Мемлекеттен бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? – А.Перуашев Білім министріне хат жолдады

» Сөйлеген сөздер » Мемлекеттен бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? - А.Перуашев Білім министріне хат жолдады

29.07.2020, 11:40

Қазақстан Республикасы 

білім  және ғылым министрі

А.Қ. Аймағамбетовке

Құрметті Министр !


Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Өзіңіз білетіндей, COVID-19 пандемиялық дертімен күрестің жалғасуына байланысты, өткен оқу жылының екінші жартысы мен жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан оқытуға шешім қабылданды. «Ақ жол» Демократиялық партиясы бұл шешімді қолдайды және балалар денсаулығын ешқандай қауіпке тігуге болмайтынын атап көрсетеді.
Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігіне білім саласындағы ақпараттандырудың нашарлығы, көптеген мектептерде тұрақты интернет жүйесінің жоқтығы, білім жобаларын цифрландыруды іске асырудағы сәтсіздіктер туралы бірнеше сауал жолдағанымызды есіңізге саламын. «Ақ жол» Демпартиясының парламенттік фракциясы министрлік пен Үкіметке аталған проблемалар бойынша 2018 жылы 11 сәуірде, 2019 жылы 30 қаңтарда, 30 қазанда және 13 қарашада депутаттық сауалдар жіберді.
Ақпараттандыру саласында орын алған кемшіліктер, әсіресе коронавирус індетіне байланысты (осы жылдың наурыз-мамыр айлары) енгізілген Төтенше жағдай кезінде ауыр тиді. Қашықтан оқытуға көшкен кезде бүкіл ел бойынша мыңдаған бала оқудан тыс қалды. «Ақ жол» ҚДП білім саласындағы көрсетілген сәтісіздіктерді осы жылдың 10 сәуіріндегі өз мәлімдемесінде айтып өтті.
Сол кезде біз, мыңдаған ауыл мен елді-мекеннің интернет желісіне қосылмағанын, мектептердің техникалық жабдықталуының нашарлығын және ата-аналар мен мұғалімдердің интернет іздеп шатырға, ағаш басына өрмелейтінін, ал шенеуніктердің берген жауаптары жалған екендігін айтқанбыз.
Аталған кемшіліктер карантин кезінде түзетілді дегенге де күмәніміз бар. «Ақ жол» Демократиялық партиясы депутаттарының өңірлерге іс-сапарлары барысында көпбалалы ата-аналардан балаларының сабаққа қосылуы үшін бір смартфонды ортақ пайдаланатынын талай естідік. Ата-аналар мұғалімдердің сыныптағы баламен емес, смартфоны жоқ баламен күні-түні шұғылданатынына ризашылықтарын білдірді. Бірақ олар министрлікке риза емес. Өйткені жұмысы жоқ болса да, жәрдемақы берілмесе де, үлкен пайызына қарамастан бала оқыту үшін несиеге смартфондар сатып алуға мәжбүр болған.
Бұл ауылдарда, әйтеуір, сымсыз интернет бар.
Ал көптеген басқа елді-мекенде интернет мүлдем жоқ.
Министрлік интернетке қосылмаған елді мекендерде бірінші тоқсан сабақтарын бұрынғыдай өткізуге рұқсат етті, министрлік балалардың індетті жұқтырмауын өз жауапкершілігіне ала ма? Бұл шешім білім саласындағы ақпараттандыру сәтсіздіктерін жасыру емес пе?
Мемлекет білім саласын дамытуға барлық жағдай жасауда, министрліктің сұранысы бойынша қомақты қаржы бөлді, елдің сыртқы берешегін өсіріп, шет елдерден қарыз да алды. Осының бәрі балалардың заманауи білім алуы, қандай жағдай болмасын оқыту үрдісін толыққанды жүргізу үшін жасалды. Ақиқатын айтсақ, мектепте тегін білім алуға ел Конституциясы кепілдік береді. Көріп тұрғанымыздай, білім жүйесі мұндай ауыр стресс-сынақты көтере алмады.
