28
Наурыз

Бизнесті тексеру тоқтатылады - 'Мұнайлы Астана' газеті

Мұнайлы Астана (Атырау), № 12 (556), 19.03.2014

Өткен айдағы Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес сәуір айының 2-сінен бастап 2015 жылдың қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланбақ. Сөйтіп, қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдау міндеттелген болатын.

Жоспарлы тексеру тәжірибесі алынып тасталатындығын айтқан Елбасы тексерулерді анықтаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай келетін жүйесі дайындалатындығын, бұдан былай заңнамаларды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер ғана тексерілетіндігін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының айтуынша, заң талаптарын бұлжытпай орындаған кәсіпкерге тексеруші органдар мүлдем келмеуі тиіс.

Елбасы Жарлығында көрсетілгендей, тексеру жүргізу форматын түбегейлі қайта қарау кәсіпкерлерге қойылатын талаптар санын 30%-дан артыққа қысқартуға мүмкіндік береді. Ол үшін Үкіметке тексеру жүргізудің барлық регламентін қайта қарау қажет. Сондай-ақ, бұдан кейін Бас прокуратура Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына бизнеске қатысты тексерулер туралы ақпарат ұсынып отырады. Рұқсат беруді автоматтандыру жұмысы аяқталып, оның 140-тан кем емес түрі электронды форматқа көшеді.

Бұған қоса, құрылыс саласында реттеу рәсімдері жеңілдетілмекші. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде қабылданған реттегіштік эсер ету қағидалары заңмен бекітіліп, кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында жаңа бизнес-омбудсмен институты енгізіледі. Бұл шаралардың барлығы заңдық өзгерістерді қажет ететінін атап өткен Президент Үкіметке 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін рұқсат берулер мен хабарламалар мәселелері бойынша заң жобасын Парламентке енгізуді, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін кәсіпкерлік қызметке арналған жағдайларды түпкілікті жақсарту жөніндегі, ал 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі мәселелері бойынша заң жобаларын ұсынуды тапсырды.

Әрине, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий бизнесті өз міндеттерін атқаруға қатысты жауапкершіліктен босатпайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының басшысы Азат Перуашев мәлімдеді. Оның айтуынша, бизнесті тексеруге мораторий осыған дейін 2003, кейін 2008-2009 жылдары жарияланды және оң ықпал еткен. Бұл қадам бақылаудың қолданыстағы нормаларына тоқтау салады. Десек те, мораторийдің заң бұзушылыққа индульгенция емес екендігін түсіну керек. Бизнес өз міндеттерін атқаруға қатысты жауапкершіліктен босатылмайды.

- Атап айтқанда, бюджетке салық төлеу, тұтынушылардың мүдделерін сақтау тәрізді міндеттерін орындайды. Мораторийден кейін болса да, осы кезеңде заңнама нормалары мен талаптарын сақтау бойынша есеп беруге тура келеді. Сондықтан бұл кезеңді Үкімет пен бизнеске мейлінше тиімді пайдаланып қалу керек, - дейді депутат.

Өз кезегінде кәсіпкерлер де бизнеске жарияланғалы отырған мораторийді шынайы көмек деп қабылдайды. Солардың бірі шағын және орта кәсіпкерлікке берілетін шағын несиеге қол жеткізіп, Индер ауданы Индер-бор кентінен дәріхана ашып, жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып отырған Айдана Хасанова бұл іс-шаралардың орындалуын мемлекеттің кәсіпкерлерге деген қамқорлығы деп түсінеді.

- Кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде облыс, қала аумағы былай тұрсын, ауыл аймақтардың барлығында шағын және орта бизнесті бастаушылар көбейіп келеді. Тек Индербор кентінің өзінде соңғы жылда наубайхана, дәріхана, тігін шеберханалардың қатары артып, жаңадан жұмыс орындары ашылуда. Алжарияланған мораторий кәсіпкерліктің одан әрі кемелдене түсуіне ықпал етпек, - дейді кәсіпкер.