07
Ақпан

Санат жоқ 07.02.2014

Депутат Нұрлан Жазылбеков жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды

7 ақпан 2014 жыл, «Ақ жол» ҚДП-ның Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз қызметі
6-7 ақпан күндері Парламент депутаты, Мәжілістегі «Ақ жол» ҚДП-сы фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков Ақтөбе қаласында екі күндік жұмыс сапарымен болды. Халық қалаулысы алғашқы кездесуін жергілікті кәсіпкерлермен өткізді. Онда Елбасы жолдауында айтылған кәсіпкерлікке қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Кездесуде «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов жер асты байлықтарын игеруші инвесторлардың иелегіндегі компаниялар жергілікті кәсіпкерлерді іске тарту кезінде көптеген олқылықтарға жол беріп отырғанын сөз етті. Жергілікті кәсіпкерлердің талап-тілектері де көп болды. Парламент депутаты Нұрлан Жазылбеков кәсіпкерлердің мәселелері «Ақ жол» ҚДП-сы фракциясының қадағалауында болатынын нақты атап өтті.

Одан кейін депутат сал ауруына шалдыққан науқастардың қоғамдық бірлестігі кеңсесінде болып, мүгедек жандардың мұң-мұқтажын тыңдады. Мүгедектер өздерінің ұсыныстарын жазбаша түрде табыс етті.

Ақпанның 6-сы күні кешкілік Мәжіліс депутаты Ақтөбедегі уақытша тергеу изоляторында болып, жазасын өтеп жатырғандармен кездесті. Нұрлан Жазылбеков бір қылмыскерді бағып-қағудың өзіне қазынадан қыруар қаражат жұмсалатыны белгілі. Бірақ, одан елге тиер пайда жоқ. Жазасын өтеушілерді үкіметке масыл етіп қоймай, олардың да «екі қолына бір күрек» тауып беру керек. Сондықтан осы мәселені бір жақты ету үшін де арнайы заңдарға өзгерістер еніп, қосымша бағдарламалар жүзеге асуы қажет деді.

Іссапардың екінші күні Парламент депутаты қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша «Ақ жол» ҚДП-сының Ақтөбе облыстық филиалы кеңсесінде қабылдады. Қабылдауға жиырмаға тарта адам келді. Олардың арасында қоғамның ащы дертіне айналып бара жатқан туберкулез сияқты аурумен күресу, жер алудағы заңсыздықтар сияқты мәселелер болды. Парламент депутаты Нұрлан Жазылбеков жеке сұрақтар бойынша қабылданған арыздардың барлығына нақты жауап тиісті орындардан алынатынын айтты.

«Тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалындағы кездесуде Нұрлан Жазылбеков жекелеген адамдардың қолжетімді баспанаға ие болу жағдайларымен танысты.

Депутат облыс әкімінің облыс тұрғындары алдындағы өткен есебін тыңдауға қатысты.

Облыстық сот төрағасымен болған кездесуде сот қызметкерлерінің жұмыс барысындағы мәселелері мен олардың әлеуметтік қорғалуы сөз болды.

Екі күнге арналған жұмыс сапарының барысында Нұрлан Жазылбеков облыс әкімімен кездесіп, көптеген мәселерді талқылап, «Рика» телекомпаниясының «Ашық әңгіме» бағдарламасына қатысты. Бағдарламада ол Елбасы жолдауында көрсетілген жобалардың іске асу барысын  әңгімелеп берді. Көрермендер де халық қалаулысына өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтар қойып, тікелей эфирден жауап ала алды.