Комиссия отырысы қарайтын болады – Егемен Казахстан (Астана)

» Баспасөз жарияланымдар » Комиссия отырысы қарайтын болады - Егемен Казахстан (Астана)

04.11.2014, 00:00

Үкімет «Ақ жол» партиясы депутаттарының Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіруді мақсатқа сай қайта қарап шығуды ұсынған депутаттық сауалын қолдады. Бұл сауалды 2014 жылдың 24 қыркүйегінде Мәжілістің пленарлық отырысында фракция атынан депутат Алмас Тұртаев жариялаған болатын.
«Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылады. Тек қана бірінші кезеңнің жүзеге асырылуына мемлекеттік бюджеттен 19 млрд.-тан астам теңге бөлінді, – деп Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына жолданған сауалда айтылған. – Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік кәсіпорындар – Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын құрды. Енді жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бұл орталықтар сатылымға қойылады».
А.Тұртаев атап өткендей, «берілген орталықтар тек қана бюджет қаражатымен жұмыс істеп тұр және үлкен активтері жоқ. Мемлекеттік тілге қызығушылық артып отырса да, орталық жұмыстарынан азаматтарымыздың хабары жоқ, жұмыстары ашық емес, нәтижесі белгісіз. Бағдарламаны жүзеге асырудағы барлық жылдарда оқыту үшін топтардың жиыны, қанша азамат және қандай деңгейде мемлекеттік тілді меңгергендігі, соның мақсатында миллиардтардың қайда жұмсалғандығы бұқаралық ақпарат құралдарында бақыланбаған. Егер де мемлекет иелігіне алудың бірден-бір ұстанымы ақпараттың ашықтығы болса, онда мұндай жағдайда аталған орталықтар қалайша сатылымға шығарылып отыр?».
Депутаттық сауалға берген Үкіметтің жауабында «Бүгінде республикада 351 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді, оның мемлекет бюджетінен қаржыланатыны – 89. Орталықтар заманауи техникалық оқыту құралдарымен, әдістемелік құралдармен, бейнесабақтармен, көп салалы сөздіктермен және т.б. жабдықталған. Оқытуды көп деңгейлі бірыңғай жүйемен оқытудың заманауи құралдары негізінде жоғары білікті мамандар жүзеге асырады. Оқыту жүйесінде орыс тілді аудиторияда қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі, оқытуға арналған құрал-жабдықтар, компьютерлік және мультимедиялық бағдарламалар қолданылады.
Осы ретте сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың бір тетігі ретінде Тіл оқыту орталықтарын жекешелендіру мәселесі жақында өтетін комиссия отырысында қаралатын болады», – делінген.
 
Дерекнама – Егемен Казахстан (Астана), № 214 (28437), 01.11.2014