Қалаулылардың қаупі бекер емес /Айхан Шәріп/ – www.alashainasy.kz

» Баспасөз жарияланымдар » Қалаулылардың қаупі бекер емес /Айхан Шәріп/ - www.alashainasy.kz

24.10.2014, 00:00

Парламент депутаттары Үкімет басшысынан қиындыққа жолыққан заемшыларды жалғыз үйінен айыруға мораторий жариялауды сұрайды.
Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар банк секторына қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдады. Олардан қазіргі банк секторында туындап жатқан әр алуан мәселелер көрініс береді.
Мәжіліс депутаттары Жамбыл Ахметбеков, Галина Баймаханова, Төлеш Кенжин және басқалары кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жүгінді.
– Әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайларында Қазақстан Үкіметі коммерциялық банктерді қолдау үшін әртүрлі іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады, – деді хатты оқыған депутат Борис Сорокин. – Қазақстандық банк секторын тұрақтандыруға және сауықтыруға Ұлттық қордан бағытталған қаражаттар үлесі 1 триллион теңгеден асуы мүмкін. Оның үстіне банктер үшін арнайы жеңілдікті салықтық режим 2015 жылдың соңына дейін ұзартылды, ол қайтарылмайтын кредиттерді салық төлеусіз есептен шығаруды қарастырады. Алайда мұндай көмек проблемалы кредиттерге ешқандай ықпал етпеді: олардың көлемі тұрақты артып барады.
Депутаттарға азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан бағытталған осыған қатысты арыз-шағымдар легі толастамай жатқан көрінеді. «Оларда айтылғанындай, банктердің миллиардтаған сомалық проблемалы заемдарды есептен шығарып тастағандары туралы мәлімдемелеріне және осы тәжірибені жалғастыру жоспарларына қарамастан, бүгінде заемға кепілзат болған жалғыз баспананы мәжбүрлі түрде тартып алу процесі белсенді жалғасуда. Банктерді мемлекеттің жанжақты қолдауы аясында олардың бұл әрекеттері адамдарда түсінбеушілік тудыруда. Атап өтер жайт, банктердің кепілдегі пәтерлерді тартып алуы нәтижесінде азаматтардың өздеріне-өздері қол жұмсау, суицидке бару жағдайлары тіркелуде» дейді қалаулылар.
Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысынан мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды ұсынады. «Ал комиссия тиісті шешім қабылдағанға дейін проблемалы заемшыларды жалғыз баспанасынан шығаруға және жылжымайтын мүлікті банк балансына көшіруге мораторий жариялау қажет» дейді олар.
Мұның сыртында тағы бір топ қалаулы банктердегі «улы» («токсичный») заемдар айналасындағы ахуалға егжейтегжейлі талдау жүргізуге белсеніп отыр. Олар кеше Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке депутаттық сауал жолдады.
– Ұлттық банк әрбір банктің ссудалық портфеліндегі «жұмыс жасамайтын» заемдардың үлесіне шек-лимиттер енгізді, – деп хабарлайды депутат Айқын Қоңыров. – Былтырғы жылы ол 20% болған. Биылдан бастап, ондай кредиттер үлесі 15%-дан аспауға тиіс. Мемлекет басшысы қайтарылмайтын несие үлесін 10%-ға дейін азайту туралы міндет қойған болатын. Бүгінде соған жетуге мүмкіндік беретін барлық жағдайлар жасалды.
Нарық жағдайында банк жүйесі жауапкершілік арқалайды, экономиканы дамытуды қаржыландырудың тәуекелдерін өзі көтереді. Дегенмен, депутат кейбір банктерде тәуекелдерді бағалау бойынша жұмыстың нашар екендігін, жемқорлық пен қомағайлық жайлағандығын, қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі төмендігін қынжыла жеткізді.
«Standard & Poors» халықаралық рейтинг агенттігі сарапшыларының бағалауынша, 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздар 31,2%-ды құрапты. Сөйтіп, бір жыл ішінде 19,7%-ға өскен! «Осыған қарамастан, банктер белсенді түрде тұтынушылық несиені таратуда, ал экономиканың нақты секторын несиелендіруді қысқартуда. Банктердің ссудалық портфеліндегі тұтынушылық кредиттер үлесі 18%-ға жетті және биылғы 9 айда 16,2%-ға өсті» дейді А.Қоңыров.
Ұлттық банк басшысына депутат Азат Перуашев те жүгінді. Е.Никитинская, Т.Ерғалиев және басқа да қалаулылар қолдаған бұл депутаттық сауал сондай-ақ Үкімет басшысы К.Мәсімовке де бағытталды.
Қалаулыларды «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» (БЖЗҚ) қаражаттарының ресейлік «Сбербанкке» берілуі қайран қалдырып отыр. «Біздің қордан оған бөлінген қаржы сол банктің қазақстандық активтерінен асып түседі: Қазақстандағы активі 130 миллиард теңгені ғана құрайтындығына қарамастан, Сбербанк БЖЗҚ-дан 152 миллиард теңге тарта алыпты! Және де бұл көрші Ресейдегі күрделі экономикалық жағдай аясында орын алып отыр. Әрине, қазақстандық банктерге бағытталған тәуекелді салымдарды «ұлттық қаржылық жүйеге деген қамқорлықпен» түсіндіруге болар, ал шетелдік банкті біздің азаматтар есебінен және сонша даулы шарттармен қолдау көп сауал туғызады» дейді Үкімет пен Ұлттық банк басшыларына, депутаттар.
Осыған орай олар сол миллиардтарды – болашақ қазақстандық зейнеткерлердің жинақтарын ресейлік банктің Ресей экономикасының проблемаларын шешуге пайдалану мүмкіндігінен қорғауды сұрайды.
 
 
Дерекнама – www.alashainasy.kz  (Казахстан), 22.10.2014
                              Айкын (Алматы), № 192 (2586), 23.10.2014