм деп бекітілгенін
атап өткен жөн.
Екіншіден,
қабылданған шешім халықаралық және ұлттық стандарттарға қайшы келеді.
Кеден одағының
техникалық регламенттеріне, сондай-ақ ТМД-ның нормативтік актілеріне және Темір
жол көлігі Жарғысына сәйкес белгіленген ең төменгі жотаның қалыңдығы 25 мм
болуы халықаралық деңгейде мойындалған стандарт саналады. ҚТЖ белгілеген
шектеулер ЕАЭО-да қабылданған теміржол көлігін пайдалану стандарттарына қайшы
келеді.
ҚТЖ қатаң
стандартты өз бетінше енгізуі, ең алдымен, қазақстандық жүк жөнелтушілерді тең
емес жағдайға душар етеді, себебі, басқа елдердің операторлары 25 мм стандартын
пайдалануды жалғастыруда.
Сонымен қатар,
мұндай шараны Еуразиялық экономикалық комиссия жанындағы Техникалық реттеу
жөніндегі консультативтік комитет деңгейінде қарастырған жөн, өйткені ЕАЭО-ның
теміржол желісі бір жүйені білдіреді, ал қазақстандық вагондар да олардың
вагондары біздің аумақ арқылы өтетіні сияқты, басқа елдердің аумағы арқылы да
жүреді.
Үшіншіден, ҚТЖ
шешімі нарыққа қатысушылар үшін қаржылық шығын тудырады.
Астық одағының
есебіне сәйкес, қазірдің өзінде өндірушілердің талабына және мемлекетаралық
стандарттарға сәйкес келетін қазақстандық жылжымалы құрамның 80 пайызына
(шамамен 10 мың вагон) арналған доңғалақ жиынтықтарын ауыстыру 72 миллиард
теңге көлемінде шығынды қажет етеді.
Кәсіпкерлер бұл
шешімнің қолданыстағы техникалық реттеу талаптарын бұзумен де, тиісті
процедураларды бұзумен де, оның ішінде Реттеуші әсерді талдаудың (РӘТ) және
өтпелі кезеңнің болмауына байланысты қабылданғанын атап өтуде.
Сондай-ақ, бұл
талапты іске асыру астық жөнелтуді тоқтатуға, келісім-шарттың орындалуын бұзуға
және шетелдік серіктестер тарапынан қаржылық талаптарға әкеп соғатынын, бұл
отандық бизнеске орасан зор залал келтіретінін ескеру қажет.
Оның үстіне,
мұндай шектеулерді енгізу дискриминациялық сипатқа ие және белгілі бір теміржол
операторлары үшін кедергілер тудырады, бұл өз кезегінде нарықтағы монополияны
тексеруді талап етеді.
Жоғарыда
айтылғандарға байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы мыналарды ұсынады:
1) «ҚТЖ» ҰК» АҚ
доңғалақ жұптары жоталарының қалыңдығына қатысты талаптарының заңдылығына
құқықтық және техникалық баға беру;
2) «ҚТЖ» ҰК» АҚ
халықаралық стандарттарды ескере отырып, доңғалақ жұптары жоталарының
қалыңдығына шектеулерді қайта қарауды және жоюды міндеттеу.
3) Қажет болған жағдайда нарық
қатысушылары үшін 1 жылдан кем емес өтпелі кезеңді қамтамасыз ету және
жылжымалы құрамды қайта жарақтандыру үшін нарық қатысушыларына 72 млрд тг
көлеміндегі қажетті қаржыландыруды қолайлы шарттармен алуға көмектесу.
Құрметпен,
«Ақ жол» депутаттық фракциясы
Е.Барлыбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
К.Иса
С.Ерубаев
Е.Бейсенбаев