Олай болса мемлекет бөлген қаражат қайда кетті, бюджет саласы мен салық төлеушілер не үшін төлем жасап отыр? Бұл қызыл сөз емес, нақты қойылған сұрақ.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚҚДБ) «Орта білімді заманауи жетілдіру (модернизациялау)» жобасын қаржыландыруға қарыз алды.
Жоба мақсаты – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының аражігін теңестіру болатын. Аталған жоба шеңберінде 5 мың ауылдық мектепті мультимедиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Ал ең маңыздысы интернет желісі төмен барлық ауыл мектебінде деректерді өңдеу орталығы – ЦОД орнату жоспарланып, олар сымсыз интернетпен қамтылуға тиіс еді.
Жобаны іске асыру мерзімі – 2018-2022 жылдар.
Жоба құны 67 млн АҚШ доллары. Қарызды өтеу мерзімі – 17 жыл, сыйақы мөлшерлемесі Libor+ өзгеремелі спрэд, біржолғы комиссия – 0,25%, біржолғы комиссия – қарыз сомасының 0,25%, резервтеу комиссиясы – несиенің өтелмеген сомасының жылдық 0,25%.
Жобаны жүзеге асыру үшін БҒМ министрінің 2018 жылғы 4 қыркүйектегі №443 бұйрығымен арнаулы есеп-шот ашылды (үтір емес, нүкте). Жобаның басқару және техникалық кеңес құрамы бекітілді.
Бірақ! «Ақ жол» ҚДП депутаттарына келіп түскен мәліметтер бойынша, осы күнге дейін жобаның бірде-бір бағыты бойынша компьютерлер және ЦОД- құралдарын (ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз ететін) сатып алу бойынша байқау жарияланбаған, осы күнге дейін (жоба басталғаннан бері үш жыл) тіпті техникалық тапсырмалар орындалмаған.
Бірақ, соған қарамастан, былтыр осы мәселе бойынша кеңесшілерге 74 млн. теңге төленген болса, ал биыл 86 млн. теңге төлеу көзделіпті. Өткен жылы операциялық шығындар 23,5 млн. теңгені құраса, ал, биыл оларға 26 млн. теңге жұмсалыпты. Былтыр робототехникалық жабдықтарды жеткізу тіпті жүргізілмепті, ал, биыл – 166,7 млн. теңге қарастырылып қойыпты және т.т.
Міне көріп отырғаныңыздай, ҚР БҒМ бастамасымен ХҚҚДБ-дан (МБРР-дан) қарызға алынған 67 млн. АҚШ долларының тағдыры осындай. Мәселе – барлық қарыз сомасының игерілмеуінде ғана емес.
Қарыздың талап-шарты бойынша, жоғарыда айтылғандай, оны банктің сақтық қорында сақтағаны үшін 0,25% мөлшеріндегі комиссиялық ақы несие (қарыз) қаражатының игерілмеген қалдығына жыл сайын қосыла береді.
Қарапайым есеп мынаны көрсетеді: жылына 150 мыңнан астам АҚШ долларын (2018 жылдан бері – 300 мың доллар) салық төлеушілеріміздің қалтасынан БҒМ ауыл мектептерін жаңартпағыны және сымсыз интернетпен қамтымағаны үшін төлейді. Мұның бәрі қарыздың үстемелі пайыздарын санамағандағы айыппұл.
Сонымен бірге 2016 жылдан бері Үкімет жергілікті атқару органдарына республикалық бюджет трансферттерінен 27,2 млрд теңгені мына бағыттарға:
– 12 млрд. теңге – 6152 мектеп үшін 26 317 мультимедиялық құралдар жинағын сатып алуға;
– 12,1 млрд. теңге – 7160 мектеп үшін 4-10 Мбит/сек жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету үшін;
