14
Қараша

Ұлттық қордың игілігін ел көріп отыр - www.egemen.kz

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі Азат Перуашев брифинг өткізіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына байланысты өз ойларымен бөлісті.
«Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауы бүкіл ел үшін аса маңызды деп білеміз, – деді Мәжіліс депутаты. – Сол арқылы Елбасымыз көптеген өзекті әрі өткір мәселелерге нақты жауаптар қайтарды. Жолдауда көрсетілген мәселелердің барлығы «Ақ жол» партиясының көзқарасымен және ұстанымымен өте жақын келеді, бірдей деп айтуымызға болады. Сондықтан «Ақ жол» партиясы Президенттің Жолдауына толық қолдау білдіреді».
Азат Перуашевтің атап өтуінше, еліміздің экономикасы жаңа пішінге көшіп жатыр. Осы арқылы біздер жаһандық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы жаңа мүмкіндіктер жасаудамыз. «Мемлекет басшысы жария еткен «Нұрлы Жол» – жаңа экономикалық саясаты қазіргі кезде ел алдында тұрған қауіп-қатерлерді жаңа мүмкіндіктерге айналдыруға және ұлттық экономиканың түр-тұлғасын жаңа пішінге көшіруге бағытталған, – деді депутат осы жөнінде. – Президентіміз, әсіресе, ұлттық мәселелерге дөп тиетін мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды. Бұлар қазақстандықтардың ойы­нан шықты деген ниеттемін».
Депутат артта қалған эконо­микалық дағдарыс жылдарындағы ел жағдайынан да хабардар етіп өтті. «Біздің мемлекетіміз әлемдік экономикалық дағдарысы қыс­паққа алған 2008 жылдың өзінде индустрияландыру бағдарламасын қолға алып, жүзеге асыра бастады, – деді Азат Перуашев. – Бүгінде соның жемісін көріп келеміз. Экономиканың барлық салалары дамуда, жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Елімізде бұрын-соңды көз көр­меген тауарлар шығарылып жатыр. Бұрынғы өндіріс орындары заманауи техникамен, технологиямен жабдықталды. Осылайша, еліміздегі өндірістер бәсекелестікке қабілетті ірі өнер­кәсіпке айналып келеді».
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ұлттық қордың игілігін бүгінде ел көріп отырғандығын да атап өткен болатын. «Президентіміздің идеясымен құрылған Ұлттық қор бүгінгі таңда өзінің аса қажет екендігін дәлелдеді, – деді Мәжіліс депутаты осы жайында. – Ұлттық қордың құрылуына қатысты кезінде түрлі пікірлер айтылғаны әлі есімде. Мұнайдан түсетін ақшаны тұрғындарға таратып берейік, дегендер де болғанын жасыра алмаймыз. Әлгі қаржы қазақстандықтың әрқайсысына жылына 17 мың теңгеден келеді екен. Оны қазіргі кезде Ұлттық қордың ел экономикасын дамытуға қосып жатқан зор үлесімен салыстыруға келмейді ғой».
Брифинг барысында Азат Перуашев Қазақстан Президентінің Жолдауы қазақстандықтармен қатар, шетелдіктер тарапынан да үлкен қызығушылық тудырып отырғанын да атап өтті. «Маған кеше мәскеулік журналистер хабар­ласып, «Ақ жол» партиясының Президент Жолдауы жөніндегі көзқарасы мен пікірін сұрады», – деді ол. – Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауымен ресейліктер ғана емес, өзге де көптеген елдердің саясаткерлері, сарапшылары жан-жақты талдайды және танысады деген ойдамын.
 
Дерекнама - www.egemen.kz (Казахстан), 14.11.2014