06
Наурыз

Санат жоқ 06.03.2014

Әлихан Бөкейханның мерейтойына дайындық жұмыстары басталды

           6  наурыз 2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
        5 наурызда  қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, XХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық Алаш қозғалысының негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі, Алаш Орда ұлттық үкіметінің төрағасы, публицист,  энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейхан 148 жасқа толды.
 
        Қазақтың ұлттық мемлекетін қайсарлықпен қайта қалпына келтірген,  Кеңес өкіметіне де бізді мойындауға қол жеткізген, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының  көшбасшысы Әлихан Бөкейхандай ұлы тұлғамыздың туған күніне орайластырылған аталмыш іс-шара, ағымдағы жылдың 6 наурызы күні «Жастар шағын» ауданының аумағында орналасқан  «Бабалар қорымындағы» Кенесары хан сарбаздары мен Смағұл Сәдуақасұлының бейітіне зиярат етуден бастау алды.«ӨЛІМ ҚАЙДАН БОЛСА, ТОПЫРАҚ СОДАН» демекші, Ата-бабаларымыздың қанымен сақталып қалған қазақ жерінің төсі - Сары Арқада жандары мәңгілік дамыл тапқан осынау есіл ерлердің рухы ұрпағын желеп-жебей жүрсін деп, екі абтобусқа лық толы адам, тайлы-тұяғымызбен жеткен едік.  Жосын бойынша, бұл қабірстанда жатқан күллі  мұсылманға арналып құран оқылды және де Дихан ағамыздың әңгімелеуінде, осы мәңгілік мекеннің тарихына қысқаша шолу жасалды:  «Зерттеушілер «Қараөткел» мұсылман зиратының 1609–1962 жылдар аралығын қамтитынын анықтады. Бұл қорымда Тәуке ханның ұлы Сәмеке, Ақмоланың негізін қалаушы аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, Бөгенбай, Қабанбай, Кенеса­ры, Амангелді батырлардың сарбаздары, көпес Баймұхамед Қосшығұлов, Балуан Шолақтың Ғалиясының ескерткіш тасы да тұр, Ақмолалық әкелі-балалы көпес Уәли және Ғалиакпар Халфин әулетінен тараған үрім-бұтақтарын, зәузат-жұрағаттарын қосыңыз. Алаш арыстаны Хайретдин Болғанбай қуғындалған жылдарда панасыз қалып шетінеген үйелмелі-сүйелмелі бөбектері, аға сұлтан Ыбырай Жайықбаев сынды көптеген жақсы-жайсаңдар осы қорымға жерленгенін ұрпақтары тебіреніп еске алады. 1933 жылы Мәскеуде құпия жағдайда өлтірілген Алаш арысы, 20-жылдары голощекиндік саясатқа қарсы тұрған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлының сүйегінің күлі 2011 жылы  20 мамырда елге әкелініп, осы тарихи қорымға қойылды. Тіпті, діні мұсылман халыққа белгілі Самарқан, Бұхар, Қазан қалаларында туған қайраткерлер жерлен­ген деген деректер де бар. Ал, құлпытастардағы жазулардың Араб, парсы тілдерінде және төте жазумен жазылғаны белгілі. Сонымен қатар, осы көне мұсылман зиратын жаңалауға көмек еткен Михаил Саварбекұлы  Гуцариев деген ингуш азаматы. Ақмоланың тумасы, бүгінде Мәскеуде тұрады. Ресейдегі санаулы аса дәулеттілердің бірі».
        Зират басынан кері орала салысымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратындағы «Ғылыми кеңес» залында  «Әлихан Бөкейхан. Марксизм қағидасынан ұлттық   «Алаш» идеясына дейінгі эволюциялық жол» атты республикалық конференция өтті. Конференция жұмысына  Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарынан Қошке Кемеңгерұлының немересі- Ризабек Кемеңгеров, Итбай Ережепұлының немересі - Өтелбек Шынанов, Хайретдин Болғанбаевтың туысы - Достық Кемелов, Сұлтанбек Қожанұлының жиені - Светлана Тыныбекова,  Алаштанушы-ғалымдардан ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д. профессор  Дихан Қамзабекұлы, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, з.ғ.д. профессор Нұрлан Дулатбеков,  «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы, ҚР Құрмет орденінің иегері Сәбит Байдалы, «Алаш»  мәдениет және рухани даму институтының директоры, Әлихантанушы ф.ғ.к. PhD докторы  Сұлтанхан Аққұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, ф.ғ.д. профессор Тұрсын Жұртбай, «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер орталығының директоры, т.ғ.д. профессор Зиябек Қабылдинов, ф.ғ.д. профессор Қаржаубай Сартқожаұлы,  Семейдегі «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.к. Тұрсын Шаңбай  және  ҚР Парламенті   депутаттарынан Азат Перуашев, Нұрлан Жазылбеков, Алдан Смайыл, Мұрат Бақтиярұлы, Жабал Ерғалиев, Талғат Ерғалиев  арнайы қатысты. Сонымен қатар, тарих, филология факультеттерінің жоғары курс студенттері де жұмылдырылды. Конференцияның  жұмысы барысында Сұлтанхан Аққұлы құрастырған «Әлихан  Бөкейхан  Шығармаларының 9 томдық» жинағының тұсаукесер рәсімі жасалса, соңына қарай,  Алаш қозғалысы  және Әлихан Бөкейхан өміріне қатысты маңызды жайттарды ескере келе, ҚАРАР қабылдады.
       Ал, конференция аяқталғаннан кейін, «Ақ жол» партиясы сол жағалауда орын тепкен «Нұрсая» тұрғын үй кешеніндегі «Хан Ерке» мейрамханасында Әлихан Бөкейхан рухына бағыштап ас берді. Асты партия төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қазыбек Иса жүргізіп отырды. Жалпы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Ақ жол» демократиялық партиясының арасындағы  рухани-шығармашылық байланыс - бірі бастап, бірі қостап дегендей, 2012 жылы  Алаштың 95 жылдығын   бірлесіп өткізген уақыттан бері жалғасып келеді. Ең бастысы, қазақ бірлігі ұранымен ұлы даламызды Алаш автономиясының құзырына біріктірген, ұлттың өзін-өзі басқару құқығын орнықтыруды дәйекті түрде қорғап алған Әлекеңдей абзал азаматқа күнде құрмет көрсетіп отыруды әдетке айналдырсақ та жарасар еді.  Ендеше, бүгінгі  Әлихан Бөкейханның туғанына 148 жыл толуына орай өткізілген конференция, Алаш көсемінің ісі мен өнегесін  қазақтың жадында қайта жаңғыртты және ұлт көсемінің 2016 жылы өтетін 150 жылдық мерей тойына дайындық шараларының бастауы болды. Сондықтан да, алдымызда келе жатқан Әлихан Бөкейханның мерейтойын ұлы дала төсінде ұлан-асыр той етіп өткізуге ұйытқы болу бәріміздің ортақ, қасиетті парызымыз!