«Ақ жол» ҚДП жаңа саяси бағдарламасының жобасы Қызылорда облыстық партия конференциясында мақұлданды

» Санат жоқ » «Ақ жол» ҚДП жаңа саяси бағдарламасының жобасы Қызылорда облыстық партия конференциясында мақұлданды

03.12.2014, 15:38

 

2014 жылдың 2 желтоқсан, «Ақ жол» ҚДП Қызылорда обылыстық филиалының баспасөз қызметі

2014 жылдың 23 қарашасы күні  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Студенттер сарайында» «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Қызылорда облыстық филиалының Партияның жаңа саяси бағдарламасының жобасы бойынша дауыс беру конференциясы өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – Алмас Ұзақұлы Тұртаев, Партияның Орталық Кеңесі төралқасының мүшесі Бөріхан Жолбарысұлы Нұрмұхамедов, Партияның Орталық Кеңесінің ұйымдастыру-бұқаралық жұмыстары жөніндегі хатшысы –  Ә.К. Сұлтанов және партия филиалының  ардагерлері мен белсенділері, орта және шағын кәсіп өкілдері, жастар мен студенттерден сайланған  делегаттар қатысты. 

Конференция жұмысын облыстық филиал төрағасы Асанов Өмірзақ Орынбекұлы ашып, облыстық филиалдың 2014 жылдағы атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жетістіктері туралы баяндама жасады.  Делегаттар тарапынан филиалдың жұмысына оң баға берілді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Ұ. Тұртаев президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға бағытталған ‘Нұрлы жол’ Жолдауымен таныстырды және ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясының және өзінің депутат ретінде атқарып жатқан жұмыстарына, оның ішінде заң шығармашылығы қызметі мен фракция мүшелерінің көтеріп жүрген проблемалық мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар, конференция делегаттары тарапынан берілген келелі ұсыныстарды қабылдап, қойылған сауалдарға нақты дәлелдермен негізделген жауаптар берді.

Жарыссөзге шыққан конференция делегаттары партияның қол жеткізген жетістіктері мен облыс аумағындағы әлеуметтік-саяси мәселелерге және партияның саяси бағдарламасына енгізілген өзгерістерге тоқтала келе, өз тараптарынан партия жұмысын әрі қарай жетілдіру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Конференцияның күн тәртібіндегі партияның жаңа саяси бағдарламасының жобасы бойынша делегаттар тарапынан жабық түрде дауыс берілуі арқылы қабылданды және партия қатарына кірген азаматтарға партия билеттері табысталып,  естелік суреттерге түсті.