– 4,4 млрд. теңге – 7160 мектепті сандық білім беру ресурстарына қосу үшін жұмсады.
Яғни, бұл қаражат та ХҚҚДБ-ның (МБРР) қарызы сияқты осы мақсаттарға жұмсалды. Алайда жергілікті білім басқармаларының аталған қаражатты қалай игергенін, қандай мақсаттарға жұмсағанын білуге бола ма екен? Ең қызығы: Қазір мұның нәтижесін бүкіл қоғам біледі, оның ішінде ауыл оқушылары мен олардың ата-аналары да біледі.
Бұл да бәрі емес. Нақты нәтиже жоқтығын түсінген Білім және ғылым министрлігі (енді COVID жағдайын сылтау етіп) Үкіметтен «қашықтықтан оқыту технологиялары арқылы білім беру ұйымдары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге» тағы да қаржы сұрады, яғни аты басқа да, заты бұрынғы жобаға сұрайды.
Иә, бұл мақсаттар енді басқаша аталады, мәселе бірақ бұрынғыдай оқу үрдісін (процесін) цифрландыру үшін мектептерді құралдармен жабдықтау, сымсыз интернет арқылы on-line сабақтардың қолжетімділігі мәселелері, тек басқаша айтылады.
Оларға бюджеттен 74 млрд. 200 млн теңге жұмсау жоспарланған.
Сонда бұл қалай, игерілмеген 67 млн. АҚШ долл. (қазіргі бағам бойынша 27 млрд. 700 млн. тг.) қайда? Бұрын өңірлерге осы мақсатқа бөлінген 27 млрд. 200 млн.тг қайда? Ал 300 мың АҚШ доллары немесе ХҚҚДБ-ның (МБРР-ның) қарызын игермегені үшін жұмсалған 124 млн. тг. айыппұл ше?
Бұл қаржыны неге ешкім сұрамайды? Мәселені қаражат жетіспеушілігіне ысырып тастайтындар қателеседі, олар біздің жемқорлардың тәбетін жете бағаламайды. Олар қыруар ақшаны еш қиындықсыз игере алады, сосын тағы сұрайды. Біздің ойымызша, мұндай «тойымсыздарға» халық қаржысын сеніп тапсыруға болмайды, оларды аяусыз әшкерелеп, ұстау керек.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы Сізден мына сұрақтарға жауап беруді сұрайды:
Аталған ХҚҚДБ (МБРР) қарызының (67 млн АҚШ доллары) неге игерілмеді? БҒМ-нің жауапты тұлғалары ішінен бастама көтерген кім, қаражаттың игерілмегені үшін төленетін айыппұл (жылына 150 мың немесе қазіргі сәтте 300 мың АҚШ доллары) қандай қаражат есебінен қайтарылмақшы, ауыл мектебін жаңғырту жобасы іске асырылмағаны үшін кім және қандай жауапкершілікке тартылды?
2016 жылдан бері жергілікті білім беру басқармаларына ақпараттандыру үшін бөлінген (27,2 млрд.тг) қаражат қалай игерілді, сіздің министрлік немесе өзге органдар тарапынан олардың жұмсалуына тексеру жүргізілді ме? БҒМ қол жеткізген жетістіктерін қалай бағалайды? Егер оң бағаласа, карантин кезіндегі қашықтықтан оқыту сәтсіздіктеріне кім жауап береді?
Егер осы мақсатқа алынған сыртқы қарыз 27 млрд. теңге тұрса және ол несиені БҒМ-нің тиесілі мекемелері (ведомство) дұрыс және дер кезінде игермегені үшін мемлекет есебінен жүз мыңдаған доллар айыппұл төленіп келсе, ҚР БҒМ Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қосымша қаржыны (74,2 млрд.тг) не үшін сұрайды?
БҒМ сұратқан қосымша қаржы барлық оқушыны қашықтықтан оқыту үшін гаджеттермен (планшетниктер немесе смартфондар) қамтамасыз етуді қарастыра ма?
Жауапты «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен белгіленген тәртіп пен мерзімде беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,


Азат Перуашев