18
Наурыз

Меморандумға қол қойды

18 наурыз 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы

         Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы, «Зерде-Память» қоғамдық қоры және Республикалық «TDQ-42» телеарнасы арасында өзара қарым-қатынас және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауында айтылған жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін зерттеу, көпшілікке танытуды қамтамасыз ету және ғылыми зерттеу мақсатында үшжақты келісім жасалды. Алқалы отырысқа «TDQ-42» Республикалық телеарнасының директоры Бағдат Ізмағанбетов, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Хасанов Ержан Қайыржанұлы, «Зерде-Память» қоғамдық қорының басшысы Төлебаев Қуанышбай Төлебайұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы, «Алаш және Қ. Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінің» құрылтайшысы Хасанов Нұржан Қайыржанұлы қатысты.

Кездесу барысында өзара келісім бойынша қабылданған арнаулы бағдарлама мен іс-шараларды жыл бойы тоқсандық мерзімде нақты жүзеге асыру қарастырылды. Жиында сөз сөйлеген өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елдікке, төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді қалыптастыруға үлес қосып жүрген «Зерде – Память» қоғамдық қорының басшысы Қуанышбай Төлебайұлы тәрбиелік маңызы бар ұлттық құндылықтарды, Алаш арыстарының есімдерін, қызметін, өмір жолдарын насихаттап, олардың құрметіне көше атауларын беріп, ескерткіш тақталар орнату  өзекті мәселе екендігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, жасалған меморандумның мақсаты тек рухани құндылықтарды дәріптеу үшін біріккен шараларды өткізу ғана емес, тарихи орындарға сапар шегіп, жастарды тарту, жас ұрпақтың бойында асыл қасиеттерді сіңіру. Ардагер, ақсақалымыз сан жылдар саясаттың соқпағынан өткен, барлық саяси жүйенің жұмысымен жақсы таныс азаматтардың бірі.

       

Тараптар ортақ мақсат, міндеттеріне тоқталып, алдағы даму бағыттары қандай болмақ деген мәселенің төңірегінде ой өрбітті. Алаш рухын ардақтауға арналған кездесу аясында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар негізінен кешегі мен бүгінгіні жалғастыруға және рухани жаңғырудың жолдарын айқындауға арналды.Ұлттық дәстүрімізден келе жатқан құндылықтарды қайта өркендету, жоғалтып алмау жайлы пікірлер айтылды.

Алаш идеологиясы – қазақты біріктіруші үлкен күш! Қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Осы орайда Ержан Хасанов Алаш тақырыбында қалам тербеп, идеологиясын насихаттап жүр. Ол егеменді еліміздің тәуелсіздігінде алып тарихты ұрпақтан ұрпаққа бұрмалаусыз жеткізу әр қазақтың парызы екендігін атап өтті.

Тарихшы Бақтылы Сансызбайқызы тәуелсіздік мерейтойы аясында алаштың асыл арыстарын еске алып, жастарға, әлемге паш етіп, алаш зиялыларының мұраларын сақтап қалу ісін одан әрі жалғастыру керектігін баса айтты.

Осындай келісім жоспарлы қадам басуда негізгі міндеттерге назар аудара отыра, нәтижелі жұмыстарға қол жеткізу – ортақ мақсат. Қатысушылар аталған Меморандум қол қоюшы тараптар арасындағы оң жұмыстың бастамасы болатынына сенім білдірді.